ҚРКФ Жарғысы

Кәсіподақтар федерациясының негізгі құрылтай құжаты

«Qazaqstan Respýblikasy Kàsipodaqtar federatsiasy»
Respýblikalyq Kàsipodaqtar birlestiginin

ЖАРҒЫСЫ

І. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1. «Qazaqstan Respýblikasy Kàsipodaqtar federatsiasy» Respýblikalyq Kàsipodaqtar birlestigi (бұдан әрі – Федерация) салалық кәсіптік одақтармен өзге ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылады. 

Салалық кәсіптік одақтарды (бұдан әрі – салалық кәсіподақтар), аумақтық (облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана деңгейіндегі) кәсіподақтар бірлестіктерін біріктіреді.

2. Федерация республикалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікте қызметкерлердің, мүшелік ұйымдардың өкілетті өкілі болып табылады және Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының «Кәсіптік одақтар туралы» заңына және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей принциптері мен нормаларына, осы Жарғыға сәйкес жұмыс істейді.

3. Федерация өз қызметін өзіне мүшелік ұйымдардың ұстанымы және қалауына сәйкес келесі принциптерге сәйкес жүргізеді:

  • 1) Федерацияға кірудің және одан шығудың еріктілігі;

  • 2) Қызметтегі дербестік, мүшелердің тең құқылығы, әріптестік, диалог және ынтымақтастық;

  • 3) Федерация органдарының жұмысындағы алқалылық, сайланбалылық, жариялылық, олардың мүшелік ұйымдар мен Федерация съезі алдында тұрақты есеп беруі;

  • 4) Мүшелік ұйымдардың міндеттері мен құқықтарының теңдігін сақтау;

  • 5) Ортақ міндеттерді іске асыруда мүше ұйымдар іс-қимылдарының бірлігі;

  • 6) Федерация Жарғысы мен органдарының шешімдерін мүшелік ұйымдардың міндетті түрде орындауы негізінде жүргізеді.

Федерация өз қызметінде мемлекеттік билік органдарынан, жұмыс берушілерден және олардың бірлестіктерінен (қауымдастықтар, ұйымдар), саяси партиялардан және басқа қоғамдық бірлестіктерден тәуелсіз, оларға есеп бермейді және олардың бақылауында болмайды.

4. Федерация Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің кәсіподақтарымен (кәсіподақтар бірлестіктерімен) ынтымақтастық жасайды, жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында жұмыс істейтін 2 халықаралық кәсіподақтарға және басқа да қоғамдық бірлестіктерге мүше бола алады, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ынтымақтастық жөніндегі шарттар, келісімдер жасасуға құқығы бар. Федерацияның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықаралық ұйымдармен ынтымақтасуға, еңбекшілердің еңбек және әлеуметтік- экономикалық құқықтарын қорғауға бағытталған бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруға және өткізуге, жобаларды іске асыруға құқығы бар.

5. Федерация кәсіподақтар мүшелерінің (қызметкерлердің) еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңдық мүдделерін қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес биліктің заң шығарушылық, атқарушылық және сот билігі тармақтары органдарымен, Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, жұмыс берушілер бірлестіктерімен (қауымдастықтар, одақтар), саяси партиялармен және басқа да қоғамдық бірлестіктермен, заңды тұлғалармен және азаматтармен әрекеттеседі.

6. Федерация өз мүшелік ұйымдарының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, мүшелік ұйымдар да Федерацияның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейді.

7. Федерацияның кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қорғауға және басқа да құқықтары мен заңды мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған ынтымақтастық қорларын, қайырымдылық және басқа да қорларды құруға құқығы бар.

8. Федерацияның өзінің атауымен мөртаңбасы, мөртабаны, банктік есепшоты, бейнелемесі мен атрибутикасы бар.

9. Федерация құрмет грамоталарын, ерекшелік белгілерін, медальдар мен өзге де наградаларды тағайындайды және табыстайды.

10. Федерацияның толық ресми атауы:

  • мемлекеттік тілде – «Qazaqstan Respýblikasy Kàsipodaqtar federatsiasy» Respýblikalyq Kàsipodaqtar birlestigi;

  • орыс тілінде – Республиканское объединение профсоюзов «Федерация профсоюзов Республики Казахстан»;

  • ағылшын тілінде – Republican Trade Union Association «Federation of Trade Unions of the Republic of Kazakhstan».

Қысқартылған атауы:

  • мемлекеттік тілде – «QRKF» RKB;

  • орыс тілінде – РОП «ФПРК»;

  • ағылшын тілінде – RTUA «FTURK».

11. Федерацияның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000 Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, Абай даңғылы, 38.

ІІ. КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ МӘНІ МЕН МАҚСАТТАРЫ

12. Федерация қызметінің мәні кәсіподақ мүшелерінің, мүшелік ұйымдарының құқықтарын қорғау бойынша міндеттерді жүзеге асыру, сондай- ақ осы Жарғыда қарастырылған мақсаттарға жету үшін басқа да ұйымдастыру шараларын жүзеге асыру болып табылады.

13. Федерация кәсіподақ мүшелерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын және заңды мүдделерін қорғауға және өкілеттік етуге, кәсіподақтар қызметінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз етуге жәрдемдесу үшін мүшелік ұйымдардың әрекеттерін біріктіру және үйлестіру мақсатында құрылған.

14. Өзінің мақсаттарына қол жеткізу үшін Федерация мынадай міндеттерді жүзеге асырады:

  • 1) Федерацияның негізгі қызмет бағыттарын айқындайды және стратегиясын әзірлейді;

  • 2) Федерацияның құрамындағы мүшелік ұйымдардың қызметін біріктіреді, үйлестіреді және бағыттайды;

  • 3) Өз мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіреді және қорғайды, сондай-ақ мемлекеттік органдармен өзінің өкілеттігі шеңберінде, жұмыс берушілермен, жұмыс берушілер бірлестіктерімен, және басқа да қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылдарында жұмыскерлердің мүдделерін білдіреді;

  • 4) Әлеуметтік әріптестік жүйесін барлық деңгейде дамытуға қатысады және ықпал етеді;

  • 5) Әлеуметтік әріптестік бойынша республикалық үш жақты комиссияның жұмысына қатысады;

  • 6) Жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерімен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен Бас келісімді жасасуда әлеуметтік әріптестіктің бір тарабы болып табылады, Бас келісім жобасын әзірлеу және жасасу бойынша келіссөздерге қатысады және олардың орындалуына бақылауды жүзеге асырады;

  • 7) Азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтары мен заңды мүдделеріне, кәсіподақтардың құқығы мен кепілдігіне қатысты нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге бастамашылық етеді және қатысады;

  • 8) Еңбек және кәсіподақ заңнамасының сақталуына және әлеуметтік-еңбекті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына қоғамдық бақылау жүргізеді;

  • 9) Жұмыспен қамтуды, еңбекті және қоршаған табиғи ортаны қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды, адамның лайықты өмір сүруі мен еркін дамуын қамтамасыз ететін жағдайларды жасауға қатысады;

