Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 27 маусымдағы № 211-V ҚРЗ Заңы.
Дереккөз: Әділет
Осы Заң азаматтардың бірлесу бостандығына, кәсіптік одақтарды құруға, олардың қызметіне, қайта ұйымдастырылуына және таратылуына конституциялық құқығын іске асыруы нәтижесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
кәсіподақтардың аумақтық бірлестігі – аудан, қала, облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейіндегі кәсіподақтар бірлестігі;
әлеуметтік әріптестік – тең құқылы ынтымақтастыққа негізделген, жұмыскерлер (жұмыскерлер өкілдері), жұмыс берушілер (жұмыс берушілер өкілдері), мемлекеттік органдар арасындағы еңбек қатынастарын және еңбек қатынастарымен тікелей байланысты өзге де қатынастарды, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша олардың мүдделерін келісуді қамтамасыз етуге бағытталған өзара қатынастар жүйесі;
кәсіподақтың бастауыш ұйымы – тікелей ұйымда орналасқан және осы ұйымның жұмыскерлері болып табылатын кәсіподақ мүшелерінен тұратын кәсіподақтың құрылымдық бөлімшесі;
локалдық кәсіподақ – ортақ еңбек, өндірістік-кәсіптік мүдделермен байланысқан бір немесе бірнеше ұйым жұмыскерлерінің ерікті бірлестігі;
кәсіподақ мүшесі – кәсіподақ құрамына кіруге өз еркімен тілек білдірген және оған кірген, оның жарғысын танитын және сақтайтын, мүшелік кәсіподақ жарналарын төлейтін жеке тұлға;
кәсіптік одақ (кәсіподақ) – өз мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек, өндірістік-кәсіптік мүдделерінің ортақтығы негізінде өз еркімен құрылатын, тіркелген мүшелігі бар қоғамдық бірлестік;
кәсіподақ органы – кәсіподақ жарғысына сәйкес құрылған басқару органы;
мүшелік ұйым – осы Заңда белгіленген тәртіппен әлеуметтік әріптестіктің тиісті деңгейінде кәсіподақтың, олардың бірлестіктерінің құрамына қатысушы ретінде кіретін, олардың жарғыларын танитын және сақтайтын кәсіподақтар, олардың бірлестіктері;
кәсіподақтардың республикалық бірлестігі – облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейіндегі салалық кәсіподақтардың, кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктерінің бірлестігі;
салалық кәсіподақ – бір қызмет саласы (экономикалық қызмет түрлері немесе кіші түрлері) мен оған тектес салалар жұмыскерлерінің, ортақ еңбек, өндірістік-кәсіптік мүдделермен байланысқан локалдық кәсіподақтардың бірлестігі.
Сілтеме. 1-бапқа ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен өзгеріс енгізілді (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
2-бап. Қазақстан Республикасының кәсіподақтар туралы заңнамасы
Қазақстан Республикасының кәсіподақтар туралы заңнамасы Қазақстан Republicсының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңды адамдардың жекелеген санаттары үшін қолдану ерекшеліктері
Осы Заңның ережелері Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде іссапарда жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұратын және жұмыс істейтін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мүшелік кәсіподақ жарналарын төлеуі Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайларда жүзеге асырылады.
Жұмыс берушілердің өкілдері кез келген деңгейдегі кәсіподақтың сайланбалы органдарының құрамына кіре алмайды.
Сілтеме. 3-бапқа ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен өзгеріс енгізілді (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
4-бап. Кәсіподақтар құру бостандығы
Кәсіподақтар өз мүшелерінің тең құқылығы негізінде құрылады. Бір сала, ұйым шеңберінде құрылатын кәсіподақтардың саны шектелмейді.
Барлық кәсіподақтарға тең құқықтық мүмкіндіктер беріледі.
Кәсіподақ құруға кедергі жасауға, оның қызметіне қарсылық білдіруге, сондай-ақ оның ісіне заңсыз араласуға жол берілмейді.
5-бап. Кәсіподақтарды құру және олардың қызметінің принциптері
Кәсіподақтар өндірістік-салалық принцип бойынша құрылады.
Кәсіподақтар жарғыларды, құрылымды дербес әзірлейді және бекітеді, қызметтің басым бағыттарын айқындайды, кәсіподақ органдарын құрады, қызметті ұйымдастырады, жиналыстар, конференциялар, съездер және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен тыйым салынбаған басқа да іс-шараларды өткізеді.
Кәсіподақтар өз қызметінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардан, саяси партиялардан, жұмыс берушілерден және олардың бірлестіктерінен тәуелсіз, оларға бақылауда емес және есеп бермейді.
