Абай облысы кәсіподақтар бірлігі эстафетасын қабылдап алып,Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының 30 жылдығына арналған «Кәсіподақ күші - бірлікте» эстафеталық челлендж аясында облыстар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды аймақтық форум ұйымдастырды. Бүгінгі өткен форум «Кәсіподақтың күші – бірлікте» ұранымен Түркістан қаласында бастау алған мерейтойлық іс-шаралардың заңды жалғасы болмақ.

Осы жылдың сәуір айында Түркістан қаласында Қазақстан мен шетелдік мемлекеттердің кәсіподақ ұйымдары өкілдерінің қатысуымен «Кәсіподақтың күші - бірлікте» атты халықаралық форум жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Форум аясындағы ең маңызды оқиғалардың бірі сабақтастықтың, ынтымақ пен кәсіподақтар бірлігінің белгісі ретінде мерейтойлық Кубоктың әрбір облыс өкілдеріне табысталуы болды.

Абай облысы аталған эстафетаны қабылдап, 29 маусым күні Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан келетін делегацияларды қарсы алды.
Іс-шараның салтанатты ашылуы Абай атындағы әмбебап кітапханада өтті. Қонақтарға кәсіподақ қозғалысының тарихын, еңбек ұжымдарының жетістіктерін және кәсіподақтардың елдің әлеуметтік дамуына қосқан үлесін таныстыратын тақырыптық көрме ұсынылды.

Шараға мемлекеттік мекемелердің басшылары, мәдениет, архив және музей салаларының өкілдері, кәсіподақ ұйымдарының мүшелері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Абай облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасының орынбасары Мұқаев Дастан, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Ниетқабылов Ерлан, Павлодар облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Қожабеков Ерлан, Шығыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Түсіпбеков Түсіпхан, Абай облысы маслихатының депутаты Майжанов Уалихан, «Қазақстан спорт ардагерлері одағы» РҚБ Абай облысы филиалының директоры Даукеева Кульнар және басқа да қонақтар болды.

Бұл кездесу әріптестік байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауға қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар кәсіподақ қозғалысының дәстүрлерін сақтау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және кәсіподақтардың қоғамдағы рөлін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Шара барысында мерейтойлық Кубок эстафетаның келесі кезеңі ретінде Павлодар облысына табысталды.
Мерейтойлық эстафета кәсіподақ қозғалысының басты қағидатын тағы бір мәрте айғақтады: еңбек адамының мүддесін қорғауға және қоғамның өркендеуіне қызмет ететін күш бірлік, өзара қолдау және жасампаз еңбек арқылы қалыптасады.


Форумның өту барысында кәсіподақ қозғалысының дамуына елеулі үлес қосып, еңбек жолында жоғары жетістіктерге жеткен қызметкерлер «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт,туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы » ҚБ «Салалық кәсіподаққа 30 жыл», «Еңбек даңқы», «Мәдениет саласындағы кәсіподақ үздігі» және «Абай облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.


Түстен кейін Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан келген делегация мүшелеріне еліміздегі музейлерінің ішінде ең ірі ғылыми және мәдениет орталығы , Семей қаласындағы тарихи – мәдени орындардың бірі - "Абайдың Жидебай Бөрілі"мемлекеттік қорық-музейімен таныстырылды.


Форум Жанасемей ауданы Мәдениет үйінің әншілері дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.