  • 10) Жұмысшылардың және кәсіподақтардың әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысы бар заң жобаларының тұжырымдамаларына, заңнамалық және басқа нормативтік құқықтық актілер жобаларына сараптама жүргізеді;

  • 11) заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламенті мен жергілікті өкілдік органдары депутаттарының сайлауына қатысады;

  • 12) мемлекеттік билік органдарымен, жұмыс берушілермен бірлесіп кәсіподақтар мүшелері және олардың отбасылары арасында сауықтыру шараларын ұйымдастыруды және өткізуді, санаторлық-курорттық емдеуді, балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру, туризмді, демалысты, мәдениетті, бұқаралық дене шынықтыру және спортты дамыту бойынша өзара іс- қимылдарды жүзеге асырады;

  • 13) жұмыскерлердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында жұмыс істейтін шетелдік, халықаралық кәсіподақтар бірлестіктерімен және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатады, өзінің мүшелік ұйымдарының олармен байланыс орнатудағы жұмысын үйлестіреді және ынтымақтасады;

  • 14) Қазақстан Республикасының еңбек қатынастары, азаматтық құқықтар, әлеуметтік-экономикалық және басқа да мәселелер бойынша халықаралық шарттарды, конвенцияларды ратификациялауына және жүзеге асыруына, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей принциптері мен нормаларын заңнамалық бекітуі мен іске асыруына күш салады;

  • 15) ұжымдық еңбек дауларын реттеуге қатысады, жұмыскерлердің Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген еңбек, әлеуметтік- экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың басқа да тәсілдерін пайдаланады, мүшелік ұйымдардың ұжымдық іс-қимылдарын үйлестіреді және бағыттайды;

  • 16) мүшелік ұйымдарға құқықтық, соның ішінде медиация сұрақтары бойынша көмек көрсетуді жүзеге асырады;

  • 16-1) өз мүшелік ұйымдарының және кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюға, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сотта, еңбек арбитражында немесе арбитражда, мемлекеттік органдарда олардың мүдделері үшін әрекет етуге құқығы бар;

  • 16-2) мемлекеттік органдарға, олар қабылдаған, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін нормативтік құқықтық актілерді толығымен немесе ішінара жою немесе өзгерту туралы жүгінуге;

  • 16-3) мемлекеттік органдардың кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін актілері бойынша сотқа жүгінуге;

  • 17. білім беру және ғылыми-зерттеу ұйымдарын құруға құқығы бар, кәсіподақ кадрлары мен активін оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік- экономикалық, құқықтық және кәсіби білім алуына ықпал етеді, кәсіподақтардың, олардың бірлестіктерінің, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының тәжірибесін зерделейді және таратады;

  • 17-1) әлеуметтік, еңбек және өзге де қоғамдық қатынастар саласында ғылыми зерттеулер жүргізуді ұйымдастырады;

  • 17-2) Федерация мүлкін тиімді пайдалану жөнінде экономикалық және инвестициялық шараларды жүзеге асырады;

  • 18) ақпараттық-насихаттық, мәдени-ағарту және баспа қызметін жүзеге асырады;

  • 19) кәсіподақтардың, олардың бірлестіктерінің, сайланбалы кәсіподақ қызметкерлерінің құқықтары мен кепілдіктерін қорғауға жәрдемдеседі;

  • 20) кәсіподақтың тұтастығы мен бірлігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қолданады;

  • 21) Кәсіподақтың аумақтық бірлестіктерінің жергілікті атқарушы және өкілетті органдармен байланыс орнатуға жәрдемдеседі;

  • 22)Федерацияға кіретін кәсіподақтардың бірыңғай кадр және қаржылық саясат жүргізуін қамтамасыз етеді;

  • 22-1) халықаралық кәсіподақтар қозғалысын дамытуға қатысады;

  • 22-2) Жастарды кәсіподақ қозғалысына тартуға жәрдемдеседі;

  • 23) кәсіподақтардың оң жұмыс тәжірибесін зерделейді және таратады;

  • 24) Заңнамаға сәйкес басқа да қызметті жүзеге асырады.

ІІІ. ФЕДЕРАЦИЯНЫҢ МҮШЕЛІК ҰЙЫМДАРЫ, ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

15. Осы Жарғыны мойындайтын және орындайтын салалық кәсіподақтар, аумақтық (облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана деңгейіндегі) кәсіподақтардың бірлестіктері Федерацияның мүшелік ұйымы бола алады. Федерацияның мүшелік ұйымдарының Жарғылары Федерация Жарғысының ережелеріне қайшы келе алмайды.

16. Федерацияның мүшелік ұйымдары заңды тұлға ретіндегі өздерінің дербестігі мен құқықтарын сақтайды, Қазақстан Республикасының заңнамасына және өз жарғыларына сәйкес іс-қимыл жасайды.

17. Салалық кәсіподақ Федерациясына және (немесе) кәсіподақтардың аумақтық бірлестігіне мүшелік ұйым ретінде мүшелікке қабылдау осы Жарғыға сәйкес олардың шешімі мен жазбаша өтініші негізінде жүзеге асырылады.

18. Федерацияға кіретін ұйым Федерацияның Атқару комитетіне (одан әрі − Атқару комитеті) келесі құжаттарды:

  • 1) Федерацияға кіру туралы ұйымның шешімін және Бас Кеңеске жазбаша өтінішті; 

  • 2) құрылтай құжаттарын (жарғысын, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы құжаттың көшірмесін);

  • 3) Қазақстан Республикасының аумағында мүшелік ұйымдардың, филиалдардың және/немесе өкілдіктердің болуы, саны туралы;

  • 4) Федерация Жарғысын орындайтындығы, Федерацияның мүшелік ұйымдарының Федерация Жарғысымен белгіленген мүшелік жарналарды төлеу және аудару тәртібіне сәйкес жарналарды төлеу туралы міндеттемесін тапсырады.

19. Федерацияға мүшелік мына жағдайларда тоқтатылуы мүмкін:

  • 1) Федерациядан шығатыны туралы мүшелік ұйымның өкілетті органының шешімі бойынша;

  • 2) мүшелік ұйым тараған және қайта құрылған жағдайда;

  • 3) Федерация құрамынан мүшелік ұйымды шығарған жағдайда;

  • 4) Қазақстан Республикасының аумағында кәсіподақтардың басқа республикалық бірлестіктеріне мүшелік болған жағдайда мәліметтер ұсынады.

20. Мүшелік ұйымның өкілетті органы Федерация құрамынан шығу туралы шешім қабылдаған жағдайда, ол Федерацияның Бас Кеңесіне (одан әрі – Бас Кеңес) өтініш берген сәттен бастап үш ай мерзім өткеннен кейін Федерациядан шығарылды деп саналады. Федерациядан шығу туралы шешім мүшелік ұйымның өтініші негізінде үш ай мерзім ішінде Атқару комитетінің ұсынысы бойынша Бас Кеңестің шешімімен қабылданады.

Көрсетілген мерзім өткенге дейін осы Жарғыға сәйкес мүшелік ұйым өзінің құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруды жалғастыра береді.