Кәсіподақтар осы Заңда белгіленген тәртіппен кәсіподақтар бірлестіктерін құра алады.
6-бап. Кәсіподақтардың халықаралық байланыстары
Кәсіподақтар жарғылық мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында жұмыс істейтін халықаралық кәсіподақтар бірлестіктеріне кіруге, сондай-ақ ынтымақтастық туралы шарттар, келісімдер жасасуға құқылы.
Кәсіподақтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықаралық ұйымдармен ынтымақтасуға және олармен бірлесіп еңбекшілердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған іс-шаралар өткізуге және жобаларды іске асыруға құқылы.
Сілтеме. 6-бап ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңының редакциясында (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
7-бап. Азаматтарды кәсіподақтарға мүшелігі белгісі бойынша кемсітуге тыйым салу
Кәсіподақтарға мүшелік Қазақстан Республикасының заңдарымен кепілдік берілетін азаматтардың еңбек, әлеуметтік-экономикалық, саяси, жеке құқықтары мен бостандықтарының қандай да бір шектелуіне әкеп соқпайды.
Жұмыскердің кәсіподаққа мүшелігі, оған кіруі немесе одан шығуы себебінен жұмысқа қабылдау кезінде, жұмысы бойынша жоғарылатуда кемсітушілікке, сондай-ақ жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға тыйым салынады.
Адамдарды кәсіподаққа кіруден тартынуға, бір кәсіподақтан шығып, екіншісіне кіруге немесе кәсіподақты өз бетінше таратуға мәжбүрлеу мақсатында оларға қауіп төндіру немесе басқа да заңсыз әрекеттер арқылы ықпал етуге тыйым салынады.
2-тарау. КӘСІПОДАҚТАРДЫ ҚҰРУ, ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ТАРАТУ
8-бап. Кәсіподақты құру
Кәсіподақ өздерінің кәсіптік және өндірістік мүдделерінің ортақтығымен байланысқан, құрылтай съезін (конференциясын, жиналысын) шақыратын, онда жарғы бекітілетін және кәсіподақ органдары құрылатын Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде он адамнан тұратын тобының бастамасы бойынша құрылады.
Мүшелікті алу және одан айырылу шарттары мен тәртібі кәсіподақ жарғысымен айқындалады.
Кәсіподақтың заңды тұлға ретіндегі құқық қабілеттілігі мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап туындайды.
9-бап. Кәсіподақ жарғысы
Кәсіподақ жарғысында мыналар көзделуге тиіс:
кәсіподақтың атауы, орналасқан жері, қызметінің мәні мен мақсаттары;
мүшелік, жеке тұлғалардың, мүшелік ұйымдардың кәсіподаққа (оның бірлестіктеріне) кіру, одан шығу, мүшеліктен айырылу шарттары мен тәртібі;
кәсіподақтың ұйымдық құрылымы;
кәсіподақ органдарын құру тәртібі, құзыреті және өкілеттік мерзімдері;
кәсіподақ органдарының есеп беру тәртібі, мерзімдері және олардың қызметін бақылау;
кәсіподақтың және оның мүшелерінің құқықтары мен міндеттері, соның ішінде әлеуметтік әріптестік және кәсіподақтар органдары, өзі мүшелік ұйымы болып табылатын кәсіподақ қабылдайтын шешімдерді орындаудың міндеттілігі;
кәсіподақ мүлкінің қалыптасу көздері, кәсіподақтың мүлікті басқару бойынша құқықтары;
мүшелік кәсіподақ жарналарын төлеу тәртібі және оларды бөлу;
өз мүшелерін ақшаның түсуі және жұмсалуы туралы хабардар ету тәртібі;
кәсіподақ жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;
кәсіподақты қайта ұйымдастыру және тарату, кәсіподақ таратылған жағдайда мүліктің тағдыры туралы шешім қабылдау тәртібі.
Жарғыда басқа кәсіподақтарға мүшелікке қатысты шектеулер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер көзделуі мүмкін.
10-бап. Кәсіподақты мемлекеттік тіркеу, қайта ұйымдастыру және тарату
Кәсіподақты мемлекеттік тіркеу заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Кәсіподақты мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттар тіркеуші органға кәсіподақтың құрылтай съезі (конференциясы, жиналысы) өткізілген күннен бастап екі айдан кешіктірілмей ұсынылады.
Тіркелген күннен бастап бір жыл өткенге дейін кәсіподақтардың республикалық, аумақтық бірлестіктері, салалық кәсіподақтар өздерін тіркеген органға осы Заңның 11-бабының 3-тармағында, 12-бабының 3-тармағында және 13-бабының 2-тармағында көзделген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.
