Адам ғұмырының әрбір белесі мазмұнды істермен, елге сіңірген елеулі еңбекпен өрілсе - ол шынайы бақыт. Рахманберді Анарбайұлы 1956 жылы 19 мамырда Шымкент облысы, Алғабас ауданының «Екпінді» (Қызыл-көпір) елді мекенінде дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болып өскен ол Шымкент педагогикалық институтын «Тарих», «Қоғамтану» пәндерінің мұғалімі және «Тәрбие жөніндегі әдіскер» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Еңбек жолын Сарыағаш ауданындағы «Комсомол» орта мектебінде мұғалімдіктен бастаған ол, кейіннен Шымкент автомеханикалық техникумында (қазіргі Жол-көлік колледжі) комсомол комитетінің хатшысы, партия ұйымының хатшысы және «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер бірлестігінің» төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары маман 1992-2004 жылдар аралығында колледжде директордың оқу-тәрбие және тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымында жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне өлшеусіз үлес қосты. Ал 2004 жылдан бастап ұжымның бірізді қолдауымен оқытушылар мен қызметкерлер кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланып, ұзақ жылдар бойы еңбек адамының құқығын қорғау, оларға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында белсенді жұмыс жүргізді. Рахманберді Анарбайұлы тек білікті ұстаз ғана емес, сонымен қатар көптеген оқулықтар мен әдістемелік құралдардың авторы, қалалық және облыстық басылымдарда ұлттық құндылықтар мен патриоттық тәрбиені насихаттаған қоғам белсендісі. Оның білім саласы мен кәсіподақ ұйымына сіңірген еңбегі мемлекет деңгейінде жоғары бағаланды. Ол Еліміздің Тұңғыш Президенті мен ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Алғыс хаттарымен», Қазақстан Республикасының «Еңбек ардагері» медалімен, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағымен, «Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен» және Қазақстан кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ ардагері», «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» белгілерімен, сондай-ақ облыс, қала әкімдері мен мәслихаттардың көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталған. Бүгінде мерейтой иесі – өнегелі отбасының тірегі, жарымен бірге 1 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Балаларының барлығы жоғары білім алып, еліміздің әртүрлі саласында жемісті қызмет етуде. Ал аяулы немерелері ата жолын жалғап, өсіп-өніп келеді.