  • 20-1) Федерациядан шыққан ұйым оған қайтадан кіру үшін, шыққан күнінен бастап кемінде алты ай өткен соң жаңа өтініш беруге құқылы. Бұл өтініш осы Жарғыда көзделген тәртіппен қаралады.

21. Мүшелік ұйым таратылған немесе қайта құрылған жағдайда ол Федерацияның Атқару комитетіне өз қызметін тоқтату (тарату немесе қайта құру) туралы хабарлама берген сәттен бастап Федерациядағы өзінің мүшелігін жоғалтқан болып есептеледі

22. Мүшелік ұйымды Федерациядан шығару туралы шешімді Атқару комитетінің ұсынысы бойынша Бас Кеңес қабылдайды.

23. Мүшелік ұйымды Федерациядан шығару туралы мәселені қарастыру негіздері:

  • 1) Федерация органдарының шешімдерін орындамау, сондай-ақ тиісті түрде орындамау;

  • 2) Федерацияның және оған кіретін мүшелік ұйымдардың мүдделеріне және мақсаттарына қайшы келетін іс-әрекеттерді жасау;

  • 3) Федерацияға мүшелік жарналарды дәлелсіз себеппен уақытылы және толық көлемде аудармау болып табылады.

24. Мүшелік ұйым дәлелсіз себеппен үш ай қатарынан Федерацияға мүшелік жарнаны төлеу мерзімін бұзған жағдайда, Атқару комитетінің мүшелік ұйымның өкілдерін Бас Кеңесте немесе Атқару комитетінде алты айға дейінгі мерзімге дауыс беру құқығынан айыруға, сондай-ақ Атқару комитетінің құрамынан шығару туралы сұрақты Бас Кеңестің қарауына тиісті ұсыныс жасауға құқығы бар. Егер мүшелік ұйым белгіленген мерзім ішінде көрсетілген кемшіліктерді жоймаған және қарыздарды өтемеген жағдайларда, мүшелік ұйымды Федерациядан шығару туралы мәселені Атқару комитеті Бас Кеңестің қарауына ұсынады. Ақпарат мүшелік ұйымның назарына жеткізіледі және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Федерациядан шығару туралы мәселені қарауға негіз болған кемшіліктерді мүшелік ұйым Атқару комитеті белгілеген мерзімі ішінде жоймаған жағдайда, Атқару комитеті мүшелік ұйымды Федерациядан шығару және басқа да іс әрекеттер қабылдау туралы Бас Кеңестің қарауына ұсынады. Мүшелік ұйым кемшіліктерді жойған жағдайда Атқару комитеті оның Бас Кеңесте және Атқару комитетінде дауыс беру құқығын қалпына келтіру туралы, сондай-ақ оның өкілінің Атқару комитеті құрамында болуы, кейін Бас Кеңеспен бекітілуі туралы сұрақтарды қарастырады.

25. Федерацияға мүшелігін тоқтатқан мүшелік ұйымның Федерация меншігіне, сондай-ақ Федерацияға төлеген мүшелік жарналарына және өздері берген мүлікке құқықтары болмайды.

26. Федерацияның мүшелік ұйымдарының құқықтары:

  • 1) Жарғыға сәйкес өз ұйымдарын және кәсіподақ мүшелерін Федерация органдарында өкілдік етуге, осы органдарға өз өкілдерін жіберуге, сайлауға, оларды кері шақырып алуға және ауыстыруға;

  • 2) жұмыскерлердің және кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек құқықтарына қатысты заңдардың және басқа да нормативтік құқықтық актілердің жобаларына Федерация ұсыныстарын әзірлеуге қатысуға;

  • 3) Бас келісім жасау және қол қою бойынша Федерацияның қызметіне ұсыныстар енгізуге және қатысуға;

  • 4) кәсіподақ қызметінің жарғылық мәселелері бойынша Федерация органдарына жүгінуге және тиісті ақпарат, консультация және көмек алуға, мемлекеттік органдарда өз құқықтары мен заңды мүдделерін құқықтық қорғауға;

  • 5) шетелдік және халықаралық кәсіподақ бірлестіктерімен, Халықаралық Еңбек Ұйымымен байланыстарды жүзеге асыруда Федерация органдарының жәрдемін алуға;

  • 6) Федерацияның түрлі бағдарламаларын әзірлеуге және Федерация қорларын құруға қатысуға;

  • 7) Кәсіподақтар ұйымын және кәсіподақ мүшелерін құрмет грамоталармен, ерекшелік белгілермен, медальдармен және басқа да наградалармен марапаттау туралы Федерацияға ұсыныс енгізу, сондай-ақ кәсіподақ мүшелерін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы ұсыным беруге;

  • 8) Федерация Съезінің, Бас Кеңестің және Атқару комитетінің қарауына құжаттар жобаларын енгізуге және күн тәртібіне ұсыныс енгізуге, олардың қаралу нәтижелеріне қатысты ақпарат алуға;

  • 9) кәсіподақ кадрлары мен активтерін оқыту, ақпаратты алу және тарату үшін Федерацияның мүмкіндіктерін пайдалануға;

  • 10) Федерацияның бейнелемесін бекітілген Ережеге сай қолдануға;

  • 11) Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген өзге де құқықтарға ие болуға;

  • 12) осы Жарғыда белгіленген жағдайларда және тәртіппен Федерация қызметі туралы ақпарат алуға;

  • 13) Федерация мүлкін азаматтық заңнама нормаларына сәйкес пайдалануға құқығы бар.

27. Федерацияның мүшелік ұйымдары:

  • 1) Федерацияның Жарғысын, ішкі кәсіподақ тәртібін сақтауға, Федерация органдарының шешімдерін орындауға және олардың орындалуына жауапты болуға;

  • 2) Федерацияның қызметіне қолдау көрсетуге және оның мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға белсене қатысуға, Федерацияға мүшелік ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда ынтымақтастық танытуға;

  • 3) Федерацияға төленетін мүшелік жарналарды белгіленген тәртіпте, мерзімінде және мөлшерде төлеуге;

  • 4) кәсіподақтардың тұтастығы мен бірлігіне, Федерацияның және оның мүшелік ұйымдарының қызметіне зиян келтіретін, заңды мүдделеріне қысым жасайтын іс-әрекеттерге жол бермеуге;

  • 5) кәсіподаққа мүшелікті өзара мойындауға, Федерацияның мүшелік ұйымдары арасында алдын ала өзара келіспей бастауыш кәсіподақ ұйымдарының, жергілікті кәсіподақтардың Федерацияның мүшелік ұйымының бірінен басқасына өтуіне жол бермеуге;

  • 6) кәсіподақ мүшелерінің саны мен кәсіподақ қызметі туралы статистикалық мәліметтерді, Федерацияның органдары бекіткен көлем мен тәртіпте Федерацияға төленетін мүшелік және өзге де жарналарды есептеу мен төлеуге байланысты қаржылық есепті ұсынуға;

  • 7) алып тасталды;

  • 8) өзінің жарғыларына және басшы кадрлар құрамына еңгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы, республикалық маңызы бар қабылданатын шешімдері мен әрекеттері туралы ақпаратты он жұмыс күннен кем емес мерзімде Федерацияға хабарлауға;

