Үлгі тұтар тұлға – музей қызметкері Жанар Әбешова

Салалық және өңірлік жаңалықтар 01.07.2026

Үлгі тұтар тұлға – музей қызметкері Жанар Әбешова

Абай облысы Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі – еліміздегі өнер қазынасының ең бай әрі ірі жинақтарының бірі. Бұл мәдениет ошағы 19 ғасырдан қалған тарихи көпес үйінде орналасқан және өзінің іргетасын 1985 жылы Юлиан Невзоров пен оның отбасының жеке коллекциясы негізінде қалаған. Бүгінде мұнда орыс және қазақ бейнелеу өнері туындыларының кең көлемді қорлары көздің қарашығындай сақтаулы. Осынау киелі өнер ордасының көпшілік ағарту және маркетинг жұмысы бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып еңбек ететін Жанар Әбешованың осы мекемеде тер төгіп келе жатқанына биыл 24 жыл толды. Сонымен қатар, ол осы ұжымның кәсіподақ ұйымына 9 жылдан бері табысты жетекшілік етіп келеді.

 

Жанар Жұмағазықызының жұмыс барысында өзін ісіне берілген, білімді де білікті маман және әрқашан ұжым мүддесін қорғайтын жанашыр жетекші ретінде таныта білді.

Оның жүргізген әрбір экскурсиясы мен дәрістері терең мазмұнымен, тартымдылығымен ерекшеленіп, келушілердің көңілінен шығып, жоғары бағаланып келеді.

Жанарға музейге келушілермен тікелей жұмыс істеу және жарнамалық қызметті үйлестіру секілді жауапты міндеттер жүктелген. Ол өзіне сеніп тапсырылған бұл істі жоғары деңгейде атқару мақсатында жоғары және орта білім беру мекемелерінің декандарымен, директорларымен және ұстаздар қауымымен тығыз әрі нәтижелі байланыс орнатқан.

 

Екі тілді де жетік меңгергендіктен, ол музейдің барлық тыныс-тіршілігін жоғары деңгейде үйлестіріп, мазмұнды экскурсиялар жүргізеді. Сонымен қатар, Жанар Әбешова бөлімдегі әріптестерімен бірлесіп, интернат мекемелерінің тәрбиеленушілері мен шалғай аудандардағы мектеп оқушыларына арналған түрлі дамытушы тренингтер мен көшпелі көрмелерді тұрақты ұйымдастырады.

 

Ол бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, музейдің барлық жарнамалық материалын қалалық, облыстық және республикалық ақпараттық сайттарға жүйелі түрде орналастырып қана қоймай, ауқымды көрмелер мен вернисаждардың ұйымдастыру жұмыстарына да белсене атсалысады.

Бойына қарапайымдылық, жинақылық пен мұқияттылықты жиған ол өз ісіне өте ұқыпты әрі еңбекқор. Күнделікті жұмыстың үлкен көлемін қажымай атқарып келе жатқан маман ұжымдағы әріптестері арасында зор абырой мен құрметке ие.

 

Музей қорындағы жәдігерлер мен экспонаттарды сақтап, оларды қалың көрерменге насихаттау жолындағы көзге көрінбейтін, бірақ өлшеусіз адал еңбегі үшін Жанар Жұмағазықызы бірнеше мәрте жоғары марапаттарға ие болды. Соның ішінде, 2005 жылы ШҚО мәдениет қызметкерлері кәсіподағының Дипломымен, 2016 жылы «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының Құрмет грамотасымен, 2021 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен және 2023 жылы Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.

 

Жанар Әбешова 2025 жылдың 16 сәуірінде бас қаламыз Астанада өткен Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің VIII съезіне қатысып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Алғыс хатын иеленді. Ал 2026 жылдың 29 маусымында Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының 30 жылдығына арналған «Кәсіподақ күші – бірлікте» атты эстафеталық челлендж аясында өткен аймақтық форумда Жанар Жұмағазықызы «Абай облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталып, жиналған қауымның зор қошеметіне бөленді.