Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына қарасты «Келешек» жастар кеңесі кеңейтілген құрамда онлайн-отырыс өткізді. Оған аумақтық кәсіподақ бірлестіктері мен әр саланың «Келешек» жастар кеңестері қатысты. Басқосуға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев те арнайы қатысты.

Ол өз сөзінде ҚРКФ-ның алдағы жоспарлары мен басты бағыттарын жіпке тізгендей айтып берді, сондай-ақ кәсіподақ қозғалысын өркендетуде жастардың алар орны ерекше екенін айтты.
Әсіресе, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің сөзіне ерекше мән берілді. Ол: «Жастар — тек еліміз бен кәсіподақтың ертеңгі болашағы ғана емес, олар — бүгінгі күннің негізі. Өйткені жаңа идеялар мен тың бастамаларды қазірдің өзінде-ақ өмірге әкеліп жатқан осы жастар», — деген болатын.

Кездесу барысында жиналғандар Кәсіподақтар федерациясының жастар саясаты қалай жүзеге асып жатқанын ортаға салып, алдағы жоспарларды пысықтады. Сондай-ақ жастардың кәсіподақ ісіне белсене араласуын арттыруды көздейтін «Кәсіподақ елшілері» жобасын талқылады.
Жас кәсіподақ көшбасшылары жастар бағытын дамыту, аймақтар мен салалық құрылымдар арасындағы байланысты нығайту, сонымен қатар жастармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін ілгерілету төңірегінде өзара ұсыныс тастап, идеяларымен бөлісті.

Кәсіподақ жастары тек алға ұмтылуға, жаңа жобаларды өмірге енгізуге және еліміздің қоғамдық әрі кәсіподақ өміріндегі жас қызметкерлердің рөлін арттыруға бейілді.