  • 9) Федерация органдары ұсынған мәселелерді алқалық органдарда қарауға және олардың қаралуы туралы ақпарат беруге;

  • 10) Бас келісімнің жасалуына және орындалуына жәрдемдесуге;

  • 11) Федерацияның ортақ іс-шараларын және кәсіподақтардың ұжымдық іс- әрекеттерін ұйымдастыруға және жүргізуге ынтымақтастық танытуға және қатысуға;

  • 12) Федерация құрған бұқаралық ақпарат құралдарына ұйымдастырушылық және басқа да қолдау көрсетуге;

  • 13) Федерацияны төмендегі мәселелер бойынша уақытылы хабардар етуге:

  • - өз жарғыларындағы және басқару персоналының құрамындағы өзгерістер туралы;

  • - кәсіподақ мүшелерінің саны туралы мәліметтерді, Федерацияға мүшелік жарналарды есептеу және төлеуге байланысты ақпараттарды, басқа статистикалық ақпараттарды Бас Кеңес бекіткен мөлшерде және тәртіпте ұсынуға; Қазақстан Республикасы Президентін, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарын, жергілікті өкілді органдарды сайлауға қатысу туралы;

  • - саяси партиялармен шарттар мен келісімдер жасасу;

  • - халықаралық кәсіподақ және басқа да бірлестіктерге кіру және олардан шығу туралы;

  • - ереуілдер, бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер, демонстрациялар, кәсіподақтар ынтымақтастығы акцияларын қоса, наразылық акцияларын өткізу туралы;

  • 14) Федерацияға қасақана зиян келтіруге бағытталған әрекеттерді жасамауға;

  • 15) Федерация құрылған мақсаттарға жетуді едәуір қиындататын немесе мүмкін етпейтін іс-әрекеттерге (әрекетсіздікке) бармауға;

  • 16) Федерацияның және оған мүшелік ұйымдардың мүдделерін шектейтін әрекеттерге жол бермеуге міндетті.

28. Мүшелік ұйымдардың басшылары Федерация органдары (Съезд, Бас Кеңес, Федерацияның Атқару комитеті) қабылдаған шешімдердің орындалуына жеке өздері жауап береді. Шешімдерді орындамау жағдайлары Федерация органдарының отырыстарында (Съезд, Жалпы Кеңес, Федерацияның Атқару комитеті) қаралады, оның нәтижелері туралы ақпарат мүшелік ұйымдарға жіберіледі. Мүшелік ұйым міндеттерін орындамаған жағдайда Атқару комитетінің мүшелік ұйымға бұзушылықтарды жою туралы тиісті ұсыныс енгізуге құқығы бар. Мүшелік ұйымның өкілетті органы ұсынысты қарауға және бір ай мерзімінде Атқару комитетіне қарау нәтижелерін жазбаша түрде хабарлауға міндетті.

ІV. САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТАРДЫҢ ЖӘНЕ АУМАҚТЫҚ КӘСІПОДАҚТАР БІРЛЕСТІКТЕРІНІҢ ӨЗАРА ІС-ӘРЕКЕТТЕРІ

29. Федерацияның мүшелік ұйымдары болып табылатын салалық кәсіптік одақтар және аумақтық (облыс, республикалық маңызы бар қалалар, Астана деңгейіндегі) кәсіподақтардың бірлестіктері осы Жарғының шеңберінде өздерінің тәжірибелік қызметінде келесі өзара тығыз әрекетте болады:

  • 1) кәсіподақ кадрларын іріктеу мен оқыту, олардың резервін жасақтау жөнінде бірлесіп жұмыс жүргізеді;

  • 2) Федерация Съездеріне делегаттарды, кәсіподақ органдарының басшы лауазымдарына сайлау үшін кандидатуралар бойынша өзара кеңестер жүргізеді;

  • 3) кәсіподақтың бастауыш ұйымдарына, жергілікті кәсіподақтарға ұжымдық келіссөздер жүргізуде, ұжымдық шарттар мен келісімдер жасасуда, туындаған еңбек дауларын шешуде жәрдем көрсетеді;

  • 4) кәсіподақтың бастауыш ұйымдарына, жергілікті кәсіподақтарға бірлесіп тәжірибелік, ұйымдастырушылық, әдістемелік және құқықтық көмек көрсетеді;

  • 5) тиісті аумақта консультациялық-кеңесші органдарды құруға шаралар қабылдайды, қорларды құруға қатысады;

  • 6) аймақтық мәселелерді бірлесіп және келісіп шешу, жергілікті атқарушы органдармен және жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестікті жолға қою, кәсіподақ қызметкерлері мен кәсіподақтар мүшелерін әлеуметтік қорғау мен өзара қолдау үшін күш-жігерді біріктіру мақсатында қалалар мен аудандарда кәсіподақ филиалдарының және салалық кәсіподақтар өкілдіктерінен кәсіподақтардың аумақтық бірлестігін құруға ықпал етеді;

  • 7) бастауыш ұйым құруға, кәсіподақ ықпалын нығайтуға және сала мен аймақты дамытудың әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларын іске асыруға, Федерация органдарының шешімдерін орындауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады;

  • 8) кәсіптік одақтардың және олардың мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда бірлескен акциялар өткізеді;

  • 9) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және осы Жарғыға сәйкес басқа да бірлескен шараларды жүзеге асырады. 

  • 10) еңбек және өзге де жанжалдарды медиация арқылы шешу мақсатында өңірлік татуластыру орталықтарының жұмысын ақысыз негізде кәсіби кеңестер жүргізу арқылы ұйымдастыруға құқығы бар;

  • 11) еңбек және кәсіподақ заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.

V. ФЕДЕРАЦИЯ ОРГАНДАРЫ

30. Федерация Органдары мыналар болып табылады:

  • Федерация Съезі (бұдан әрі − Съезд) – Федерацияның жоғары органы.

  • Бас Кеңес – Федерацияның басшылық органы.

  • Атқару комитеті – алқалық атқару органы.

  • Федерация төрағасы – атқарушы және басқарушы орган.

  • Тексеру Комиссиясы – бақылау-тексеру органы.

  • Одақаралық мәселелер жөніндегі комиссия ұйымдық-құқықтық сипаттағы мәселелерді шешу жөніндегі Федерацияның органы болып табылады.

31. Съезді кемінде бес жылда бір рет Бас Кеңес шақырады. Съезді шақыру және оның болжамды күн тәртібі туралы Съезге екі ай қалғанға дейін хабарланады. Съездге мүшелік ұйымдардан, Гендерлік комиссиядан және Федерацияның Жастар кеңесінен делегаттардың өкілдік ету нормасын Бас Кеңес белгілейді.

32. Съезд:

  • 1) Федерация қызметінің стратегиясын айқындайды;

  • 2) Федерацияның Жарғысын, Федерацияның Тексеру комиссиясы, одақаралық мәселелер жөніндегі Комиссия туралы Ережелерді, сондай-ақ оларға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді. Съездің осы құқықты Бас Кеңеске арнайы ресімделген өкілеттілік бойынша табыстауға құқығы бар;

  • 3) Федерация төрағасын сайлайды және қызметінен босатады;

  • 4) сайлау жолымен Съезд бекіткен ұсыну нормасына сәйкес мүшелік ұйымдар өкілеттік берген адамдардың арасынан Бас Кеңесті құрады және оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдайды;

  • 5) Федерацияның Тексеру комиссиясын сайлайды;

  • 5-1) одақаралық мәселелер жөніндегі комиссияның сандық құрамын құру және айқындау туралы шешім қабылдайды

  • 6) аса маңызды еңбек және әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша шешімдер, қарарлар, мәлімдемелер, үндеулер қабылдайды;

  • 6-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентіне кандидат ұсынады, ал Қазақстан Республикасының Президентіне кезектен тыс сайлау жарияланғанда Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты Бас Кеңес ұсынады;

  • 7) Федерация органдарының құзыреттерін, ұйымдық құрылымын, өкілеттіктерінің қалыптасу мен тоқтатылу тәртібін белгілейді;

  • 8) осы Жарғыны қолдану мәселелері бойынша апелляцияларды қарайды;

  • 9) Федерацияның Бас Кеңесінің және Федерацияның Тексеру комиссиясының қызметі туралы есептерді тыңдайды;

  • 10) Федерацияны қайта ұйымдастыру, қызметін тоқтату және оны тарату туралы шешімдер қабылдайды.

  • 11) атқарушы органдардың (Атқару комитеті және Федерация төрағасы) қаржы есептемесiн табыс етуiнiң тәртiбi мен мерзiмдiлiгiн, сондай-ақ бақылау органының Тексеру комиссиясының тексеру жүргiзу тәртiбiн және олардың нәтижелерiн бекiту тәртібін айқындайды; 

  • 12) заңнамалық актілерінде белгіленген шекте Федерацияның басқа заңды тұлғаларды, өзінің филиалдары мен өкілдіктерін құруға немесе олардың қызметіне қатысуы бойынша шешімдерді қабылдайды;

  • 13) Съездің айрықша құзыретіне жататын өкілеттіктерді қоспағанда, Бас Кеңеске, Атқару комитетіне, Федерация төрағасына белгілі бір өкілеттіктерді беруге құқығы бар.

Осы Жарғының 32-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6-1), 10), 11), 12) тармақшаларында көзделген мәселелер Съездің айрықша құзыретіне жатады.

рмақшаларында көзделген мәселелер Съездің айрықша құзыретіне жатады.

33. Егер Федерацияға мүшелік ұйымдардың кемінде үштен екісі болса және олардан сайланған делегаттардың кемінде үштен екісі қатысса, Съез құқылы деп есептеледі. Ерекше жағдайларда (төтенше жағдайлар, карантин шаралары және т.б.) съезді бейнеконференциялар, басқа байланыс құралдары немесе жазбаша сұрақ қою арқылы өткізуге болады. Отырысқа қатысып отырған делегаттардың жартысынан көбі дауыс берсе, тиісті кворум болса Съездің шешімдері қабылданды деп есептелінеді және қаулы түрінде қабылданады. Съезд шешімдерін қабылдаған кезде дауыс беру тәртібін делегаттар айқындайды.

34. Федерацияның кезектен тыс Съезін Федерацияның Бас Кеңесі шақырады немесе Федерацияның мүшелік ұйымдарының кемінде үштен бір өкілетті органдарының талабы бойынша шақырылады. Кезектен тыс Съезді шақыру туралы шешім және оның болжамды күн тәртібі бір ай бұрын хабарланады.

35. Бас Кеңестің құрамы Федерацияның мүшелік ұйымдарынан тікелей өкілеттіктер табыстау принципі бойынша бекітіледі. Бас Кеңес өз қызметі туралы Съезд алдында есеп береді. Бас Кеңесті Федерацияның Төрағасы басқарады. Бас Кеңестің өкілеттік мерзімі - бес жыл.

36. Федерацияның мүшелік ұйымдары Бас Кеңесінің құрамын қалыптастыру үшін өздерінің өкілетті органдарының шешімдеріне сәйкес әрқайсысы Бас Кеңес құрамына:

  • Федерацияның мүшелік ұйымдарынан –бір өкілден;

  • Кәсіподақ мүшелерінің саны отыз мыңнан жүз мыңға дейінгі Федерацияның мүшелік ұйымдарынан – екі өкілден;

  • Кәсіподақ мүшелерінің саны жүз мыңнан төрт жүз мыңға дейінгі Федерацияның мүшелік ұйымдарынан – үш өкіл;

  • Кәсіподақ мүшелерінің саны төрт жүз мыңнан асатын Федерацияның мүшелік ұйымдарынан – төрт өкілден береді.

Съездер арасындағы кезеңде Бас Кеңестің сандық құрамы мүшелік ұйымдардың санының өзгеруіне байланысты жыл сайын қайта қаралуы мүмкін. Бас Кеңеске сонымен қатар лауазым бойынша Федерация төрағасының орынбасарлары, Федерацияның Гендерлік комиссиясының төрағасы, Федерацияның Жастар кеңесінің төрағасы кіреді.

37. Съездер аралығындағы кезенде Бас Кеңестің мүшесін алмастыру туралы шешімді мүшелік ұйымдардың (тікелей өкілеттіктер табыстау бойынша) және Федерация төрағасының (лауазымы бойынша кіретін тұлғалар бойынша) ұсынысы негізінде Бас Кеңес қабылдайды.

38. Бас Кеңестің жұмысына оның шешімі бойынша, Федерация төрағасының ұсынысы негізінде басқа да қоғамдық ұйымдардың, өкілді органдардың және әлеуметтік әріптестердің өкілдері кеңесші дауыс құқығымен қатыса алады.

39. Мүшелік ұйымның осы Жарғыға сәйкес Федерациядағы өз мүшелігін тоқтатуы оның өкілінің(дерінің) Бас Кеңестің құрамынан шығарылуына әкеп соғады.

40. Бас Кеңес Атқару комитетінің шешімімен қажеттілігіне қарай, жылына кемінде бір рет шақырылады және, егер оған Бас Кеңестің дауыс беру құқығы бар мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса, ол құқылы деп есептеледі.

41. Бас Кеңестің шешімдері, егер Жарғыда өзгеше көзделмесе, отырысқа қатысқан мүшелерінің көпшілік дауысымен қаулы түрінде қабылданады. Қажет болған жағдайда Бас Кеңестің отырыстары бейне конференциялық байланыс, басқа байланыс құралдары немесе жазбаша түрде сауалнама жолымен өткізілуі мүмкін. Бас Кеңес мүшелерінің дауыс беруін сауалнама арқылы жүргізу туралы шешімді Атқару комитеті қабылдайды.

41-1. Бас Кеңес отырыстарын Федерация Төрағасы, ал ол болмаған жағдайда оның орынбасарларының бірі жүргізеді.

