Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының 55 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Branch and Regional News 28.05.2026

Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының 55 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Ақтөбе облыстық көпсалалы балалар ауруханасы, яғни бастауыш кәсіподақ ұйымы өзінің 55 жылдық мерейтойына арнап ауқымды мерекелік шаралар топтамасын ұйымдастырды. Осы игі бастамалардың бірегейі ретінде «Педиатриялық қызметтің өңірлік жүйесі: 55 жылдық даму, инновациялар және кәсіби өсу» атты халықаралық қатысумен өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияны ерекше атап өтуге болады.

Ауқымды шара Қазақстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің жетекші мамандарын, ғалымдары мен тәжірибелі дәрігерлерін бір алаңға тоғыстырып, педиатрия саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және балалар денсаулығын сақтау қызметінің болашақ даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

 

Конференция барысында профессорлар ғылыми баяндамалар жасап, медицина саласындағы заманауи тәсілдер мен озық тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар Ресей мен Өзбекстаннан келген әріптестер де өз баяндамаларын ұсынып, халықаралық тәжірибе алмасуға үлес қосты.

 

Іс-шараның салтанатты бөлімінде денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер марапатталды. Облыстық мәслихат төрағасы Гүлкасима Сүйінтаева атынан және Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет атынан Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев атынан грамоталар мен «Ақтөбе денсаулық сақтау үздігі» мерейтойлық медальдары тапсырылды.

 

Денсаулық сақтау салалық кәсіподағының «Qamqor» ұйымы төрағасы Қайрат Сабыр атынан да медальдар мен арнайы марапаттар табысталды.

Мерейтой аясында облыстық көпсалалы балалар ауруханасының бастауыш кәсіподақ ұйымының да 55 жылдығы аталып өтті. Ұжым қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге, еңбек адамдарының құқықтарын қорғауға және ұйымшыл ұжым қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан кәсіподақ ұйымының еңбегі ерекше атап өтілді.