Халықаралық ынтымақтастық

Шетелдік кәсіподақтармен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық

Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (бұдан әрі — Федерация) қызметінің ажырамас әрі стратегиялық маңызды бағыты. Бұл жұмыс Федерацияның 2025–2030 жылдарға арналған «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновациялар» стратегиясына негізделіп, халықаралық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

Бүгінде жаһандық кәсіподақтар қозғалысы өзге халықаралық ұйымдарға қарағанда қарқынды дамып келеді. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) дерегі бойынша, дүниежүзінде 250 миллионнан астам жұмысшы кәсіподақ мүшесі болып табылады.

Қазақстан Республикасы ХЕҰ-ның толыққанды мүшесі ретінде еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы 26 халықаралық конвенцияны ратификациялады. Оның ішінде 10 іргелі (фундаменталды), 4 директивті және 12 техникалық конвенция бар.

ҚР Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері мен Кәсіподақтар федерациясы арасындағы 2024–2026 жылдарға арналған Бас келісім аясында тағы 9 халықаралық конвенцияны ратификациялау бойынша консультациялар жүргізу жоспарланған. Соның ішінде мына маңызды конвенцияларды қабылдау ұсынылды:

  • № 154 «Ұжымдық келіссөздерге жәрдемдесу туралы»;
  • № 160 «Еңбек статистикасы туралы»;
  • № 168 «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жұмыссыздықтан қорғау туралы»;
  • № 102 «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы»;
  • № 190 «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою туралы»;
  • № 176 «Шахталардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасы туралы»;
  • № 161 «Еңбек гигиенасы қызметтері туралы»;
  • № 191 «Қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайлары туралы»;
  • № 192 «Өндірістік салалардағы биологиялық қауіпті факторлардың алдын алу және олардан қорғау туралы».

Федерация әлемдік кәсіподақ қозғалысының белсенді қатысушысы ретінде өз қызметін ХЕҰ мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) лайықты еңбек пен әлеуметтік әділеттілікті ілгерілету жөніндегі мақсат-міндеттерімен сабақтастырады. Осы орайда қабылданған Халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағдарламасы мынадай басымдықтарды қамтиды:

  • ХЕҰ-ның еңбек саласының болашағы және әлеуметтік әділеттілік принциптерін бекіту жөніндегі бастамаларын жүзеге асыру;
  • ХЕҰ-мен серіктестікті тереңдету, жаһандық еңбек трендтерін зерттеу және халықаралық стандарттарды енгізуге ықпал ету;
  • ХЕҰ-ның негізгі конвенцияларын ілгерілету және ратификациялау;
  • БҰҰ және оның агенттіктерімен Орнықты даму саласындағы 2030 күн тәртібін және ОДМ 8-ді іске асыру бойынша өзара іс-қимыл жасау;
  • Әйелдерді жұмыспен қамту және гендерлік теңдік мәселелері бойынша халықаралық бірлестіктермен серіктестікті кеңейту;
  • ХКК, Бүкілеуропалық аймақтық кеңес (БЕАК), Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі (ОАКК), Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымымен (ТМКҰ) байланысты нығайту.

Федерация халықаралық байланыстарды нығайту мақсатында ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған Лайықты еңбек мәселелері жөніндегі техникалық қолдау тобының және Бюросының, сондай-ақ Еңбекшілердің қызметі жөніндегі бюросының (ACTRAV) жетекші мамандарымен тұрақты түрде тәжірибе алмасып келеді.

Қазақстанның ХЕҰ-ның № 87 «Бірлесу бостандығы және бірлесу құқығын қорғау туралы» конвенциясының ережелерін сақтамайтын елдердің «қысқа тізімінен» (short list) шығарылуы — ең ірі жетістіктердің бірі. Бұл Федерацияның құқықтық негіздемелер дайындаудан бастап, ХЕҰ-ның Стандарттарды қолдану жөніндегі комитетімен тікелей диалог орнатуына дейінгі жүйелі әрі табанды жұмысының нәтижесінде мүмкін болды.

ХЕҰ Халықаралық еңбек конференциясының 112-сессиясында (Женева, 2024) ҚРКФ, Үкімет, «Парыз» жұмыс берушілер конфедерациясы және ХЕҰ арасында Бірлескен іс-қимыл жоспары (Жол картасы) қабылданды. Ол мына бағыттарды қамтиды:

  • Ең төменгі жалақы жүйесін реформалау;
  • Әлеуметтік диалог тетіктерін дамыту;
  • Еңбекті қорғау жүйесін жаңғырту;
  • Цифрландыру және жасанды интеллект (ЖИ) жағдайында еңбекті реттеудің жаңа стандарттарын енгізу.

