Абай облысында «Спартак» стадионының бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

Новости отраслей и регионов 01.06.2026

Абай облысында «Спартак» стадионының бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

Жуық арада Абай облысы, Семей қаласының Дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Спартак» стадионы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымы бастауыш кәсіподақ ұйымын құрып, 26 мүшемен «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы құрамына қабылданды.

 

Осыған орай облыстық филиал төрағасы Гүлнар Оразбекова мен облыстық кәсіподақтар орталығының заңгері Сұлтанбек Оралбеков жаңадан құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Злиман Кундақпаевамен кездесу өткізді. Кездесу барысында құқықтық және әдістемелік көмек көрсетіліп, ынтымақтастық туралы келісім мен Ұжымдық шартқа қол қойылды.

 

Жиын барысында облыстық кәсіподақтар орталығының заңгері Сұлтанбек Оралбеков Ұжымдық шарттың негізгі бөлімдеріне тоқталып, мекеме қызметкерлері мен жұмыс беруші арасындағы еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жасалатын еңбек шарты негізінде жүзеге асырылатынын атап өтті. Сондай-ақ ұжымдық шартта тараптардың құқықтары мен міндеттері айқындалып, өзара жауапкершіліктің күшейтілгені жөнінде түсінік берді.

 

Өз кезегінде облыстық филиал төрағасы Гүлнар Оразбекова Ұжымдық шарттың 3-тарауында қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктері қарастырылғанын айтты. Атап айтқанда, жұмыс беруші қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын береді және мемлекеттік мекемелердің, қазыналық кәсіпорындардың, сондай-ақ шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың барлық санаттағы қызметкерлеріне, оның ішінде біліктілігі жоқ жұмысшыларға да, еңбек демалысы кезеңінде бір айлық жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленетінін түсіндірді.

 

Сонымен қатар, Семей ядролық сынақ полигонының әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын және еңбек ететін барлық қызметкерлерге, «зардап шеккен адамның куәлігі» бар-жоғына қарамастан, сондай-ақ 1991 жылдан кейін туған азаматтарды қоса алғанда, жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс берілетіні айтылды. Қосымша демалыстың ұзақтығы «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы талаптарына сәйкес белгіленеді.

 

Кездесу соңында Гүлнар Оразбекова кәсіподақ қозғалысының еліміздегі еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы маңызды рөліне тоқталып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының мол тәжірибесі бар, халықаралық деңгейде тығыз байланыс орнатқан беделді ұйым екенін атап өтті. Сондай-ақ жаңадан құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымының алдағы жұмысына табыс, береке және сәттілік тіледі.