42. Бас Кеңес:

  • 1) Федерацияның осы Жарғыда белгіленген мақсаттары мен міндеттерін іске асырады;

  • 2) Федерацияның Съездердің шешімдері мен жарғылық міндеттерін орындау, кәсіподақтар мүшелері мен мүшелік ұйымдардың еңбек, әлеуметтік- экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметінің негізгі бағыттарын белгілейді;

  • 3) Федерацияның активтерін басқару бойынша өкілетті ұйымның есебін тыңдайды және бекітеді;

  • 4) Федерацияның мүшелік ұйымдарының жарналарды төлеу мен аударудың бірегей тәртібін белгілейді;

  • 5) Федерацияның меншігін иелену, пайдалану және оған иелік ету тәртібін анықтайды және бекітеді, сонымен қатар, оның сақталуын қадағалауды қамтамасыз етеді;

  • 6) Федерацияға мүшелік жарналарды есептеуге және төлеуге байланысты қаржылық есептілік тізбесін айқындайды;

  • 7) мүшелік ұйымдардың Федерацияға ұсынатын статистикалық деректер тізбесін айқындайды;

  • 8) Федерация және мүшелік ұйымдар басшыларының Жарғыны және Федерация органдарының шешімдерін орындауы, сондай-ақ олардың қызметі туралы есептерін тыңдайды;

  • 8-1) кәсіподақтар қызметінің бағыттары бойнша комиссияларды (кеңестерді) құрады, олардың ережелерін бекітеді;

  • 8-2) одақаралық мәселелер жөніндегі комиссияның дербес құрамын сайлайды;

  • 9) Съезді шақыру туралы шешім қабылдайды. Федерация съезіне делегаттарды ұсыну нормаларын белгілейді;

  • 10) Съезге Федерацияның Жарғысын, Федерацияның Тексеру комиссиясы, одақаралық мәселелер жөніндегі комиссия туралы ережелерді, оларды құру тәртібін, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтыруларды бекіту туралы ұсыныстар енгізеді;

  • 11) Федерацияның төрағасы лауазымына кандидатураларды ұсыну тәртібін айқындайды;

  • 12) өз өтінішімен Федерация төрағасының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және қызметінен босату туралы және Съезге дейінгі кезеңге Федерация төрағасының міндеттерін оның орынбасарларының біреуіне жүктеу туралы шешім қабылдайды;

  • 12-1) Федерация төрағасының орынбасарларын сайлайды және қызметтен босатады;

  • 13) Атқару комитетінің ұсынысы негізінде, Федерацияға жаңа мүшелер қабылдау немесе мүшелік ұйымдарды одан шығару туралы шешім қабылдайды;

  • 14) Федерацияда бірыңғай есеп беру-сайлау науқанын өткізу туралы шешім қабылдайды;

  • 15) Федерация жұмысының жұмыс тәртібін бекітеді;

  • 16) бейнелемесі туралы ережені бекітеді;

  • 16-1) арнайы қорлар құру туралы шешім қабылдайды;

  • 16-2) Федерацияның марапаттарын тағайындайды және марапаттары туралы ережені бекітеді;

  • 17) Съезд алдында өз қызметі туралы есеп береді;

  • 17-1) Федерацияның кірістері мен шығыстарының сметасын, оны іске асыруды бекітеді;

  • 18) осы Жарғыда көзделген жағдайларда Атқару комитетінің шешімдерін бекітеді;

  • 18-1) Федерацияның халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын айқындайды, Федерацияның халықаралық кәсіподақ бірлестіктеріне мүшелілігі туралы шешім қабылдайды;

  • 18-2) осы Жарғының ережелерін түсіндіреді және түсіндірмелер береді;

  • 18-3) Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы атынан шешімдер, қарарлар, мәлімдемелер, үндеулер қабылдайды;

  • 19) Федерация Съезі өзіне берген басқа да функцияларды жүзеге асырады.

43. Бас Кеңес өзінің ағымдағы жұмысына басшылық ету үшін Федерация төрағасының ұсынысы бойынша Атқару комитетін сайлайды. Атқару комитеті өкілеттігінің мерзімі 5 жылды құрайды. Атқару комитетін Федерация төрағасы басқарады. 

44. Атқару комитеті Бас Кеңеске есеп береді. Бас Кеңестің өз шешімімен Атқару комитетіне, Федерация төрағасына жеке өкілеттіктерді беруге құқығы бар.

45. Атқару комитетінің құрамына: 

  • 1) лауазымы бойынша Федерация төрағасының орынбасарлары кіреді, бірақ олардың саны Атқару комитетіндегі жалпы мүшелердің санының үштен бірінен аспауы тиіс;

  • 2) Федерация төрағасының ұсынысы бойынша мүшелік жарналарды уақтылы және толық көлемде төлейтін Федерацияға мүшелік ұйымдардың өкілдері;

  • 3) Гендерлік комиссияның және Федерацияның Жастар кеңесінің өкілі кіреді.

Жыл сайын Федерацияға мүшелік ұйымдардан Атқару комитеті мүшелері құрамының 25%-дан аспайтын көлемде ротациясы жүзеге асырылуы мүмкін.

46. Осы Жарғыға сәйкес Федерациядағы мүшелігін тоқтатқан мүшелік ұйымның басшысы–Атқару комитеті мүшесінің Атқару комитеті құрамынан шығуына әкеп соғады.

47. Атқару комитеті: 

  • 1) Съездің және Бас Кеңестің шешімдерін орындауды қамтамасыз етеді;

  • 2) Федерацияға мүшелік ұйымдардың заңды мүдделерін негізге ала отырып, Федерацияның Бас келісімге жасаған ұсыныстарын қарастырады және қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын заң жобалары мен басқа да нормативтік құқықтық актілерге қатысты ұсыныстарын қарастырады және келіседі;

  • 3) Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы атынан шешімдер, қарарлар, мәлімдемелер, үндеулер қабылдайды;

  • 4) қолданыстағы заңнамаға сәйкес кәсіподақтардың бұқаралық акцияларын, оның ішінде жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, демонстрацияларды, пикеттерді және басқа да ұжымдық іс-қимылдарды, ереуілдерді өткізу немесе қолдау туралы шешімдерді қабылдайды;

  • 5) Федерацияға жаңа мүшелерді қабылдау немесе одан мүшелік ұйымдардың шығуын қарастырып Бас Кеңеске ұсыныс енгізеді;

  • 6) алып тасталды

  • 7) мүшелік ұйымның өкілетті органына мүшелік ұйымдардың және олардың органдарының Федерация Жарғысына, Бас Кеңестің және кәсіподақтар Федерациясы Атқару комитетінің шешімдеріне қайшы келетін шешімдері мен іс- әрекетінің күшін жою және (немесе) тоқтата тұру туралы ұсыныс енгізеді, сондай-ақ осы Жарғыда белгіленген міндеттерді мүшелік ұйымның орындамауы туралы ұсыныс жасайды;

  • 8) Федерация Жарғысы және Атқару комитетінің шешімдерін орындауы туралы Федерация басшылары мен мүшелік ұйымдардың ақпараттарын қарастырады, мүшелік ұйымдар мен кәсіподақ мүшелерін өз қызметі туралы хабардар етеді;

  • 9) алып тасталды;

  • 10) Федерацияның қаржылық шаруашылығын жыл сайынғы тексеруді тағайындау туралы шешім қабылдайды;

  • 11) алып тасталды;

  • 12) Бас Кеңесті шақырады, оның күн тәртібі мен өткізілетін жері бойынша ұсыныс енгізеді;

  • 13) Федерация төрағасының ұсынуы бойынша кәсіподақтардың аумақтық (облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде) бірлестіктерінің төрағаларын сайлайды және қызметтен босатады;

  • 14) кәсіподақ қызметкерлерін және белсенділерді мемлекеттік және басқа наградалармен марапаттау туралы белгіленген тәртіппен өтініш білдіреді, кәсіподақ ұйымдары мен кәсіподақ мүшелерін Федерацияның наградаларымен марапаттайды;

  • 15) алып тасталды;

  • 15-1) коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамаға сәйкес Федерацияның мүдделер қақтығысы туындайтын мәмілелерін (келісімдерін) бекітеді;

  • 16) кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктерінің Жарғыларын бекітеді;

  • 16-1) әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссияға Федерацияның уәкілетті өкілдерінің құрамын бекітеді;

  • 17) Федерацияның Бас Кеңесі белгіленген тәртіппен берген басқа да функцияларды орындайды.

