Астанадағы Балалардың құқықтарын қорғау орталығында «Бөбек» бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

Новости отраслей и регионов 25.05.2026

Астанадағы Балалардың құқықтарын қорғау орталығында «Бөбек» бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

Жуық арада Астана қаласы әкімдігінің Балалардың құқықтарын қорғау орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бастауыш кәсіподақ ұйымын құруға арналған құрылтай жиналысы өтті.

 

Кездесуге «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов қатысып, салалық кәсіподақтың негізгі бағыттары мен атқарып жатқан жұмыстары туралы кеңінен баяндады. Өз сөзінде ол кәсіподақ ұйымының қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаудағы рөліне тоқталып, еңбек дауларын шешу, құқықтық қолдау көрсету, сауықтыру шаралары, материалдық көмек пен түрлі әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берді. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелігінің артықшылықтары мен ұйым аясындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді.

Жиналыс барысында мекеме қызметкерлері бастауыш кәсіподақ ұйымын құру туралы бастаманы бірауыздан қолдап, ұжымдық бірліктің еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғауда ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Құрылтай жиналысының қорытындысы бойынша жаңадан құрылған «Бөбек» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып Ләззат Еспаева сайланды. Сондай-ақ кәсіподақ комитетінің құрамы бекітіліп, алдағы кезеңге арналған жұмыс бағыттары айқындалды.

Филиалдың Атқару комитетінің арнайы қаулысына сәйкес мекеме ұжымы «Бөбек» бастауыш кәсіподақ ұйымы ретінде салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының құрамына ресми түрде қабылданды.

«Қызмет» кәсіподағы филиалының өкілдері мекеме қызметкерлеріне кәсіподаққа білдірген сенімі үшін алғыс айтып, алдағы уақытта бірлескен жұмыстар еңбек қатынастарын жетілдіруге, қызметкерлердің құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға өз үлесін қосатынына сенім білдірді.

Айта кету керек, 2026 жылғы 23 қаңтарда Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы өз жұмысын ресми түрде бастаған болатын. Басқарманың негізгі мақсаты – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету, сондай-ақ отбасы мен балаға қолдау көрсету бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.