«Ақмола облысының кәсіподақ орталығы» аймақтық бірлестігінің басшысы Қали Рахметов «Қалың қалай , бастауыш ұйым» акция аясында «Родник» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Сапар барысында ол жергілікті кәсіподақ ұйымының атқарып жатқан жұмыстарымен танысып, зауыт еңбеккерлерінің жұмыс жағдайын өз көзімен көрді.

Кәсіпорында соңғы үш жыл ішінде жұмысшылардың айлығы 75 пайызға өскен. Бұл – екіжақты әріптестікті дамыту мен еңбек жағдайын жақсарту жолында жасалған жүйелі жұмыстардың нақты жемісі.
Жұмыс сапары кезінде кәсіподақ басшысы өндіріс орындарын аралап, жұмыс үдерісінің қалай ұйымдастырылғанын және еңбек қауіпсіздігінің жай-күйін тексерді. Әсіресе, еңбек заңдылықтарының бұлжытпай сақталуы, айлықтың уақытылы берілуі және мекеме басшылығы мен кәсіподақ ұйымының өзара тығыз байланысы ерекше назарға алынды.

Сонымен қатар, кәсіпорынның жұмысшы ұжымымен және кәсіподақ белсенділерімен арнайы кездесу өтті. Еркін форматтағы әңгімелесу барысында жұмысшылар өздерін мазалаған өзекті мәселелерді ашық айтты. Олар еңбек жағдайы, әлеуметтік көмектер, еңбек демалысының берілуі, қауіпсіздік ережелері және жұмысшы құқығын қорғаудағы кәсіподақтың рөлі туралы сұрақтарын қойды. Жұртшылық тарапынан түскен әрбір сұраққа егжей-тегжейлі жауап беріліп, құқықтық кеңестер берілді.

Қали Рахметов кәсіподақ мүшелерімен әрдайым тығыз байланыста болудың маңызды екенін атап өтті. Ол бастауыш ұйымның белсенді жұмысы – ұжымдағы тұрақтылықтың, өзара татулықтың және әрбір еңбек адамының құқығын қорғаудың басты кепілі екенін баса айтты.