Сапалы қызмет – басты меже: Қызылордада үздік мемлекеттік қызметшілер іріктелді

Branch and Regional News 28.05.2026

Сапалы қызмет – басты меже: Қызылордада үздік мемлекеттік қызметшілер іріктелді

Қызылордада «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» республикалық конкурсының өңірлік кезеңі қорытындыланып, халықтық дауыс беру кезеңіне жолдама алған үміткерлер анықталды.

Аталған байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, сала қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру және халықпен жұмыс істеудегі клиентке бағдарланған қағидаттарды нығайту болып табылады.

 

Конкурсқа қатысушыларды бағалау мақсатында Департамент жанынан Өңірлік комиссия құрылып, оның құрамына Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева енгізілді.

Комиссия мүшелері үміткерлердің кәсіби даярлығы мен жұмыс тәжірибесіне ғана емес, азаматтармен қарым-қатынас мәдениетіне, тұрғындардың мәселелерін шешуге жәрдемдесу қабілетіне, қызмет көрсету барысында қолайлы жағдай қалыптастыру және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытындағы бастамаларына ерекше назар аударды.

Майра Боранбаеваның айтуынша, бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінде кәсібилікпен қатар, халықпен тиімді коммуникация орнату, әр азаматтың сұранысына жауапкершілікпен қарау аса маңызды.

Айта кетейік, конкурсқа қатысу үшін барлығы 22 үміткерден өтінім қабылданып, олардың құжаттары мен бейнематериалдары арнайы іріктеуден өткізілді. Әңгімелесу кезеңінде қатысушылар өздерінің кәсіби жетістіктері мен тәжірибелерін комиссия мүшелеріне таныстырды.

Іріктеу нәтижесінде өңірлік комиссия халықтық дауыс беру кезеңіне 5 үміткерді жолдады. Енді үздіктерді тұрғындардың таңдауы анықтайды.