48. Атқару комитеті өз шешімімен жеке өкілеттіктерін Федерация төрағасына табыстауға құқылы.

49. Атқару комитетінің отырыстары Федерация төрағасының шешімімен қажеттілікке қарай, бірақ кемінде үш айда бір рет шақырылады. Атқару комитеті, егер отырыстарына оның мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса, қаулы түрінде шешім қабылдауға құқылы.

50. Атқару комитетінің шешімдері кворум болса, оның отырысына қатысушы мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады. Қажет болған жағдайда, Атқару комитетінің отырыстары бейне-конференц- байланыс, байланыстың басқа да түрлері немесе жазбаша сауалнама арқылы жүргізіледі.

51. Федерация төрағасы:

  • 1) Жарғының, Съезд, Бас Кеңес, Атқару комитеті шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді және Съезге есеп береді;

  • 2) Федерацияның Бас Кеңесіне, Атқару комитетіне басшылық жасайды;

  • 3) Федерация міндеттерін шешуде мүшелік ұйымдарды біріктіреді және қызметін үйлестіреді, кәсіподақтардың республикалық шараларын өткізеді;

  • 4) мүшелік ұйымдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, жұмыс берушілердің бірлестіктерінде, қоғамдық бірлестіктерде, бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда Федерацияның атынан өкілдік етеді және заңды мүдделерін қорғайды; Атқару комитетіне кейін хабарлаумен, кәсіподақтардың, жұмыс берушілердің бірлестіктерімен, мемлекеттік органдармен, халықаралық және басқа да ұйымдармен келісімдер жасайды;

  • 5) қажет жағдайларда мәлімдеме жасайды, Қазақстан Республикасы кәсіподақтары Федерациясының атынан үндеулер және өтінішхаттар жолдайды;

  • 6) Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының депутаттық топтарымен, фракцияларымен өзара іс-қимыл жасайды;

  • 6-1) азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтары мен заңды мүдделерін, кәсіподақтардың құқықтары мен міндеттерін қамтитын заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, қарау және сараптау бойынша Федерация жұмысын үйлестіреді; 

  • 7) үкіметтегі, ведомстволық комиссиялардағы және жұмыс топтарындағы Федерацияның уәкілетті өкілдерінің құрамын анықтайды; Федерацияның комиссиялары мен басқа жұмыс органдарын құрады, оларға өкілеттіктер береді, олардың жұмыс істеу тәртібін белгілейді; 

  • 7-1) Федерация аппаратының құрылымын, штат кестесін бекітеді;

  • 8) Бас Кеңес, Атқару комитеті белгілеген шекте Федерацияның мүлкі мен ақшасына иелік етеді, азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасады; 

  • 9) Федерацияның төрағасының орынбасарларын, оның ішінде мүшелік ұйымдардың жетекшілері болып табылатын Федерация төрағасының орынбасарларын сайлау және қызметінен босату туралы ұсыныстарды Бас Кеңеске ұсынады;

  • 9-1) Аткару комитетіне аумақтық кәсіподақ бірлестіктері төрағаларын сайлау және қызметтен босату туралы ұсыныстар енгізеді. Аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері төрағасын сайлау бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерімен кеңестер өткізеді.

  • 10) Федерацияның кәсіподақ кадрлары мен активін оқыту жөніндегі жұмысын, баспа органының жұмысын ұйымдастырады;

  • 11) Федерацияға мүшелік ұйымдар басшыларының сайланбалы лауазымдарына кандидатураларды ұсынуға, Жарғыны бұзғаны үшін кәсіподақтардың өкілетті органдарына олардың лауазымды тұлғаларын жауапқа тарту туралы ұсыныстар енгізуге құқығы бар;

  • 12) Федерация төрағасы мен төрағаның орынбасарларының арасындағы өкілеттіктер мен міндеттерді бөліп береді; Федерация аппаратына жалпы басшылықты жүзеге асырады, құрылымдық бөлімшелердің басшыларын тағайындайды және қызметінен босатады, олардың функцияларын белгілейді, қызметкерлерді жұмысқа қабылдау мен босатуды, оларды моральдық және материалдық көтермелеу шараларын жүзеге асырады;

  • 13) Федерацияның қызметі бойынша өкімдер шығарады; Федерация атынан сенімхаттарды береді және Федерация төрағасы орынбасарларының оларды беру тәртібін белгілейді;

  • 14) оған Бас Кеңес және Атқару комитеті берген өзге де функцияларды орындайды.

52. Федерация төрағасы осы Жарғыға сәйкес бес жыл мерзімге сайланады. Бір тұлға Федерацияның төрағасы лауазымына қатарынан екі мерзімнен артық сайлана алмайды. Федерацияның төрағасы болып Қазақстан Республикасының азаматы, мүшелік ұйымдардың бірінің кәсіподақ мүшесі сайлана алады.

53. Федерация төрағасы және оның орынбасарлары лауазымдары бойынша Федерация Съезінің делегаттары, Бас Кеңестің және Атқару комитетінің мүшелері болып табылады. Төрағаның орынбасарлары Съезге, Бас Кеңеске, Атқару комитетіне және Федерация төрағасына есеп береді. Федерация төрағасы орнында болмаған кезде оның өкілеттерін Федерация төрағасының тапсыруы бойынша Федерация төрағасы орынбасарларының бірі жүзеге асырады.

54. Съездер аралығындағы кезеңде Федерация төрағасын өзінің бастамасы бойынша өкілеттігін доғарған, сондай-ақ Жарғыға қайшы келетін іс-қимылы болған жағдайларда қызметінен босату туралы шешімді Бас Кеңес қабылдайды. Бас Кеңестің Федерация төрағасын қызметінен босату туралы шешімі, егер оған Бас Кеңес мүшелерінің кемінде үштен екісі дауыс берсе, қабылданған болып саналады.

55. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Тексеру комиссиясы Федерацияның қаржы-шаруашылық қызметіне, мүшелік жарналардың есептелуі мен түсуіне, ақшаның дұрыс жұмсалуына, мүлкінің пайдаланылуына және сайланбалы органдарының шешімдерінің орындалуына бақылауды жүзеге асыратын негізгі бақылау – тексеру органы болып табылады.

