Ақтөбеде әлеуметтік әріптестік және ұжымдық шарт мәселелері талқыланды

Branch and Regional News 21.05.2026

Ақтөбеде әлеуметтік әріптестік және ұжымдық шарт мәселелері талқыланды

Ақтөбе облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде «Евразия Геохим Техинжиринг» ЖШС компаниясының басшысы Ян Сюйминмен жұмыс кездесуі өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – әлеуметтік әріптестікті нығайту, тараптар арасындағы өзара іс-қимылды дамыту, еңбек ұжымындағы әлеуметтік-еңбек мәселелерін талқылау және ұжымдық шартқа енгізілетін өзгерістер бойынша ұсыныстарды қарау болды.


Кездесу барысында Ақтөбе облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Ізбасар Кенжебай қазіргі заманғы кәсіподақтардың қызметі тек еңбек құқықтарын қорғаумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіподақтардың негізгі міндеттерінің бірі – жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту, қызметкерлермен тұрақты кері байланыс орнату және еңбек даулары мен жанжалдарының алдын алуды ерте кезеңнен қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен қатар, ұжымдық шарттағы әлеуметтік кепілдіктерді жетілдіру мәселелеріне назар аударылды.


Сондай-ақ, балалардың жазғы сауықтыру лагерлеріне жолдама құнын Компания бюджеті есебінен, Дирекция шешімі негізінде төлеу мүмкіндігін қарастыру, жұмысшылардың шипажай-сауықтыру орындарына баруына қолдау көрсету және қызметкерлерге берілетін әлеуметтік жеңілдіктерді кеңейту мәселелері талқыланды.


Жиынға «Ынтымақ» салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалының төрағасы Исламғали Бітік қатысып, бастауыш кәсіподақ ұйымымен бірлескен жұмыс еңбек ұжымындағы тұрақтылықты сақтауға және әлеуметтік мәселелерді тиімді шешуге оң әсер ететінін жеткізді.


Өз кезегінде «Евразия Геохим Техинжиринг» ЖШС компаниясының басшысы Ян Сюймин кәсіподақ тарапынан айтылған ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын айтып, қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайларын жасау және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.


Кездесу қорытындысында тараптар әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту, ұжымдық шартты жетілдіру және қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.