Кәсіподақ семинары цифрлық білім мектебіне айналды

Branch and Regional News 26.05.2026

Кәсіподақ семинары цифрлық білім мектебіне айналды

Білім беру қызметкерлері кәсіподағы Ойыл аудандық ұйымының бастамасымен «Жасанды интеллект — кәсіподақ жұмысын дамытудың жаңа мүмкіндігі» тақырыбында аудандық семинар-кеңес ұйымдастырылды. Шараға аудан мектептерінің мұғалімдері, кәсіподақ белсенділері мен білім беру саласының мамандары қатысты.

 

Семинардың мақсаты — жасанды интеллект мүмкіндіктерін кәсіподақ қызметіне енгізу, цифрландыру арқылы ұйым жұмысын жетілдіру және тәжірибе алмасу.

Шараны білім беру қызметкерлері кәсіподағы Ойыл аудандық ұйымының төрайымы Гүлмира Ізбағамбетова ашып, семинардың маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде ол қазіргі цифрлық дәуірде жасанды интеллект қоғамдық өмірдің барлық саласына белсенді түрде еніп, кәсіподақ қызметі үшін де жаңа мүмкіндіктер ашып жатқанын атап өтті.

Шара барысында қатысушылар кәсіподақ жұмысында жасанды интеллект пен цифрлық платформалардың тиімділігі туралы пікір алмасып, жұмыс сапасын арттырудағы заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар, ақпарат алмасуды жылдамдату, құжат айналымын жеңілдету және қызметті тиімді ұйымдастыру жолдары талқыланды.

 

Семинар практикалық сабақтармен жалғасып, оның барысында қатысушылар смартфон арқылы AI (жасанды интеллект) құралдарын пайдалану жолдарын меңгерді. Практикалық алаңда заманауи цифрлық платформаларды күнделікті кәсіподақ қызметінде қолдану бағыттары көрсетілді.

Семинардың екінші бөлігі табиғат аясында өтіп, еркін нетворкинг форматында жалғасты. Қатысушылар топтық талқылаулар ұйымдастырып, жасанды интеллектіні кәсіподақ қызметіне енгізу бойынша өз ұсыныстарын білдірді.