Шымкентте еңбек қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 22.05.2026

Шымкентте еңбек қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Шымкент қаласында Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Маңызды жиын «Шымкент қаласының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеевтің жетекшілігімен ұйымдастырылды. Үш жақты келісім аясында өткен мәжіліске комиссия мүшелері, мемлекеттік орган басшылары, қала аудандары әкімдіктерінің өкілдері мен кәсіподақ белсенділері қатысты. 

 

Басқосуда шаһардағы еңбек қауіпсіздігі, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау және еңбек тұрақтылығын сақтау бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

 

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы Жеңіс Мақұлбаев баяндама жасады. Ол қала кәсіпорындарында еңбек заңнамасының сақталуы мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысына тоқталды. Сонымен қатар еңбек шарттарын заңды рәсімдеу, электрондық еңбек шарттары мен міндетті зейнетақы жарналары бойынша анықталған сәйкессіздіктердің алдын алу жұмыстарын тізбеледі. 

 

Мәліметтерге сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы 4 айында 152 тексеру жүргізіліп, 174 заң бұзушылық анықталған. Нәтижесінде 79 нұсқама беріліп, 6,1 миллион теңге көлемінде 33 әкімшілік айыппұл салынды және мемлекеттік бюджетке 4,5 миллион теңге өндірілді. Бұдан бөлек, қала аумағындағы 12 кәсіпорында еңбек заңнамасының сақталуы бойынша профилактикалық бақылау жұмыстары жүргізілді.

 

Жиын барысында Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Алтеев кәсіподақтар жанындағы татуласу орталықтарының атқарған жұмыстары туралы баяндады. Ол еңбек дауларын сотқа жеткізбей, медиация тәсілімен шешудің тиімділігін атап өтіп, жұмыскерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы нақты көрсеткіштерді алға тартты. 

 

Жыл басынан бері «Заң клиникасы» 89 кәсіподақ мүшесіне тегін консультативтік-құқықтық кеңес берген. Сонымен қатар «Маида» медиация және психология орталығы кәсіподақ мүшелері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларын оқытудан өткізіп, арнайы курсты аяқтаған 20 адамға «Кәсіби медиатор» сертификатын табыстады.

 

Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, еңбек жанжалдарының алдын алу және ақпараттық-түсіндіру шараларының барысы туралы қала аудандары әкімдіктерінің тиісті бөлім басшылары да ақпарат берді. Олар өз аумақтарындағы еңбек тұрақтылығын сақтау және халық арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру бойынша атқарылған кешенді іс-шараларды баяндады.

 

Отырыстың қорытынды бөлімінде зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерді мерзімдік медициналық қарап-тексеру және кәсіптік аурулардың алдын алу мәселесі қаралды. Бұл тақырыпта Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Талғат Сермаңизов сөз сөйлеп, өндіріс орындарындағы санитарлық талаптардың сақталуы мен жұмысшылардың денсаулығын нығайту бойынша жүргізіліп жатқан бақылау жұмыстарына тоқталды. 

 

Департамент мәліметі бойынша, қалада зиянды еңбек жағдайларында барлығы 19 448 жұмыскер жұмыс істейді, оның 4 089-ы – әйелдер. Өткен екі жылда медициналық тексеруден өтуі тиіс 19 126 жұмысшы жоспарланып, олар толықтай (100%) тексеруден өткен. Медициналық зерттеулер қорытындысы бойынша кәсіптік аурушаңдыққа күдікті жағдайлар анықталмаған және соңғы алты жылда мұндай оқиғалар тіркелмеген.

 

Үш жақты комиссия отырысының нәтижесінде аудандарда арнайы жұмыс топтары құрылып, тараптар көтерілген мәселелерді бірлесе шешуге уағдаласты. Жиынды қорытындылаған Бауыржан Алтеев жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, еңбек заңдылықтарының бұзылуына жол бермеу және өндірістік жарақаттануды азайту мақсатында тиісті мемлекеттік органдар мен кәсіподақ өкілдеріне нақты тапсырмалар мен ұсыныстар берді.