29 мамыр, жұма күні ҚРКФ орталық кеңсесінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Астанаға жұмыс сапарымен келген Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының Төрағасы Мурадил Джумадилде уулумен жүздесті.
Келіссөздер барысында тараптар Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар конфедерациясы мен Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы шеңберіндегі ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жастар саясаты, ұжымдық-шарттық реттеу және кәсіподақ қызметін цифрландыру саласындағы бірлескен бастамаларды ілгерілету жайы сөз болды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин соңғы жылдары Орталық Азия өңіріндегі кәсіподақ ұйымдарының өзара іс-қимылы сапалы деңгейге көтерілгенін атап өтті.
«Меніңше, біздің кездесулеріміз жиілеп қана қоймай, мазмұнды бола түсті. Бұл – өте маңызды үдеріс. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі көптеген жылдар бойы аймақ кәсіподақтары арасында мұндай деңгейдегі өзара байланыс іс жүзінде болған жоқ. Бүгінде жағдай өзгеруде. Біз Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар конфедерациясы мен Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы шеңберінде еркін жұмыс істеп жатырмыз, аймақтық бірігу үдерісі де күшейіп келеді. Ең бастысы – біз халықаралық кәсіподақ майданында өз ұстанымдарымызды бірлесе қалыптастырып үлгердік», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Қазақстандық кәсіподақ басшысының айтуынша, қатардағы еңбек ұжымдарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдары, жастар кеңестері мен әйелдер комиссиялары арасындағы тікелей байланыстарды нығайтудың орны бөлек.
«Біз үшін тек басшылар деңгейіндегі өзара іс-қимыл емес, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының, жастар кеңестерінің, әйелдер комиссияларының тығыз араласып, тікелей жұмыс істеуі маңызды. Қырғыз әріптестерімізде біз үшін пайдалы тәжірибелер бар. Бізде де Қырғызстанда сұранысқа ие болуы мүмкін тәжірибе жетерлік. Дәл осындай тәжірибе алмасу қазіргі заманға сай кәсіподақ ортасын қалыптастырады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ Төрағасы аймақтағы кәсіподақтар өздерінің даму жолын ешкімге жалтақтамай, өздері белгілейтінін және жұмысшылардың мүддесін бірлесіп қорғайтынын алға тартты.
«Бүгін біз ашық әрі нық айта айтамыз. Біз өз мақсатымызды өзіміз белгілейміз, жоспарымызды өзіміз құрамыз және жұмысшылардың игілігі үшін алға жылжимыз. Бізге мықты әріптестер мен сенімді одақтастар керек. Кәсіподақтар еңбек адамдарының құқығы мен мүддесін шынайы қорғай алатын деңгейге тек бірлесіп қана жете алады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстанның кәсіподақ жетекшілері экономиканы цифрландыру және еңбек саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелерін де назардан тыс қалдырмады.

Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясы қазіргі уақытта ауқымды цифрлық жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырып жатқанын және 2030 жылға қарай кәсіподақтардың толыққанды цифрлық ортасын қалыптастыру міндетін қойып отырғанын хабарлады.
«Біз Қазақстан Кәсіподақтар федерациясын цифрландыру тұжырымдамасын қабылдадық. Мақсатымыз – 2030 жылға қарай заманауи цифрлық жүйе құрып, толықтай цифрлық кәсіподаққа айналу. Бұл – үлкен техникалық, ұйымдастырушылық және әдістемелік жұмысты қажет ететін күрделі үдеріс. Біз бұл мәселемен күнделікті айналысып жатырмыз. Қазақстанда биылғы жыл Жасанды интеллект және цифрландыру жылы болып жарияланды, сондықтан жаңа технологиялар кәсіподақ жұмысына да белсенді еніп жатыр. Біз еңбек үдерісінде жасанды интеллект қолданылған кезде жұмысшылардың құқығы бұзылмауы үшін арнайы қорғау стандарттары мен ұсыныстарын әзірледік. Бұл ережелер кәсіпорындардағы ұжымдық шарттарға енгізілуі тиіс. Бүгінде цифрландыру өте тез дамып келеді, ал кәсіподақтың басты міндеті – технологияның дамуы қызметкерлерді әлеуметтік қорғау деңгейін төмендетіп жібермеуін қадағалау», – деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.
Осы орайда, үстіміздегі жылдың қазан айында Астанада өтетін «Цифрландыру және еңбек» атты халықаралық кәсіподақ форумының маңызы зор екені айтылды.
«Форумда Астана декларациясы қабылданады деп күтілуде. Бұл құжат еңбек саласындағы цифрландыру мен жасанды интеллектіні реттеудің негізгі жолдарын айқындайды. Біз ұсынатын шешімдер тек Орталық Азия елдеріне ғана емес, жалпы әлемдік кәсіподақ қауымдастығына да пайдалы болады деп сенеміз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Өз кезегінде Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының Төрағасы Мурадил Джумадилде уулу екі ел арасындағы байланыстың тұрақты дамып келе жатқанын және аймақтағы кәсіподақтар арасында үлкен сенім қалыптасқанын атап өтті.
«Біздің ынтымақтастығымызға екі жылдан асты. Женевадағы бірлескен жұмысымыз бен Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар конфедерациясы аясындағы іс-қимылымыз осы серіктестіктің негізін қалады. Бүгінде біз жүйелі жұмыс құрып жатырмыз»,– деді Мурадил Джумадилде уулу.
Ол Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясы ұйымдық даму және халықаралық кәсіподақ қауымдастығына қосылу ісінде Қазақстанның тәжірибесін тереңірек зерделеуге ниетті екенін білдірді.

«Қазақстан бүгінде кәсіподақ жүйесін дамытуда, халықаралық байланыстар орнатуда және цифрлық трансформацияда үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Бізге қазақстандық әріптестердің қолдауы өте қажет, әсіресе Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясында өзімізді танытып, ұстанымымызды нығайту үшін маңызды. Нәтиже бір күнде келмейтінін түсінеміз, бірақ қазақстандық кәсіподақтардың жүріп өткен жолы біз үшін маңызды бағдар болмақ», – деп мәлімдеді Қырғызстан кәсіподақ жетекшісі.
Кездесуде тараптар жастар саясаты және жас қызметкерлер мен студенттер арасында кәсіподақтың беделін арттыру мәселесіне де арнайы тоқталды.
Мурадил Джумадилде уулуның айтуынша, қазіргі жастар кәсіподақтың немен айналысатынын және оның еңбек құқығын қорғаудағы маңызын жете түсіне бермейді.
«Бүгінде көптеген жастар кәсіподақты тек мәдени шаралар ұйымдастыратын немесе сыйлық тарататын ұйым деп ойлайды. Олар кәсіподақтың ең басты міндеті – жұмысшы құқығын қорғау екенінен бейхабар. Сондықтан бұл түсінікті өзгертуіміз керек. Жастармен белсенді жұмыс істеп, елдеріміздің жастар кеңесі арасындағы байланысты дамыту қажет. Сондай-ақ үздік бастауыш ұйымдар мен үздік ұжымдық шарттар байқауын жалғастырып, жаңа буынды кәсіподақ қозғалысына тартуымыз маңызды», – деді ол.
Қазақстан мен Қырғызстанның ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары Түркі мемлекеттерінің кәсіподақ ұйымы арасында халықаралық, спорттық және мәдени шаралар өткізуді де сөз етті. Оның ішінде, осы жылдың қыркүйек айында Қазақстанда өтетін түркі мемлекеттерінің кәсіподақтары арасында бірінші халықаралық футзал турниріне дайындық барысы талқыланды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстанның ұлттық кәсіподақ орталықтарының жетекшілері серіктестікті одан әрі кеңейтуге, білім беру және цифрлық жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ халықаралық ұйымдар деңгейінде жұмысшылардың құқығын бірлесе қорғауға уағдаласты.

Қырғызстан тарапы серіктестікті нығайта түсу үшін Сатыбалды Дәулеталинді Қырғызстанға ресми сапармен келуге шақырды.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы