Бүгін — ерекше күн.
Шілденің 1-інен бастап елімізде жаңа Конституция күшіне енді.
Мұндай тарихи оқиғалар жиі бола бермейді. Олар ел дамуының жаңа белесін айқындап, мемлекеттің жаңа ережелермен өмір сүруіне және өз болашағын жаңаша бағамдауына жол ашады.
Шыны керек, Конституция бізге өздігінен жол салып бере алмайды. Зауыт та тұрғызбайды. Жалақыны да өзгерте алмайды. Бірақ Ата Заңымыз мемлекеттің қандай құндылықтарға сүйенетінін анықтайды. Ертең қандай шешімдер қабылданатынын, балаларымыздың қандай елде өмір сүретінін көрсетеді.
Маған Конституциялық комиссияның құрамында жұмыс істеу бақыты бұйырды. Оңай жол болған жоқ. Пікірталастар көп болды. Әркімнің өз көзқарасы бар. Бірақ біз ортақ бір мәмілеге келуге тырыстық. Елдің мүддесін іздедік. Әрбір тармақтың артында құрғақ заң сөздері ғана емес, миллиондаған адамның тағдыры мен келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік тұрғанын сезіндік.
Ұсыныстың бәрі бірдей заңға енген жоқ. Бұл — заңдылық. Ата Заң жазылғанда бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес. Конституция тек бір топтың немесе бір буынның ғана мүддесін көздейтін құжат бола алмайды. Ол тек қоғамдық келісім мен болашаққа деген ортақ жауапкершілікті сезінгенде ғана мықты болады. Негізгі құжаттың беріктігі де осыған байланысты.
Жаңа Конституция тек жаңа заңдар жиынтығы емес. Ол — мемлекет дамуының жаңа бағыты, жаңа көзқарасы.
Мемлекеттің басты құндылығы — адам. Осы орайда заң әділ болуы шарт. Экономикалық өсім халықтың тұрмысын жақсартуға қызмет етуі тиіс. Елдің қуаты тек ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) көлемімен емес, адамдардың сенімімен, еңбекке деген құрметпен және әрбір азаматтың алға басуына жасалған мүмкіндіктермен өлшенеді.
Енді ең маңызды кезең басталды.
Заң күшіне енді. Бірақ іс мұнымен бітпейді. Негізгі жұмыс алда. Мәселе заңның қалай жазылғанында емес, оның қалай орындалатынында. Ол мектеп пен ауруханада көрінеді. Зауыт пен шахтада білінеді. Әр ауылда, әр қалада, әр мекемеде байқалады.
Ата Заңға арқау болған мақсаттардың іске асқанын сонда ғана көреміз. Оның өмірімізге сіңгенін сонда ғана түсінеміз.
Жаңа Конституция құрғақ мәтін күйінде қалмайды деп сенемін. Ол ел басқарудың жаңа сапасын әкеледі. Жауапкершілікті арттырады. Мемлекет пен халық арасындағы жаңа сенімге, жаңа қоғамдық шартқа айналады.
Жаңа жол басталды.
Ендігі ең басты міндет — бұл жолдан бірге, абыроймен өту.