Осы баптың 2-тармағында көзделген талаптарды сақтамау, оларды тіркеген органдардың мәліметтері негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының жүгінуі бойынша кәсіподақтардың республикалық, аумақтық бірлестіктерінің, салалық кәсіподақтың қызметін «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес үш айдан алты айға дейінгі мерзімге сот тәртібімен тоқтата тұруға әкеп соғады.
ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңымен алып тасталды.
Кәсіподақты қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Сілтеме. 10-бапқа ҚР 11.07.2017 № 90-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.05.2020 № 321-VI заңдарымен өзгерістер енгізілді (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3-тарау. КӘСІПОДАҚТАР МЕН ОЛАРДЫҢ БІРЛЕСТІКТЕРІНІҢ МӘРТЕБЕСІ
11-бап. Кәсіподақтардың республикалық бірлестігі
Кәсіподақтардың республикалық бірлестігі республикалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікте жұмыскерлердің, мүшелік ұйымдардың өкілетті өкілі болып табылады.
Кәсіподақтардың республикалық бірлестігін салалық кәсіподақтар және (немесе) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кәсіподақтарының аумақтық бірлестіктері коммерциялық емес ұйымның өзге ұйымдық-құқықтық нысанында құрады.
Кәсіподақтардың республикалық бірлестігінің облыстар, республикалық маңызы бар қалалар санының жартысынан астамын және астананы қамтитын аумақта мүшелік ұйымдары және (немесе) өкілдіктері (филиалдары) болуға тиіс.
3-1. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның жұмысына қатысу үшін кәсіподақтардың республикалық бірлестігі еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органды хабардар етуге тиіс.
Кәсіподақтардың республикалық бірлестігі республикалық деңгейде кәсіподақтар қызметінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз етуге, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік, еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау мәселелерінде мүшелік ұйымдардың іс-қимылдарын үйлестіруге ықпал етеді.
Кәсіподақтардың республикалық бірлестігінің негізгі функциялары:
өз мүшелік ұйымдарының құқықтары мен мүдделерін білдіру, қорғау;
өз мүшелік ұйымдары қызметінің негізгі бағыттарын, стратегиясын әзірлеу және айқындау;
әлеуметтік әріптестіктің барлық деңгейлерінде әлеуметтік әріптестік жүйесінің дамуына ықпал ету;
жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерімен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен бас келісімді жасасу кезінде әлеуметтік әріптестік тарапы ретінде әрекет ету, келісім жобасын дайындау және оны жасасу жөніндегі келіссөздерге қатысу;
әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның жұмысына қатысу;
мүшелік ұйымдармен ынтымақтасу және оларға шетелдік, халықаралық кәсіподақ бірлестіктерімен және еңбекшілердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында жұмыс істейтін өзге де ұйымдармен байланыс орнатуға жәрдемдесу;
жарғылық мақсаттарды іске асыруға бағытталған өзге де функцияларды жүзеге асыру.
Кәсіподақтардың республикалық бірлестігі өз мүшелік ұйымдары үшін кәсіподақтың үлгілік жарғысын ұсынуға және бекітуге құқылы.
Сілтеме. 11-бапқа ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен өзгерістер енгізілді (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
12-бап. Кәсіподақтардың аумақтық бірлестігі
Кәсіподақтардың аумақтық бірлестігі өңірлік деңгейдегі әлеуметтік әріптестікте жұмыскерлердің, мүшелік ұйымдардың өкілетті өкілі болып табылады.
Кәсіподақтардың аумақтық бірлестігін кәсіподақтар және (немесе) олардың бірлестіктері құрады.
Облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейіндегі кәсіподақтардың аумақтық бірлестігінің кемінде екі ауданның (облыстық маңызы бар қалалардың, қаладағы аудандардың) аумағында мүшелік ұйымдары және (немесе) өкілдіктері (филиалдары) болуға тиіс.
Аудан (облыстық маңызы бар қала) деңгейіндегі кәсіподақтардың аумақтық бірлестігінің тиісті аумақта кемінде екі мүшелік ұйымы болуға тиіс.
3-1. Облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейіндегі кәсіподақтардың аумақтық бірлестігі кәсіподақтардың республикалық бірлестігінің жарғысын сақтау шарттарымен оның құрамына мүшелік ұйым ретінде кіруге құқылы.
3-2. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық, қалалық, аудандық комиссиялардың жұмысына қатысу үшін кәсіподақтардың аумақтық бірлестігі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органын хабардар етуге тиіс.
Кәсіподақтардың аумақтық бірлестігінің негізгі функциялары:
өз мүшелік ұйымдарының құқықтары мен мүдделерін білдіру, қорғау;
өңірлік деңгейде әлеуметтік әріптестік жүйесінің дамуына ықпал ету;
өңірлік жұмыс берушілер бірлестіктерімен және Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдарымен өңірлік келісімді жасасу кезінде әлеуметтік әріптестік тарапы ретінде әрекет ету, келісім жобасын дайындау және оны жасасу жөніндегі келіссөздерге қатысу;
әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысына қатысу;
жарғылық мақсаттарды іске асыруға бағытталған өзге де functionларды жүзеге асыру.
Сілтеме. 12-бапқа ҚР 06.04.2016 № 483-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.05.2020 № 321-VI заңдарымен өзгерістер енгізілді (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
13-бап. Салалық кәсіподақ
Салалық кәсіподақ салалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікте жұмыскерлердің, мүшелік ұйымдардың өкілетті өкілі болып табылады.
Салалық кәсіподақтың облыстар, республикалық маңызы бар қалалар санының жартысынан астамын және астананы қамтитын аумақта құрылымдық бөлімшелері және (немесе) мүшелік ұйымдары болуға тиіс.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыскерлері облыстар, республикалық маңызы бар қалалар санының жартысынан астамын және астананы қамтитын аумақта құрылымдық бөлімшелері, мүшелік ұйымдары болған кезде салалық кәсіподақ құруға құқылы.
2-1. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік и еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссияның жұмысына қатысу үшін салалық кәсіподақ тиісті қызмет саласының уәкілетті мемлекеттік органын хабардар етуге тиіс.
Салалық кәсіподақ кәсіподақтардың республикалық бірлестігінің жарғысын сақтау шарттарымен оның құрамына мүшелік ұйым ретінде кіруге құқылы.
Салалық кәсіподақтың негізгі функциялары:
өз мүшелерінің, мүшелік ұйымдарының еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін білдіру, қорғау;
салалық деңгейде әлеуметтік әріптестік жүйесінің дамуына ықпал ету;
салалық жұмыс берушілер ұйымдарының өкілетті өкілдерімен және Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарымен салалық келісімді жасасу кезінде әлеуметтік әріптестік тарапы ретінде әрекет ету, келісім жобасын дайындау и оны жасасу жөніндегі келіссөздерге қатысу;
әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссияның жұмысына қатысу;
жарғылық мақсаттарды іске асыруға бағытталған өзге де функцияларды жүзеге асыру.
Салалық кәсіподақтың филиалдары мен өкілдіктері салалық кәсіподақтың атынан және оның өкілеттіктері шегінде өңірлік деңгейде келіссөздер жүргізу бойынша жұмыскерлердің өкілетті өкілдері болып табылады.
Сілтеме. 13-бапқа ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен өзгерістер енгізілді (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
14-бап. Локалдық кәсіподақ
Локалдық кәсіподақты ортақ еңбек, өндірістік-кәсіптік мүдделермен байланысқан бір немесе бірнеше ұйымның жұмыскерлері өз еркімен құрады.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыскерлері өз еркімен құратын локалдық кәсіподақ экономикалық қызметтің бірнеше түрінің (кіші түрлерінің) ұйымдарының жұмыскерлерін біріктіре алады.
Локалдық кәсіподақ ұйым (ұйымдар) деңгейіндегі әлеуметтік әріптестікте жұмыскерлердің өкілетті өкілі болып табылады.
Локалдық кәсіподақ салалық кәсіподақтың және (немесе) кәсіподақтардың аумақтық бірлестігінің жарғысын сақтау шарттарымен олардың құрамына мүшелік ұйым ретінде кіруге құқылы.
Сілтеме. 14-бапқа ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен өзгеріс енгізілді (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
15-бап. Кәсіподақтың бастауыш ұйымы
Кәсіподақтың бастауыш ұйымы ұйымда құрылады, кемінде үш адамнан тұрады және заңды тұлға құрылмай, локалдық немесе салалық кәсіподақтың құрылымдық бөлімшесі және ұйым деңгейіндегі әлеуметтік әріптестікте жұмыскерлердің өкілетті өкілі болып табылады.
Кәсіподақтың бастауыш ұйымын құру, оның қызметін тоқтату тәртібі, құқықтары мен міндеттері локалдық немесе салалық кәсіподақтың жарғысына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіподақтың бастауыш ұйымы туралы ережемен айқындалады.
4-тарау. КӘСІПОДАҚТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ, КЕПІЛДІКТЕРІ
16-бап. Кәсіподақтардың құрықтары
Кәсіподақтардың мыналарға құқығы бар:
өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау, сондай-ақ өз өкілеттіктері шегінде мемлекеттік органдармен, жұмыс берушілермен, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен (қауымдастықтармен, одақтармен), өзге де қоғамдық ұйымдармен өзара қатынастарда жұмыскерлердің өкілі болу;
өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қою арыздарын беру, медиация жүргізу кезінде, сотта, еңбек төрелігінде немесе арбитражда, мемлекеттік органдарда олардың мүдделерін қорғау, оларға өзге де құқықтық көмек көрсету;
мемлекеттік органдарға кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қысатын олар қабылдаған нормативтік құқықтық актілердің күшін толық немесе ішінара жою не өзгерту туралы жүгіну;
мемлекеттік органдардың кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қысатын актілеріне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасау;
еңбек дауларын сотқа дейін шешуге қатысу;
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және Қазақстан Республикасының медиация туралы заңнамасына сәйкес жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуге қатысу;
осы Заңға сәйкес өз мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру;
келіссөздер жүргізу, келісімдер мен ұжымдық шарттар жасасу;
ақшалай қорлар қалыптастыру;
еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес құрамында жұмыс орындарында еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу, сондай-ақ жұмыс орындарындағы еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауға тексерулер жүргізу бойынша жұмыс берушімен бірлескен іс-қимылдарды ұйымдастыру;
азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін, соның ішінде халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу;
келісімдер мен ұжымдық шарттарға сәйкес, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын сақтай отырып, қалыпты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шараларын зерделеу және қабылдау үшін өз өкілдері арқылы кәсіподақ мүшелерінің жұмыс орындарына бару;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ереуілдер, бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу;
мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының кәсіподақтар туралы заңнамасын бұзатын, келісімдер мен ұжымдық шарттарда көзделген міндеттемелерді орындамайтын адамдарды жауаптылыққа тарту бойынша ұсыныстар енгізу;
баспа қызметімен айналысу, өз жұмысын баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде ұйымдарда жария етіп көрсету;
кәсіподаққа меншік құқығымен тиесілі мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету;
жарғылық мақсаттарға сәйкес өз мүшелерінің мүдделері үшін өндірістік және шаруашылық қызметті жүзеге асыру;
халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға қатысу.
Қазақстан Республикасының заңнамасымен, келісімдермен және ұжымдық шарттармен кәсіподақтардың өзге де құқықтары белгіленуі мүмкін.
Сілтеме. 16-бапқа ҚР 23.11.2015 № 415-V; 06.04.2016 № 483-V; 08.04.2016 № 489-V; 25.05.2020 № 334-VI; 29.06.2020 № 351-VI заңдарымен өзгерістер енгізілді.
17-бап. Кәсіподақтардың міндеттері
Кәсіподақтар мыналарға міндетті:
Қазақстан Республикасының заңнамасын, жарғы ережелерін, кәсіподақ органдарының шешімдерін сақтау;
ұжымдық шарт, салалық, өңірлік, бас келісімдер бойынша міндеттемелерді орындау;
өкілеттіктер шегінде әлеуметтік-еңбек жанжалдарының алдын алу бойынша шаралар қабылдау;
кәсіподақ мүшелерінің Қазақстан Republicсының заңнамасында белгіленген ереуілдерді, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін сақтауын қамтамасыз ету;
кәсіподақ мүшелері арасында олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, соның ішінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының негіздері, сондай-ақ ұжымдық шарттың, татуластыру комиссиясының жұмысы туралы келісімнің (болған жағдайда) ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, келіссөздер жүргізу және еңбек дауларында консенсусқа қол жеткізу дағдыларын дамыту;
жұмыскерлердің ішкі еңбек тәртіптемесі қағидаларын және еңбек тәртібін, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын сақтауына ықпал ету;
кәсіподақ мүшелерін жарғыда айқындалған шарттарда және тәртіппен ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы хабардар ету;
кәсіподақ мүшесі емес жұмыскерлердің мүдделерін олардың жазбаша өтініштері негізінде кәсіподақ мүшелері үшін қолданылатын жағдайлармен бірдей негізде білдіру;
негізгі жұмысынан босатылмаған сайланбалы кәсіподақ органдарының мүшелері туралы олар сайланған немесе қайта сайланған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жұмыс берушіні хабардар ету.
