Еңбекті қорғау

Еңбекті қорғау: еңбек адамын әлеуметтік қорғаудың негізі
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы үшін еңбек қауіпсіздігі -бұл техникалық талаптар мен нұсқаулықтарды формалды түрде сақтау ғана емес. Бұл жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға бағытталған қызметтің іргелі бағыты.
Біздің «ӨЗГЕРІСТЕР ДӘУІРІНДЕГІ ӘДІЛ ЕҢБЕК: ҚОРҒАУ, ДАМУ, ИННОВАЦИЯ» Стратегиямыздың негізінде еңбек адамы, оның қадір-қасиеті, қауіпсіз еңбек жағдайына деген құқығы және үйіне аман-есен, дені сау күйде оралуға деген бұлжымас құқығы жатыр.
Бүгінде еңбек қауіпсіздігі жүйесі терең трансформацияны қажет етеді. Еңбек әлемі қарқынды өзгеруде: цифрландыру, жаңа технологиялар, психоэмоционалдық жүктеменің артуы және климаттық сын-қатерлер жұмысшылар үшін жаңа тәуекелдерді қалыптастыруда. Осындай жағдайда кәсіподақтар ескірген, оқиға орын алғаннан кейін әрекет ететін реактивті модельден – өндірістік жарақаттанудың алдын алуға бағытталған заманауи тәуекелге бағдарланған жүйеге көшудің бастамашысы болып отыр.
Біздің ұстанымыз: еңбек қауіпсіздігі-бұл жұмыс берушінің шығыны емес, адами капиталға, кәсіпорындардың тұрақтылығына және ел экономикасының дамуына салынатын стратегиялық инвестиция.
Тәжірибе көрсеткендей, өндірістік қайғылы оқиғалардың басым бөлігі тиімді қоғамдық бақылау жоқ жерлерде орын алады. Сондықтан кәсіподақтық бақылау өндірістегі қауіп -қатерлерді ерте анықтаудың және жазатайым оқиғалардың алдын алудың негізгі тетіктерінің бірі болып қала береді.
Қазіргі заманғы сын- қатерлерді ескере отырып ҚРКФ өз жұмысын келесі негізгі бағыттарға шоғырландырады:
- Кәсіптік тәуекелдерді басқару жүйесін трансформациялау: Жұмыс орындарын формалды аттестаттаудан кәсіби тәуекелдерді үздіксіз бағалау жүйесіне (КТБ) көшу. «Нөлдік жарақаттану» (Vision Zero) тұжырымдамасын және «Халықтық бақылау» жобасын одан әрі ілгерілету.
- Кәсіподақтық бақылауды күшейту: Бүгінде саны 16000 -нан асатын Техникалық еңбек инспекторлар институтын дамыту, сондай-ақ олардың құқықтық мәртебесін арттыру, соның ішінде еңбек қауіпсіздігінің қауіпті жағдайларына жедел әрекет ету тетіктерін енгізу.
- Өндірістік демократияны дамыту: Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерінде жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің бірлескен қатысуына арналған тиімді алаңдар ретінде өндірістік кеңестерді құру және нығайту.
- Цифрлық инновацияларды енгізу: Жасанды интеллект технологияларын, цифрлық мониторингті, бейнеаналитиканы, болжамды аналитиканы және заманауи жеке қорғаныс құралдарын пайдалану арқылы өндірістік тәуекелдерді ерте анықтау және олардың алдын алу.
- «Жасырын қауіптерден» қорғау: Стресс, эмоционалдық қажу, буллинг және қызметкерлердің денсаулығына теріс әсер ететін өзге де факторлар сияқты психоәлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын заңнамалық деңгейде бекіту. "Цифрлық ажыратылу құқығы" қағидатын ілгерілету.
- Заңнаманы жетілдіру: Еңбек қауіпсіздігі саласындағы халықаралық стандарттарды ратификациялауды ілгерілету, зиянды өтеу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту.
- Экологиялық және биологиялық қауіпсіздік: Еңбек қауіпсіздігі жүйесін климаттық өзгерістерге, жаңа экологиялық сын-қатерлер мен биологиялық қауіптерге бейімдеу, сондай-ақ кәсіби инфекцияларды ұлттық жіктеуішке енгізу.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы еңбекті қорғауды стратегиялық ұлттық басымдық ретінде қарастырады.
Біздің міндетіміз - қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру, онда адамның өмірі мен денсаулығы мемлекет, жұмыс беруші және қоғам үшін бұлжымас құндылыққа айналады.
Қауіпсіз еңбек - әлеуметтік әділеттіліктің, орнықты дамудың және Қазақстанның болашағының негізі.