Павлодар облыстық Кәсіподақтар үйінде «Богатырь көмір» ЖШС және «Майкубен-Вест» АҚ кәсіпорындарының келісу комиссиялары мүшелеріне арналған оқыту семинары өтті.
Шараны ашқан Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге және жұмыс орындарында қызметкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге шақырды. Облыстық сот пен Кәсіподақтар бірлестігі арасындағы Меморандум аясында семинарға Екібастұз қалалық сотының судьясы Әйгерім Ысқақова қатысып, еңбек дауларын шешудегі сот тәжірибесінің өзекті мәселелерін түсіндіріп өтті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы Заң клиникасы филиалының жетекшісі Марина Иванова Еңбек кодексінің 15-тарауы бойынша дәлелді шешімдер қабылдаудың практикалық дағдыларына тоқталды. Сондай-ақ, ол 2026 жылғы 7 сәуірдегі №277-VIII ҚР Заңына сәйкес еңбек заңнамасына енгізілген негізгі өзгерістерді талдап берді.
Семинар барысында азаматтық-құқықтық шартта еңбек шартының кемінде бір белгісі болса, мұндай шартты жасасуға тыйым салу, ұжымдық шарттың міндетті ережелерін кеңейту және еңбек кепілдіктеріндегі гендерлік айырмашылықтарды жою мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, қатысушылар өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру кезінде жұмыскерлердің құқықтары мен кепілдіктерін кеңейтуді, еңбек дауларын сотқа дейін реттеу тетігіне медиатор институтын енгізуді және қауіпті өндірістік нысандарда ереуіл кезінде орындалуы тиіс ең төменгі жұмыс көлемін белгілеуді талқылады. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейту және өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін анықтаудың бірыңғай қағидаларын бекіту мәселелері де басты назарда болды.
Оқыту соңында тестілеуден сәтті өткен қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.