56. Федерацияның Тексеру комиссиясы Федерацияның мүшелік ұйымдарының өкілдерінен Съезде сайланады, өз қызметінде Съезд бекітетін Тексеру комиссиясы туралы ережені басшылыққа алады. Тексеру комиссиясының өкілеттілік мерзімі – 5 жыл. Тексеру комиссиясының төрағасы Федерация Тексеру комиссиясының отырысында көпшілік дауыспен сайланады, лауазымы бойынша Федерация Съезіне делегат болып табылады, Бас Кеңестің және Атқару комитетінің жұмысына кеңесші дауыс құқығымен қатыса алады.

57. Одақаралық мәселелер жөніндегі комиссия: Федерацияға мүшелік ұйымдар арасындағы мәселелерді шешу мақсатында құрылған Федерацияның тұрақты жұмыс істейтін органы болып табылады. Комиссия Съезд бекіткен одақаралық мәселелер жөніндегі комиссия туралы ережеге және оны құру тәртібіне сәйкес құрылады және өз қызметін жүзеге асырады. Комиссия шешпеген қайшылықтар Бас Кеңестің отырысына шығарылады.

VI. ФЕДЕРАЦИЯ МҮЛКІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ КӨЗДЕРІ, ОНЫҢ МҮЛІКТІ БАСҚАРУ ЖӨНІНДЕГІ ҚҰҚЫҚТАРЫ

58. Федерация:

  • 1) Жалпыға бірдей Кәсіподақтар Конфедерациясы Атқару комитетінің «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясының Кеңесіне кәсіподақ мүлкін иелену, пайдалану және оған билік ету құқықтарын бекітіп беру туралы» 1992 жылғы 22 қыркүйектегі № 2-146 Қаулысына сәйкес Қазақ Республикалық кәсіподақтар кеңесінен құқықтық мұрагерлік тәртібімен алған мүліктің;

  • 2) кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістің;

  • 3) заңнамада тыйым салынбаған көздерден құралған мүліктің меншік иесі болып табылады.

59. Федерация өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен жауап береді.

60. Федерацияның дербес балансы, банктік, соның ішінде валюталық шоттары болады.

61. Федерация мүлкінің құралу көзі:

  • 1) ақшадан және өзге де нысандардан заңнамаға сәйкес құрылған Федерация мүлкі;

  • 2) мүшелік ұйымдардан түскен түсім, оның ішінде кәсіподаққа мүшелік жарналар;

  • 3) акциялар, үлестер, облигациялар, басқа да құнды қағаздар және салымдар (депозиттер) бойынша алынған дивиденттер (табыстар, сыйақылар);

  • 4) ерікті мүліктік жарналар мен қайырмалдықтар;

  • 5) заңнамада белгіленген жағдайларда тауарларды сатудан, жұмыстарды, қызметтерді атқарудан түскен түсім (кірістер);

  • 6) заңда тыйым салынбаған басқа да түсімдер.

62. Қызметтің кез келген түрінен алынған кірістер жарғылық мақсаттарға жұмсалады.

63. Федерацияның мүлкі Федерацияның өзі құрған және алған немесе оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген тәртіппен берілген жылжымайтын, жылжымалы және өзге де мүлікті қамтиды.

64. Кәсіподақтар федерациясының мүлкі оған жеке меншік құқығында тиесілі болады. Федерация өзіне тиесілі мүлікке қатысты заңнамаға қайшы келмейтін кез келген іс-қимылды өз қалауы бойынша жүзеге асыруға, мүлікті пайдалануға, кепілге беруге, өзгеше түрде иелік етуге құқылы.

65. Федерацияның мүлкі тек сот шешімі негізінде ғана мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылады.

66. Федерацияның Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқығы бар.
67. Федерация мүлікті иелену, пайдалану және оған иелік ету нәтижесін Тексеру комиссиясының тексеру жұмысы нәтижелері негізінде жыл сайын өзінің бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды. Мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету тәртібін Бас Кеңес айқындайды.

68. Федерацияның мүшелік ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Федерацияның мүлкін пайдалануға және оның басқаруына қатысуға құқылы. Мүлік мәселелері мен меншікті пайдалануды құқықтық реттеуді Бас Кеңес бекітеді.

69. Федерацияның ақшадай қаражаты бекітілген смета негізінде жұмсалады және жарғылық қызметті жүзеге асыруға, республикалық, аймақтық кәсіподақ шараларын және басқа да шараларды өткізуге, нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына қоғамдық сараптамалық бағалау ұйымдастыруға, заңгерлік, консультациялық көмек көрсетуге, ақпараттық және әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыруға, кәсіподақ қызметкерлері үшін жалпы әлеуметтік қорын құруға, кәсіподақ кадрлары мен активін оқытуға, республикалық кәсіподақтық газет шығаруға және жарғылық қызметке қайшы келмейтін басқа да іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталады.

70. Федерация қызметіне мүшелік ұйымдар аударатын мүшелік жарналардың көлемі Федерацияға мүшелік ұйымға кіретін бастауыш және жергілікті кәсіподақтар мүшелерінің кәсіподатық жарналарының жалпы сомасынан екі пайыздан кем болмауы керек. Атқарушы комитет бекіткен Федерация мен мүшелік ұйымның арасындағы келісім негізінде мүшелік жарналардың басқа көлемі белгіленуі мүмкін. 

VІІ. ФЕДЕРАЦИЯНЫҢ ЖАРҒЫСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТӘРТІБІ

71. Жарғыға өзгерістер мен толықтыруларды Съезд енгізеді.

VІІІ. ФЕДЕРАЦИЯНЫ ТАРАТУ МЕН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ҚАЛҒАН МҮЛІКТІ ПАЙДАЛАНУ ТӘРТІБІ

72. Федерацияның қызметі заңнамалық тәртіппен Съездің шешімі бойынша тоқтатылуы мүмкін.
73. Федерацияны тарату не қайта ұйымдастыру туралы шешімді Съезд қабылдайды. Дауыс беруге қатысқан делегаттардың кемінде үштен екісі жақтап дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі. Федерацияны тарату туралы шешім қабылданған жағдайда Съезд немесе Федерацияның Бас Кеңесі тарату комиссиясын тағайындайды. Федерацияның мүлкі, барлық есептеулер жүргізіліп, несиелерді, қарыздар мен олар бойынша өсімдерді қайтарып және басқа міндетті төлемдерді өтегеннен кейін, Съезд шешімімен белгіленген мақсаттарға жұмсалады.

ІX. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

74. Федерация заңды тұлға құқықтарына ие. Бұл құқықтарды заңнамада, осы Жарғыда, Съездің, Бас Кеңес пен Атқару комитетінің шешімдерінде белгіленген шекте іс-қимыл жасайтын Съезд, Бас Кеңес, Атқару комитеті, Федерация төрағасы іске асырады.

75. Осы Ережені түсіндіру құқығы Бас Кеңеске тиесілі.

 

 

«Qazaqstan Respýblikasy Kàsipodaqtar federatsiasy»
Respýblikalyq Kàsipodaqtar birlestiginin
төрағасы С. Дәулеталин