Маңғыстауда салалық кәсіподақтың 30 жылдық мерейтойы атап өтілді

Новости отраслей и регионов 29.05.2026

Маңғыстауда салалық кәсіподақтың 30 жылдық мерейтойы атап өтілді

Ақтау қаласында «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «Кәсіподақ күші – бірлікте» атты форум және Мәдениет пен өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Іс-шараға мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласының қызметкерлері, кәсіподақ ардагерлері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, әлеуметтік әріптестер мен сала мамандары қатысты.

 

 

Форум барысында кәсіподақ қозғалысының қоғамдағы рөлі, еңбек адамының мәртебесі, әлеуметтік әріптестікті дамыту және сала қызметкерлерінің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар кеңінен талқыланды.

Салтанатты жиында «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ Маңғыстау облыстық филиалының төрайымы Шара Чуакова сөз сөйлеп, кәсіподақ ұйымының атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттеріне тоқталды.

Сондай-ақ форумда Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия төрағасы Пәния Сармурзина, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Жаңабай Аймағанбетов, «Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Ибрагимбек Науханов құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақ ұйымдарының еңбек адамының құқығын қорғаудағы маңызын атап өтті.

Шара аясында мәдениет саласының ардагерлері мен белгілі тұлғалары да қатысып, ізгі тілектерін білдірді.

Форум барысында кәсіподақ саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар арнайы төсбелгілермен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар мәдениет, спорт және ақпарат саласының үздік қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.