Түркістан облысындағы Сайрам аудандық емханасында еңбек қауіпсіздігі мен қызметкерлердің құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған семинар өтті. Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығын арттыруды көздеген семинарға мекеме ұжымы, сала мамандары мен кәсіподақ өкілдері белсенді қатысты.

Жиынның басты қонағы ретінде арнайы келген «Түркістан облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айдар Бахтыбаев күн тәртібіндегі ең өзекті тақырыптарды ортаға салып, қатысушылармен ашық әрі еркін форматта пікір алмасты.Ол өз сөзінде әрбір жұмыс орнында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың, жазатайым оқиғалардың алдын алудың қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.Әсіресе, жауапкершілігі ауыр медициналық мекемелердегі еңбек гигиенасы мен техникалық қауіпсіздіктің заманауи талаптарға сай болуын басты назарда ұстау қажеттігін айтты.«Еңбек адамының өмірі мен денсаулығы - біз үшін ең басты құндылық.Жұмыс орнында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және қызметкерлердің құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету - кәсіподақтардың тікелей міндеті әрі басты мақсаты», - деп атап өткен Айдар Бахтыбаев кәсіподақ ұйымдарының еңбек адамдарының заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарып жатқан ауқымды жұмыстарымен бөлісті.

Семинардың ең әсерлі әрі салтанатты сәті жиын соңында орын алды.Медицина саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, аймақтың денсаулық сақтау жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан Асия Камбароваға ерекше құрмет көрсетілді.Көпжылдық жемісті еңбегі, жоғары кәсібилігі және саладағы белсенді қоғамдық қызметі үшін оған салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасы мен «Дара қызметі үшін» медалі салтанатты түрде табыс етілді.Өз кезегінде марапат иесінің қажырлы еңбегі мен кәсіби жетістіктеріне сүйсінген әріптестері де ақжарма тілектерін жаудырып, ыстық лебіздерін білдірді.

Осылайша, еңбек құқығын қорғауды талқылаған жиын өз ісіне адал жандарды ұлықтаған салтанатты сәтпен түйінделіп, медицина қызметкерлеріне үлкен жігер мен кәсіби мақтаныш сезімін ұялатты.
