БЕАК Жазғы мектебі: Кәсіподақтар еңбек саласының алдағы бағыттарын айқындауда

Федерация жаңалықтары 01.07.2026

БЕАК Жазғы мектебі: Кәсіподақтар еңбек саласының алдағы бағыттарын айқындауда

Сәрсенбі күні, 1 шілдеде Арменияның астанасында Бүкілеуропалық аймақтық кеңестің Жазғы мектебінің екінші күні аяқталды.

Шара «Болашақты айқындау – ХКК Конгресі және аймақтар үні» атты отырыспен ашылды. 

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Люк Триангл қатысушыларға онлайн форматта үндеу жолдап, әлемдік кәсіподақ қозғалысының ағымдағы басымдықтарына талдау жасады. Ол жаһандық күн тәртібін қалыптастыруда өңірлік қатысуды күшейту және еңбеккерлердің құқықтарын халықаралық деңгейде қорғау механизмдерін кеңейту қажеттігіне баса назар аударды.

 

Жиын барысында қатысушылар аталған халықаралық ұйымның күнделікті жұмысына қатысты іс-тәжірибелік мәселелерді аймақтар деңгейінде талқылады. Сөз болып жатқан мәселелердің өзегі – конфедерация Конгресі Мәлімдемесінің негізгі баптары, ұйым Жарғысына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар, басқарушы органдарды сайлау тәртібі, сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымының Бас директорын сайлау науқанына қатысты жайттар болды.

Түстен кейінгі уақыт «Лайықты еңбек – бейбітшілік пен тұрақтылықтың діңгегі» атты отырысқа арналды. Мұнда тараптар арасындағы түсіністікті дамытуға, еңбек құқығын қорғауға және жұмыспен қамту нарығының тұрақтылығын нығайтуға бағытталған халықаралық бастамалар сөз болды.

 

Халықаралық еңбек ұйымының Будапешттегі өкілі Кристина Мартинес Арменияның Сюник облысында қолға алынған ауқымды жобаны таныстырды. Бұл — БҰҰ Даму бағдарламасы мен Халықаралық еңбек ұйымының бірлескен бастамасы. Жобаның мақсаты — аталған аймақтың әлеуметтік-экономикалық тіршілігін жандандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік мекемелерді дамыту және аймақты өркендету ісінде кәсіподақтардың рөлін арттыру.

 

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Саяси директоры Жерун Бернарт әлемдік кәсіподақ қозғалысының алдағы жоспарын айқындайтын Жаһандық іс-қимыл бағдарламасын ортаға салды. Ондағы басты міндеттердің қатарына мыналар жатады: экономика жаппай цифрлық жүйеге көшіп, жұмыс істеу тәртібі өзгерген тұста және жасанды интеллект қарқынды дамыған жағдайда еңбеккерлердің құқығын қорғау, лайықты жалақы төленуін қамтамасыз ету, әлеуметтік көмек аясын кеңейту және ұжымдық келіссөздер жүргізу мүмкіндігін нығайту.

Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясының аға кеңесшісі Елена Краста «Бейбітшілік жолындағы кәсіподақтар» атты жаңа бастаманы таныстырды. Бұл жоба қоғамдағы ауызбіршілікті нығайтуға, халықаралық деңгейдегі кәсіподақтар ынтымақтастығын арттыруға және әлеуметтік әділдік қағидаларын алға жылжытуға бағытталған. Әсіресе, қоғамдық жанжалдардың алдын алуда, жұмысшылардың құқығын қорғауда және елдің баянды дамуын қолдауда кәсіподақтардың атқарар рөліне ерекше мән берілді.

 

Бүкілеуропалық аймақтық кеңестің Бас хатшысы Эстер Линч бұл Жазғы мектеп аясындағы пікірталастар мен бірлескен жұмыстар аймақтық кәсіподақ қозғалысының халықаралық деңгейде қаншалықты маңызды екенін дәлелдегенін жеткізді. Ол аймақтың үні халықаралық деңгейде үлкен салмаққа ие екенін атап өтті.

«Біз халықаралық ұйымды реформалаудан бастап Арменияның Сюник облысы сияқты нақты аймақтарды дамытуға арналған ауқымды жаһандық стратегияларды талқылай отырып, құрғақ сөзден нақты іске көшіп жатырмыз. Әлеуметтік әділдік қағидаларына бірлесе адал болу — болашаққа бастар бірден-бір дұрыс қадам», — деді Эстер Линч.

Күн соңында «Сөзден — нақты іске» атты қорытынды отырыс өтті. Жиналыста кеңестің Бас хатшысы Эстер Линч бірлескен іс-қимылды одан әрі нығайтудың және қабылданған шешімдерді оған мүше ұйымдардың күнделікті жұмысына енгізудің алдағы қадамдарын белгіледі.

Басқосуға қатысушылар халықаралық озық тәжірибені өз елдеріндегі кәсіподақ жүйесіне енгізуге, әлеуметтік сұхбатты дамытуға, еңбек құқығын қорғаудың тиімділігін арттыруға және тұрақты даму бағдарламаларын жүзеге асыруға кәсіподақтарды барынша тартуға дайын екендіктерін білдірді.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы