Қазақстан мен Францияның ұлттық кәсіподақ орталықтары ынтымақтастықты нығайтуда

Новости Федерации 02.06.2026

Қазақстан мен Францияның ұлттық кәсіподақ орталықтары ынтымақтастықты нығайтуда

Дүйсенбі күні, 1 маусымда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған қазақстандық ресми делегация француз тарапының шақыруымен Францияның жалпы еңбек конфедерациясының (CGT) 54-конгресі жұмысына қатысты.

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Францияның жалпы еңбек конфедерациясы Конгресіне жолдаған құттықтау үндеуінде CGT-нің кәсіподақ қозғалысын дамыту мен нығайтуға қосқан елеулі үлесін, жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаудағы дәйекті қызметін, сондай-ақ ынтымақтастық, демократия және әлеуметтік диалог қағидаттарына адалдығын атап өтті.

Конгрестің жұмысы туралы Кәсіподақтық коммуникациялар орталығына берген сұқбатында Қазақстанның кәсіподақ көшбасшысы Конгресс барысында қабылданған шешімдер Франция кәсіподақтарының одан әрі дамуына және олардың қоғамдағы рөлін нығайтуға ықпал ететінін айтты.

 

«Қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында кәсіподақтардың жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаушы, сондай-ақ әлеуметтік әділеттілік пен лайықты еңбекті ілгерілетуші ретіндегі рөлі ерекше маңызға ие болуда. Конгресс ынтымақтастықты, әділеттілікті және жұмыскерлерді әлеуметтік қорғауды нығайтудың жаңа кезеңіне айналады. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жұмыскерлердің құқықтарын қорғау және халықаралық кәсіподақтық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан мен Францияның ұлттық кәсіподақ орталықтары арасындағы өзара тиімді әріптестіктің одан әрі кеңейіп, тереңдей түсетініне сенімділігін білдірді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

 

Конгресс аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы бастаған қазақстандық делегация шетелдік әріптестерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Қазақстанның кәсіподақ көшбасшысы Сатыбалды Дәулеталин мен Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Эстер Линч жаһандық кәсіподақтық күн тәртібін талқылап, өндірісті автоматтандыру, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жағдайында кәсіподақ қауымдастықтарының еңбек нарығындағы заманауи сын-қатерлерге дайындығы мәселелеріне ерекше назар аударды. Еске сала кетейік, Жалпыеуропалық өңірлік кеңес Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы әзірлеген «Жасанды интеллектіні қолдану кезеңінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау стандарты» жобасын қорытынды құжаттың негізі ретінде қабылдаған болатын.

Әріптесі CGT Бас хатшысы Софи Бинемен өткен кездесуде ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан мен Францияның ұлттық кәсіподақ орталықтары арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыту жөнінде уағдаласты. Жақын уақытта кәсіподақ қызметінің бірқатар бағыттары бойынша екіжақты кеңестер ұйымдастырылып, тараптар тәжірибе мен кәсіподақтық тәжірибе алмасудың тұрақты тетіктерін жолға қою ниеттерін білдірді.

Софи Бине 2023 жылдан бері CGT Бас хатшысы қызметін атқарады. Ол Конфедерацияның 53-конгресінде сайланып, ұйым тарихындағы Бас хатшы лауазымына тағайындалған алғашқы әйел.

Сондай-ақ Конгресс алаңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Нидерланд ұлттық кәсіподақ орталығының және Араб кәсіподақтары конфедерациясының өкілдерімен кездесулер өткізді.

Жалпы еңбек конфедерациясы (CGT) – Франциядағы құрамында 640 мыңнан астам мүше бар ең көне әрі ең ықпалды кәсіподақ бірлестіктерінің бірі. Бұдан 130 жыл бұрын CGT XIX ғасырдың соңындағы француз жұмысшылары қозғалысының түрлі бағыттарын біріктіру нәтижесінде құрылған. Конфедерация Франция жұмысшылары қозғалысының тарихында маңызды рөл атқарды: жалпыұлттық ереуілдер, әлеуметтік реформалар, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қарсылық қозғалысы, XXI ғасырдағы зейнетақы және еңбек реформаларына қарсы күрес.

 

1999 жылы Конфедерация Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясының құрамына енді, ал 2000 жылы Францияда аптасына 35 сағаттық жұмыс уақытын бекіткен жаңа Еңбек кодексі күшіне енді. Бұл француз еңбек заңнамасының дамуындағы маңызды кезең болды.

Қазіргі уақытта CGT құрамына салалық федерациялар (металлургия, көлік, энергетика, мемлекеттік қызмет және т.б.), сондай-ақ аумақтық бірлестіктер (департаменттер мен өңірлер) кіреді.

Францияның Жалпы еңбек конфедерациясының 54-конгресі 31 мамыр мен 5 маусым аралығында Францияның Тур қаласында өтуде. Оның жұмысына әлемнің 70-тен астам елінен келген 120 халықаралық делегат және Конфедерацияның 1000-нан астам өз өкілдері Францияның барлық өңірлерінен делегаттар қатысуда.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникациялар орталығы