Сілтеме. 17-бапқа ҚР 23.11.2015 № 415-V; 04.05.2020 № 321-VI; 25.05.2020 № 334-VI; 15.02.2023 № 199-VII заңдарымен өзгерістер енгізілді.
18-бап. Кәсіподақ мүшелерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау
Кәсіподақтар жұмыс берушіден тәуелсіз болып табылады және кәсіподақ органдары арқылы жұмыс берушімен қарым-қатынаста өз мүшелерін білдіреді, олардың еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін мынадай жолдармен қорғайды:
құқықтық және консультациялық көмек көрсету, соның ішінде кәсіподақ мүшесі жұмыс берушімен еңбек шартын жасасқан кезде;
сайланбалы кәсіподақ органдарының мүшелерімен еңбек шартын бұзудың негізділігі туралы дәлелді пікір білдіру, ұжымдық шартқа сәйкес өз мүшелерінің еңбек жағдайларын келісу;
өз мүшелерінің құқықтарын және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын мүдделерін қорғау туралы арызбен сотқа жүгіну;
өз мүшелерінің атынан, сондай-ақ кәсіподаққа жазбаша өтінішпен өкілеттік берген, кәсіподақ мүшесі емес жұмыскерлердің атынан жұмыс берушімен ұжымдық шарт, келісім жасасу;
жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі келісім комиссиясының, ұжымдық еңбек дауларын қарау кезінде татуластыру комиссиясы мен еңбек төрелігінің құрамына қатысу.
Өз мүшелерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында кәсіподақтар Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін барлық басқа тәсілдерді пайдалана алады.
Сілтеме. 18-бапқа ҚР 23.11.2015 № 415-V; 04.05.2020 № 321-VI заңдарымен өзгерістер енгізілді.
19-бап. Кәсіподақтардың республикалық, салалық, өңірлік деңгейлерде және ұйым деңгейінде әлеуметтік әріптестікке қатысуы және қабылданған шешімдердің орындалуына мониторинг жүргізу
Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестікке мынадай жолдармен қатысады:
әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты республикалық, салалық, өңірлік комиссияларда жұмыс істеу;
келісімдер мен ұжымдық шарттардың жобаларын әзірлеу және оларды жасасу;
еңбек қатынастарын және олармен тікелей байланысты өзге де қатынастарды реттеу, еңбек саласындағы жұмыскерлер құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша жұмыс берушілермен, олардың бірлестіктерімен (қауымдастықтарымен, одақтарымен), мемлекеттік органдармен консультациялар (келіссөздер) жүргізу.
Кәсіподақтар қабылдайтын шешімдер, ұжымдық шарттардың ережелері әлеуметтік әріптестік органдары қабылдайтын шешімдерге және бас, салалық және өңірлік келісімдердің ережелеріне сәйкес келуге тиіс.
Кәсіподақтар қабылдаған шешімдердің орындалуына мониторингті жоғары тұрған деңгейдегі кәсіподақтар жүзеге асырады:
локалдық кәсіподақтар қабылдаған шешімдерді – өздері мүшелік ұйымы болып табылатын салалық кәсіподақтар;
аумақтық бірлестіктер, салалық кәсіподақтар қабылдаған шешімдерді – өздері мүшелік ұйымы болып табылатын кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері.
20-бап. Кәсіподақ мүшелерінің құқықтарының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру
Кәсіподақтар өз мүшелерінің, сондай-ақ шарттық негізде өз мүдделерін білдіруге өкілеттік берген жұмыскерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.
Жұмыс беруші тарапынан жүргізілетін қоғамдық бақылауға қарсылық білдіруге және кедергі жасауға жол берілмейді.
Кәсіподақтар өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттаудан өткізуге тұрақты негізде қатысады.
Кәсіподақтың уәкілетті өкілі өндірістегі бақытсыз жағдайларды зерттеп-тексеру жөніндегі комиссияның құрамына кіреді.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыру мақсатында кәсіподақтар ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің құрамына паритеттік негізде кіреді.
Сілтеме. 20-бапқа ҚР 23.11.2015 № 415-V Заңымен өзгерістер енгізілді.
21-бап. Кәсіподақтардың талаптар қоюы, ереуілдер мен бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруы және өткізуі
Сілтеме. 21-баптың тақырыбы ҚР 25.05.2020 № 334-VI Заңының редакциясында.
Кәсіподақтар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде айқындалған тәртіпті сақтай отырып және шарттарда талаптар қоюға құқылы.
Егер татуластыру рәсімдері арқылы ұжымдық еңбек дауын шешуге қол жеткізілмесе, сондай-ақ жұмыс беруші татуластыру рәсімдерінен жалтарған немесе дауды шешу барысында қол жеткізілген келісімді орындамаған жағдайларда кәсіподақтар ереуіл өткізу туралы шешім қабылдай алады.
Бұл ретте жұмыскерлерді сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға шақыруға тыйым салынады.
Кәсіподақтар ереуілдерді, бейбіт жиналыстарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұйымдастырады және өткізеді.
Кәсіподақтар бірлескен наразылық акцияларын өткізу үшін өз күш-жігерін біріктіре алады және мұндай акцияларды басқа кәсіподақтармен және жұмыскерлер топтарымен ынтымақтастық белгісі ретінде өткізе алады.
Сілтеме. 21-бапқа ҚР 25.05.2020 № 334-VI Заңымен өзгерістер енгізілді.
22-бап. Масс-медиа саласындағы қызметті жүзеге асыру
Сілтеме. 22-баптың тақырыбы ҚР 19.06.2024 № 94-VIII Заңымен енгізілген өзгеріспен.
Кәсіподақтардың бұқаралық ақпарат құралдарын ұйымдастыруы және олардың қызметі «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Сілтеме. 22-бапқа ҚР 19.06.2024 № 94-VIII Заңымен өзгерістер енгізілді.
23-бап. Кәсіподақтардың ақшалай қорлары
Кәсіподақтар өз қаражаты мен тартылған қаражат есебінен кәсіподақтардың жарғылық міндеттері мен мақсаттарын іске асыруға бағытталған іс-шараларды қаржыландыруға арналған әлеуметтік-экономикалық мақсаттағы ақшалай қорлар қалыптастыра алады.
24-бап. Кәсіподақтардың мемлекеттің әлеуметтік саясатын қалыптастыруға қатысуы
Кәсіподақтар өз мүшелерін әлеуметтік қорғау жөніндегі жоспарлар мен бағдарламаларды, соның ішінде жұмыссыздықпен күрес және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бағдарламаларын, босатылатын жұмыскерлерді қорғауды, ең төменгі күнкөріс деңгейін белгілеу және оны сақтау жөніндегі іс-шараларды, табыстарды индекстеуді, ең төменгі жалақы, зейнетақы, стипендия және жәрдемақы деңгейін арттыруды әзірлейді, оларды тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныс ретінде енгізеді.
25-бап. Кәсіподақтар қызметінің кепілдіктері
Мақсаты кәсіподақтарды қандай да бір органдар мен ұйымдарға тікелей немесе жанама түрде бағындыру немесе олардың құқықтарын шектеу болып табылатын кез келген әрекеттерге, сондай-ақ осы Заңда және жарғыда көзделген кәсіподақтар қызметіне кедергі келтіретін әрекеттерге тыйым салынады.
Мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер (бірлестіктер, қауымдастықтар, одақтар) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорғалатын ақпаратты қоспағанда, кәсіподақ органына кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғауға байланысты мәселелер бойынша ақпарат беруге міндетті.
Келісімдерде немесе ұжымдық шартта көзделген жағдайларда, жұмыс беруші мәдени-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыруға кәсіподаққа ақша аударады.
Сайланбалы лауазымдарға сайлануы салдарынан жұмыстан босатылған адамдар үшін сайланбалы лауазымдағы жұмыс кезеңіне еңбек шартының мерзімі шеңберінде жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
Сілтеме. 25-бапқа ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен өзгеріс енгізілді.
26-бап. Кәсіподақ органдарына сайланған және негізгі жұмысынан босатылмаған адамдарға берілетін кепілдіктер
Негізгі жұмысынан босатылмаған сайланбалы кәсіподақ органдарының мүшелері өздері мүшесі болып табылатын кәсіподақ органының дәлелді пікірінсіз тәртіптік жазаға тартылмайды.
Негізгі жұмысынан босатылмаған кәсіподақ органының басшысы (төрағасы) жоғары тұрған кәсіподақ органының дәлелді пікірінсіз тәртіптік жауаптылыққа тартылмайды.
Заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған жағдайларды қоспағанда, негізгі жұмысынан босатылмаған сайланбалы кәсіподақ органдарының мүшелерімен жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға осы адамдар мүшесі болып табылатын кәсіподақ органының дәлелді пікірі ескеріле отырып, еңбек шартын бұзудың жалпы тәртібі сақталған кезде жол беріледі.
Заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған жағдайларды қоспағанда, негізгі жұмысынан босатылмаған кәсіподақ органының басшысымен (төрағасымен) жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты жоғары тұрған кәсіподақ органының дәлелді пікірінсіз бұзылмайды.
