Үлгі тұтар тұлға — тарихи-мәдени мұраны сақтаушы

Салалық және өңірлік жаңалықтар 07.07.2026

Үлгі тұтар тұлға — тарихи-мәдени мұраны сақтаушы

Мұрағат — өткен тарих пен бүгінгі күннің алтын көпірі, ал ондағы әрбір құжаттың артында адам тағдыры тұр. Осынау жауапты да қастерлі салада табанды еңбек етіп, тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға айрықша үлес қосып жүрген жанның бірі — Мәдениет Әубәкірова.

 

Оның Абай облысының мемлекеттік архивіндегі еңбек жолы 2008 жылы шаруашылық бөлімінен басталды. Ісіне ұқыпты маман 2014 жылдан бастап Әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұраныстарды орындау бөлімінде мұрағатшы, ал 2021 жылдан бері осы бөлімнің тізгінін ұстап, басшылық қызметті абыроймен атқарып келеді.

 

Бұл бөлімнің жұмысы тікелей халықпен байланысты. Азаматтардың еңбек өтілін растау, экологиялық аймақта тұрғаны туралы анықтама алу, туу, қайтыс болу, неке қию және оқу орнын бітіру секілді өмірлік маңызы бар сан түрлі сұраныстарына Мәдениет Жайырбайқызы әрдайым мұқият әрі уақытылы жауап береді. Әр құжатқа үңілген сайын кәсіби біліктілігі мен аналитикалық ойлау қабілетін көрсете білетін маман халықтың алғысына бөленіп жүр.

 

Ол тек өз ісінің шебері ғана емес, ұжымның ұйытқысы. 2023 жылдан бастап мекеменің кәсіподақ төрайымы қызметін де қатар алып жүр. Әріптестерінің мұң-мұқтажын тыңдап, ортада ашық диалог орната білетін Жайырбайқызы ұжымдағы позитивті және шығармашылық ахуалдың сақталуына үлкен еңбек сіңіруде. Әсіресе, жұмысқа жаңа келген жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, олардың кәсіби шыңдалуына, бәсекеге қабілетті болуына барынша қолдау көрсетеді.

 

Ерен еңбек пен кәсіби шеберлік еленусіз қалмайды. Мәдениет Жайырбайқызының мұрағат ісін дамытуға қосқан үлесі жоғары деңгейде бағаланып келеді. Ол әр жылдары мекеме басшылығының алғыс хаттарымен, 2023 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Құрмет грамотасымен, сондай-ақ салалық кәсіподақ ұйымдарының марапаттарымен ұлықталды.

Ал үстіміздегі жылдың маусым айында өткен «Кәсіподақ күші – бірлікте» атты аймақтық форумда Мәдениет Жайырбайқызына кәсіподақ қозғалысын дамытуға және еңбек жолындағы жоғары жетістіктері үшін «Абай облысының кәсіподақ орталығының» арнайы төсбелгісі табысталды.

Өз ісіне адалдық пен жоғары жауапкершілікті ту еткен Мәдениет Әубәкірова — бүгінде әріптестері арасында зор беделге ие, жастар үлгі тұтар нағыз өз ісінің маманы.