2021–2025 жылдар аралығында Федерация Қазақстанда ХЕҰ-ның платформалық жұмыспен қамту, жастарды жұмыспен қамту, еңбекті қорғау, COVID-19-дан кейінгі орнықты қалпына келтіру, климат өзгерісі, әділ көшу, бейресми сектор және кадрларды оқыту мәселелеріне арналған 12 жобасына қатысып, бастамашы болды. Бұл тәжірибе жаһандық және ұлттық міндеттерді ұштастырудың бірегей үлгісі ретінде ХЕҰ тарапынан жоғары бағаланды.

2024 жылы ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбо Қазақстанға тұңғыш рет тарихи сапармен келді. Сапар аясындағы алғашқы кездесудің Кәсіподақтар федерациясы алаңында өтуі — Федерацияның еңбек күн тәртібін ілгерілетудегі көшбасшылық рөлі халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.

2021–2025 жылдар аралығында Федерацияның 782 өкілі 123 халықаралық іс-шараға (конференциялар, форумдар, сессиялар мен семинарлар) қатысты. Бұл жай ғана қатысу емес — бұл ортақ ұстанымдарды бекіту, жаңа тәсілдерді меңгеру және халықаралық сараптамаға ие кадрлық резервті қалыптастыру қадамы болды.

ХКК-мен стратегиялық диалог қайта жанданғаннан кейін, 2022 жылғы 17 қарашада Федерация Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) толыққанды мүшесі атанды. Бұл ҚРКФ-ның жаһандық деңгейде сындарлы рөл атқара алатынын дәлелдеген маңызды оқиға болды.

2023 жылы Федерация Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ХКК Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің (БЕАК) Вице-президенті, ал 2024 жылы ХКК Бас кеңесінің мүшесі болып сайланды. Бұл Қазақстанға әлемдік кәсіподақ қозғалысының жоғары шешім қабылдау деңгейінде өз дауысын жеткізуге мүмкіндік берді.

Федерация БЕАК Атқарушы комитетіне, Үйлестіру кеңесінің отырыстарына, БЕАК Әйелдер мектебі мен Жастар кеңесіне белсенді қатыса отырып, Қазақстан кәсіподақтарының барлық деңгейде (стратегиялықтан жедел басқаруға дейін) жүйелі өкілдігін қамтамасыз етіп келеді.

2021 жылы Федерация Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің (ОАКК) тең құрылтайшысы болды. Төрт жыл ішінде Кеңестің 8 отырысы өтіп, еңбек миграциясы, ұжымдық шарттар және жасыл экономика мәселелері бойынша басымдықтар айқындалды. Бүгінде ОАКК жай ғана сарапшылық алаңнан Орталық Азия елдерін ортақ еңбек күн тәртібіне біріктіретін тұрақты аймақтық коалицияға айналды.

2023 жылы Федерация ОАКК-ге төрағалық етіп, бірқатар бірегей жобаларды іске асырды:

  • Ортақ веб-сайт пен ақпараттық платформа іске қосылды;
  • ОАКК-нің логотипі, туы және бірыңғай визуалды айдентикасы әзірленіп, енгізілді;
  • ОАКК Жастар кеңесі құрылып, «Еңбек эволюциясы» атты халықаралық жастар форумы өтті;
  • Аймақтық «Үздік ұжымдық шарт» байқауы ұйымдастырылды;
  • Еңбек туризмін дамыту туралы меморандумға қол қойылды;
  • Жастарды әлеуметтік біріктіру мақсатында Орталық Азия елдері кәсіподақтары арасында дәстүрлі “CTUCA CUP – 2023” футзал турнирі өтті;
  • Еңбек саласында жасанды интеллектіні реттеудің бірыңғай аймақтық стандарттарын құру туралы бастама көтерілді.

Осы табысты қадамдардың заңды жалғасы ретінде Федерация аймақаралық стратегиялық бірлестік нысанында Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымын (ТМКҰ) құруға бастамашы болды. 2024 жылдың желтоқсанында ТМКҰ ресми түрде тіркелді.

ТМКҰ-ның бірінші съезінде (Анкара, 2025 жылғы 22 мамыр) Федерация Төрағасы жаңа құрылымның Бас хатшысы болып сайланды. Бұл — Қазақстанның түркі әлеміндегі кәсіподақ көшбасшылығының орталығы ретінде мойындалуының айқын дәлелі. Бүгінде ТМКҰ түркі әлемі кәсіподақтарының еңбек миграциясы, климат, ЖИ және әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша күш-жігерін жұмылдыратын жаңа платформаға айналды.

2025 жылғы 9–10 шілдеде Астана қаласы Орталық Азияда алғаш рет ХКК Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің (БЕАК) Жазғы мектебін қабылдады. Шараға 50 ұлттық кәсіподақ орталығынан 70-ке жуық кәсіподақ көшбасшылары мен сарапшылары жиналды. Екі күн бойы қатысушылар ұжымдық келіссөздер, еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс орнындағы демократия және еңбек саласындағы заманауи сын-қатерлерді талқылады. ХЕҰ-ның № 98 конвенциясы, ЕО директивалары, жаһандық негіздемелік келісімдер, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллектінің еңбек жағдайларына әсері сияқты тақырыптарға ерекше назар аударылды.

Жиын аясында Қазақстанға ХКК Бас хатшысы Люк Триангл мен ЕКК Бас хатшысы Эстер Линч, сондай-ақ ХЕҰ мен ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары келді. Бұл Жазғы мектептің жоғары мәртебесін және Қазақстанның халықаралық кәсіподақ қозғалысындағы өсіп келе жатқан рөлін айқындады.

Федерацияның тағы бір маңызды міндеті — оның өкілдері мен мүшелік ұйымдарының халықаралық іс-шараларға қатысуын белсендіру арқылы кәсіби дағдылары мен кәсіподақ тәжірибесін арттыру.

Қазіргі таңда Федерация 60-тан астам шетелдік кәсіподақ орталықтарымен және халықаралық ұйымдармен (БҰҰ жүйесіндегі ХЕҰ, Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ), «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы) тығыз жұмыс істейді. Сондай-ақ Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясымен, Жапония халықаралық еңбек қорымен (JILAF) және Фридрих Эберт қорымен серіктестік жолға қойылған.

Федерацияның орталық аппараты мен аймақтық ұйымдарының қызметкерлері және кәсіподақ мүшелері жыл сайын Жапония халықаралық еңбек қоры (JILAF) бағдарламасы бойынша білім алады. Азия, Африка, Орталық және Оңтүстік Америка елдерінің кәсіподақ көшбасшыларын даярлауға бағытталған бұл бағдарлама озық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Осы уақытқа дейін JILAF-та Федерацияның 42 өкілі оқып шықты, ал 2026 жылы тағы екі қызметкерді жіберу жоспарланған.

Фридрих Эберт қорымен (FES) бірлескен қызмет те тұрақты әрі жемісті сипатқа ие. Ынтымақтастық аясында жыл сайын конфликтология, медиация және еңбек дауларын шешу мәселелеріне арналған бірлескен оқыту семинарлары ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар кәсіподақ көшбасшыларының келіссөздер жүргізу дағдыларын дамытып, тиімді әлеуметтік диалог құру әлеуетін арттырады.

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында Федерация бірқатар жетекші шетелдік кәсіподақ орталықтарымен өзара түсіністік пен серіктестік туралы меморандумдарға қол қойды. Олардың қатарында Грузия кәсіподақтарының конфедерациясы, Моңғолия кәсіподақтарының конфедерациясы, Әзірбайжан кәсіподақтарының конфедерациясы, Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясы және Жалпыполыс кәсіподақтар альянсы бар. Сонымен қатар, Түркияның ірі кәсіподақ ұйымы — Hak-İş конфедерациясымен Ынтымақтастық туралы келісім жасалды.

Осылайша, Кәсіподақтар федерациясы отандық кәсіподақ қозғалысының жаңа халықаралық имиджін дәйекті түрде қалыптастырып келеді. Тек қатысушы рөлімен шектелмей, ҚРКФ:

  • Халықаралық альянстар құрып, ынтымақтастықтың институционалдық инфрақұрылымын дамытады;
  • Жасанды интеллект, жасыл экономика, еңбекті қорғау және әділ көшу мәселелері бойынша өңірлік көшбасшылықты қамтамасыз етеді;
  • Ұлттық бастамаларды жаһандық еңбек күн тәртібіне енгізуге қол жеткізеді;
  • Қазақстан кәсіподақ қозғалысының кадрлық және интеллектуалдық әлеуетін күшейтеді;
  • Географиялық ықпалын кеңейтіп, жай ғана бақылаушыдан жаһандық шешімдердің бастамашысы мен тең авторы деңгейіне өтуде.