Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация 2–4 шілде аралығында Падуя қаласында өтіп жатқан Италия еңбек одағының (UIL) XIX Ұлттық конгресіне қатысуда.

Бұл жиынға әлемдік кәсіподақ қозғалысының алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылау үшін әр елдегі бас кәсіподақ жетекшілері, халықаралық бірлестіктердің өкілдері, мемлекеттік билік органдары мен халықаралық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ сала мамандары жиналды. Күн тәртібінің өзегі — халықаралық бірлікті нығайту, әлеуметтік әріптестікті дамыту, лайықты еңбек жағдайын жасау, геосаяси тұрақсыздық, экономиканың сандық жүйеге көшуі және жасанды интеллектің қарқынды дамуы жағдайында жұмыскерлердің құқықтарын қорғау болды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Италия еңбек одағының (UIL) XIX конгресінде бұл ұйымды елдегі ең ірі еңбекшілер басқосуының ашылуымен құттықтады.

Қазақстандық кәсіподақ жетекшісі Италия еңбек одағының халықаралық кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан зор үлесін атап өтіп, оның жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау және теңдік, әлеуметтік әділдік пен бірлік қағидаттарын ілгерілету жолындағы жүйелі жұмысына тоқталды.
«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Италия еңбек одағының (UIL) кәсіподақ қозғалысын дамыту мен нығайтуға қосқан салмақты үлесін, еңбекшілердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаудағы табанды қызметін, сондай-ақ бірлік, теңдік және әлеуметтік әріптестік құндылықтарына адалдығын жоғары бағалайды», - деді Сатыбалды Дәулеталин.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының пікірінше, бұл жиынның тақырыптары қазіргі заманның ең өзекті мәселелерін арқау етіп, кәсіподақ қауымдастығының бірлескен шешімдер қабылдауға деген талпынысына толық жауап береді.
«Жиын барысында, әсіресе халықаралық құқық, барлық тараптардың мүддесін ескеретін көпжақты ынтымақтастық және жасанды интеллект бойынша қабылданған шешімдер Италиядағы кәсіподақтардың одан әрі дамуына және олардың қоғамдағы рөлін арттыруға септігін тигізеді деп сенеміз. Қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында кәсіподақтардың еңбекшілер құқығы мен мүддесін қорғаушы, әлеуметтік әділдік пен лайықты еңбектің кепілі ретіндегі рөлі ерекше маңызға ие болып отыр», - деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин сонымен қатар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Италия еңбек одағы арасындағы әріптестік қатынастар алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді.

«Сіздерге жемісті жұмыс, сындарлы пікір алмасу мен алға қойған мақсаттардың сәтті жүзеге асуын тілейміз. Бұл жиын еңбекшілердің бірлігін, әділдігін және әлеуметтік қорғалуын нығайтудың жаңа кезеңіне жол ашсын. Еңбекшілердің құқықтарын қорғау және халықаралық кәсіподақ ынтымақтастығын нығайту ісінде ұйымдарымыз арасындағы өзара тиімді әріптестіктің одан әрі кеңейіп, тереңдей түсетініне кәміл сенеміз», - деді Қазақстанның кәсіподақ көшбасшысы.
Жиынның халықаралық бағдарламасы «Барлық тарапты қамтитын көпжақты тәсіл: күрделі мәселелер, ортақ болашақ — еуропалық және халықаралық кәсіподақ жетекшілері Италия еңбек одағының (UIL) жас өкілдерімен кездеседі» атты жиынмен ашылды. Бұл шара әлемдік кәсіподақ қозғалысының болашағын талқылайтын негізгі алаңға айналды.
«Көпжақты қарым-қатынас дағдарысы және жаһандық тепе-теңдікті қайта құру» атты алғашқы пікірталас алаңы геосаяси процестердің еңбек саласына тигізетін әсері мен халықаралық ынтымақтастықтың болашағына арналды. Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Люк Триангл жұмыскерлерді қорғаудың басты құралы ретінде халықаралық кәсіподақ бірлігін сақтау қажеттігіне баса назар аударды. Францияның CFDT кәсіподағының Бас хатшысы Марилиз Леон экономикалық тұрақсыздық жағдайында әлеуметтік серіктестіктің маңызы артып жатқанын атап өтті. Араб елдерінің, Мьянманың кәсіподақ ұйымдары мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері өзгермелі әлемдік тәртіп пен жаһандық сын-қатерлердің күшеюі жағдайында еңбек құқықтарын қорғаудың жаңа жолдарын талқылады.

«Еңбек, жастар және дағдарыс дәуіріндегі өтпелі кезеңдер» атты екінші пікірталас алаңында қатысушылар жастарды жұмыспен қамту, еңбек нарығының цифрлық жүйеге көшуі және экономиканың жаңа үлгілеріне әділ түрде бейімделуді қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ/OECD) жанындағы Кәсіподақтардың кеңесші комитетінің (TUAC) Президенті Вероника Нильссон цифрлық жүйеге көшу процесінде әлеуметтік кепілдіктерді сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Ал Бельгия, Болгария, Финляндия және Иордания кәсіподақ орталықтарының жетекшілері жас жұмыскерлерді кәсіподақ қозғалысына тарту және технологиялық өзгерістер жағдайында еңбек құқықтарын қорғаудың тиімді жүйесін құру тәжірибесімен бөлісті.

Сондай-ақ жиын барысында Италия еңбек одағының Бас хатшысы Пьер Паоло Бомбардьери негізгі баяндама жасап, ұйымның алдағы жылдардағы басты бағыттарын таныстырды. Ол еңбекақының лайықты болуына, жұмыскерлерді әлеуметтік қорғауға, ұжымдық шарттар арқылы қарым-қатынасты реттеуді дамытуға, еңбек қауіпсіздігіне және сандық экономика жағдайындағы кәсіподақтардың рөліне ерекше назар аударды.
Ашылу салтанатының құрметті қонағы ретінде Италия Республикасы Үкіметінің Басшысы Джорджа Мелони қатысып, сөз сөйледі.

Жұма күні конгрес өз жұмысын жалғастырады. Ондағы ең үлкен қызығушылық тудырып отырған шара — «Жасанды интеллект, еңбек және құқықтар. Өзгерістердің негізгі факторлары: келіссөздер жүргізу және болашақты қалыптастыру, адамдарды қорғау және қолдау» атты алдағы пікірталас алаңы.
Қатысушылар жасанды интеллектің қарқынды дамуы еңбек нарығын, мамандықтардың мазмұнын және жұмыспен қамтудың дамуын талқылайды. Назар аударылатын басты мәселелер — жұмыс орындарын сақтап қалу, цифрлық жүйеге көшу кезінде лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, есептеу алгоритмдері мен автоматты басқару жүйелерін енгізу кезінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау болмақ.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жаңа жағдайдағы кәсіподақтардың рөліне ерекше назар аударылатынын айтты. Оның пікірінше, адамдар экономиканың жаңа талаптарына бейімделе алуы үшін жұмыскерлерді жаппай жаңа мамандықтарға қайта оқыту және олардың біліктілігін арттыру қажеттілігі бөлек тақырып ретінде талқыланады.
«Қатысушылар сондай-ақ еңбек саласында жасанды интеллектіні заңмен реттеудің халықаралық тәжірибесімен бөліседі. Олар технологиялық даму, өнімділіктің артуы және негізгі еңбек құқықтарының сақталуы арасындағы тепе-теңдікті қалай қамтамасыз ету керек деген сұрақты талқылайды. Бұл пікірталас әлеуметтік әділдікті, лайықты жұмыспен қамтуды және тиімді әлеуметтік әріптестікті сақтай отырып, жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін еңбек адамының мүддесіне пайдалануға жағдай жасайтын қадамдарды әзірлеу алаңына айналады деп күтілуде», - деді Федерация Төрағасы.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы