Сәрсенбі, 27 мамырда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы (ХКК) Бас кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталин бейнеконференция форматында өткен ХКК Бас кеңесінің кезекті отырысына қатысты.
Жиын барысында 2027 жылдың қарашасында Вена қаласында «Құқықтар үшін күрес. Кәсіподақтар күшін арттыру» ұстанымымен өтетін Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының 7-ші Дүниежүзілік конгрессіне дайындық мәселелері жан-жақты талқыланды.

Бас кеңес мүшелері Конгресстің басты құжаты — Мәлімдеменің алғашқы жобасын қарады. Бұл құжат дүниежүзілік кәсіподақ қозғалысының еңбеккерлердің құқығын қорғау, демократияны нығайту, әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу, теңсіздіктің өсуіне қарсы тұру, сондай-ақ корпоративтік қысым мен еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу мәселелері бойынша біртұтас ұстанымын айқындайды.
Отырыста жұмысшылардың еркін бірігуі мен ұжымдық келіссөз жүргізу құқығын қорғауға, лайықты еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге, климаттық және технологиялық өзгерістер кезеңіндегі әділ әлеуметтік ауысуға, жаһандық шешімдер қабылдау үдерісінде кәсіподақтардың ықпалын арттыруға, халықаралық ынтымақтастық пен демократиялық институттарды нығайтуға баса назар аударылды.
Қатысушылар ХКК-ның Конституциялық түзетулері жөніндегі жұмыс тобының баяндамасын тыңдады. Онда ұйымды басқару тетіктерін жетілдіру, сайлау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының институционалдық тұрақтылығын нығайту мәселелері көтерілді.
Күн тәртібі аясында 7-ші Дүниежүзілік конгресстің бағдарлама жобасы таныстырылды, сонымен қатар ұйымның қаржылық мәселелері, Конгресс комитеттерін дайындау және халықаралық кәсіподақ қозғалысының өзекті бағыттары сарапқа салынды.

Жиын қорытындысында дүниежүзілік кәсіподақ қозғалысының әлеуметтік әділеттілік, халықаралық ынтымақтастық қағидаттарына беріктігі, сондай-ақ еңбек құқығын қорғап, жұмысшылардың мүддесін әлем бойынша алға тартуға дайын екендігі тағы бір мәрте расталды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтық коммуникация орталығына отырыс барысы жайлы пікір білдіре отырып, жаһандық сын-қатерлер жағдайында ХКК-на мүше ұлттық кәсіподақ орталықтарының бірлесіп жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті. Ол лайықты еңбек пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде, еңбеккерлердің мүддесін қорғауда халықаралық және ұлттық деңгейдегі кәсіподақтардың рөлін одан әрі күшейту қажеттігіне тоқталды.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы