Қауіпсіз еңбек пен бақылау: Атырауда Сараптамалық кеңестің алғашқы отырысы өтті

Салалық және өңірлік жаңалықтар 02.07.2026

Қауіпсіз еңбек пен бақылау: Атырауда Сараптамалық кеңестің алғашқы отырысы өтті

Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастары жөніндегі үшжақты өңірлік комиссиясы жанындағы Еңбек қауіпсіздігі Сараптамалық кеңестің алғашқы отырысы өткізілді.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен және облыстық прокуратураның, Ішкі істер депатаментінің сондай-ақ, өнідірістік жарақаттану орын алған кәсіпорындар мен компаниялар өкілдерінің қатысымен дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел басындағы кездесу барысында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы өзекті мәселелер, оның ішінде жол-көлік оқиғалары салдарынан орын алған жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақаттанудың себептері және олардың алдын алу шаралары талқыланды.

Қызметтік көліктерге қатысты жол-көлік оқиғаларының алдын алу – ортақ міндет. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті жүргізген талдау осы жылы жұмыскерлердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артқанын көрсетті: 6 оқиға тіркеліп, оның екеуі адам өлімімен аяқталған.

Талдау нәтижесіне сәйкес, негізгі себептер – жылдамдық режимін сақтамау, маневр жасау талаптарын бұзу, қауіпсіз арақашықтықты сақтамау, ауа райы мен жол жағдайын ескермеу, маршрут бағытын дұрыс жоспарламау, қауіпсіздік белдігін бақыламау болды.

Бұл оқиғаларды тек жүргізушінің жеке қателігі ретінде қарастыру жеткіліксіз. Көп жағдайда мәселенің түп-тамыры алдын алу шараларының әлсіздігінен басталады. Сондықтан жұмыс берушілер көлік қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, жүйелі бақылау орнату қажет.

Басты бағыттар - кәсіптік тәуекелдерді бағалау, көлік құралдарына уақтылы техникалық қызмет көрсету, еңбек және демалыс режимін сақтау, қауіпсіз маршруттарды жоспарлау, тәжірибелі жүргізушілерді іріктеу, Defensive Driving курстарын ұйымдастыру, телематикалық бақылау жүйелерін енгізу, жол-көлік оқиғаларын түпкі себептерді талдау әдісімен зерделеу.

Жұмыскердің өмірі мен денсаулығы – ең басты құндылық, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау – әрбір жұмыс берушінің заңмен бекітілген міндеті.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу – ортақ жауапкершілік. Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай өз баяндамасында жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек жүргізушінің жауапкершілігімен шектелмейтінін атап өтті. Бұл – мемлекет, жұмыс беруші, кәсіподақ және әрбір жұмыскердің ортақ міндеті.

«Жұмыс берушілер қауіпсіз тасымалдауды ұйымдастыруға, қызметтік автокөліктердің техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін бақылауға, медициналық тексерулер мен кәсіби оқытуды ұйымдастыруға, сондай-ақ GPS-мониторинг, бейнетіркеуіштер және жүргізушінің шаршауын анықтайтын цифрлық жүйелерді енгізуге ерекше назар аударуы қажет. Сонымен қатар, барлық жол-көлік оқиғалары мен қауіпті жағдайлар түпкі себептері бойынша жан-жақты талданып, олардың қайталануына жол бермейтін нақты профилактикалық шаралар қабылдануы тиіс» - деп қорытындылады Еділ Ұзақбай.

Жол полициясы жол-көлік оқиғаларының себептеріне тұрақты талдау жүргізіп, авариялық қауіпті учаскелерді анықтау, бірлескен рейдтер өткізу, цифрлық бақылау құралдарын пайдалану және жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыруы тиіс

Дөңгелек үстелде мұнай-газ және өнеркәсіптік кәсіпорындарында қолданылып жүрген тиімді тәжірибелер де атап өтілді. Атап айтқанда, Journey Management, Defensive Driving, IVMS жүйелері, жүргізушілердің шаршауын бақылау, бейнетіркеуіштерді пайдалану, «Life Saving Rules», «Stop Work Authority» қағидаттары және жол-көлік оқиғаларын Root Cause Analysis әдісімен талдау қауіпсіздік деңгейін арттырудың тиімді құралдары ретінде ұсынылды.

Кездесуде пікір білдіруші мемлекеттік органдар өкілдері мердігер ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту, бірыңғай HSE стандарттарын енгізу, жүргізушілерді сертификатталған оқытудан өткізу, аудиттер жүргізу және көлік қауіпсіздігі көрсеткіштерін KPI жүйесіне енгізу мәселелерін көтерді.

Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, ақпарат алмасуды жүйелеу, ауыр жол-көлік оқиғаларын бірлесіп талдау және өңірдегі кәсіпорындарда қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыру бойынша нақты ұсынымдар берілді.

Адам өмірі мен денсаулығы – ең жоғары құндылық. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу – баршамыздың ортақ міндетіміз.