Жұмыс берушінің тәртіптік жаза қолдану және осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген адамдармен еңбек шартын бұзу туралы актісін шығару кезінде кәсіподақ органының дәлелді пікірін ескеру ұжымдық шартта көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Ұжымдық шарттарда кәсіподақ органдарының сайланбалы және басқа да мүшелері үшін өзге де кепілдіктер көзделуі мүмкін.
Кәсіподақ органдарының мүшелері өз мүшелерінің мүдделері үшін қоғамдық міндеттерді орындау, кәсіподақ оқуы уақытында, кәсіподақтар шақыратын съездерге (конференцияларға) делегат ретінде, сондай-ақ олардың пленумдарының, президиумдарының жұмысына қатысу кезеңінде негізгі жұмысынан босатылады.
Босату шарттары мен ақы төлеу тәртібі ұжымдық шарттарда және келісімдерде көзделеді.
Сілтеме. 26-бапқа ҚР 23.11.2015 № 415-V Заңымен өзгерістер енгізілді (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
5-тарау. КӘСІПОДАҚ ОРГАНДАРЫ ЖӘНЕ МҮШЕЛІК КӘСІПОДАҚ ЖАРНАЛАРЫ
27-бап. Кәсіподақ органдарының өкілеттіктері
Кәсіподақ мүшелері кәсіподақ жарғысында белгіленген тәртіппен кәсіподақ органдарына сайлауға және сайлануға құқылы.
Кәсіподақ органдарының өкілеттіктері кәсіподақ жарғысымен айқындалады.
Ұжымдық шарттар мен келісімдерге сәйкес кәсіподақ органдары мен жұмыс берушілер ұйымдарда еңбек, әлеуметтік-экономикалық және өзге де мәселелерді шешеді.
28-бап. Кәсіподақ органдарының қызметіне арналған материалдық жағдайлар
Кәсіподақ органының материалдық жағдайлары жарғы, ұжымдық шарт немесе келісім негізінде айқындалады.
Кәсіподақ мүшелерінің өздері кәсіподаққа берген мүлікке және мүшелік жарналарға құқықтары жоқ.
29-бап. Мүшелік кәсіподақ жарналары
Кәсіподақ ұйымның қызметіне нұқсан келтірмей, жұмыс және оқу орны бойынша мүшелік кәсіподақ жарналарын жинауға құқылы.
Тараптардың келісімі бойынша және кәсіподақ мүшелері болып табылатын жұмыскерлердің жазбаша өтініштері болған кезде жұмыс беруші айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірмей, жұмыскерлердің жалақысынан мүшелік кәсіподақ жарналарын кәсіподақтың шотына аударады.
Мүшелік кәсіподақ жарналары кәсіподақтың меншігі болып табылады.
6-тарау. КӘСІПОДАҚТАРДЫҢ МЕНШІГІ, ОЛАРДЫҢ ӨНДІРІСТІК ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ
30-бап. Кәсіподақтардың меншігі
Кәсіподақтардың меншігін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған, сатып алынған немесе оларға берілген мүлік құрайды.
Кәсіподақ меншігінің қалыптасу көздері мыналар болып табылады:
мүшелік кәсіподақ жарналары;
ерікті жарналар мен қайырмалдықтар;
Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған өзге де түсімдер.
Кәсіподақтар өздеріне меншік құқығымен тиесілі мүлікті кәсіподақ мүшелерінің мүдделері үшін иеленеді, пайдаланады және оған билік етеді.
Кәсіподақтар мемлекеттің, жұмыс берушілердің, басқа да заңды тұлғалардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал олар өз кезегінде кәсіподақтардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
Кәсіподақтардың қаржылық қызметі олардың жарғыларына сәйкес жүзеге асырылады.
31-бап. Кәсіподақтардың өндірістік және шаруашылық қызметі
Кәсіподақтар жарғылық мақсаттарға қол жеткізу үшін өндірістік және шаруашылық қызметті жүзеге асыруға құқылы.
7-тарау. ТОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
32-бап. Қазақстан Республикасының кәсіподақтар туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының кәсіподақтар туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
33-бап. Өтпелі ережелер
Сілтеме. 33-бап ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен алып тасталды (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
34-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
«Кәсіптік одақтар туралы» 1993 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Ведомостары, 1993 ж., № 8, 200-құжат; 1995 ж., № 20, 121-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Ведомостары, 2002 ж., № 15, 147-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; 2013 ж., № 15, 76-құжат) күшін жойды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК