Үлгі тұтар тұлға: шойын жолдың шыңдалған маманы

Салалық және өңірлік жаңалықтар 08.07.2026

Үлгі тұтар тұлға: шойын жолдың шыңдалған маманы

Теңіздей толқыған темір жол саласы – тек мықтылардың мекені. Тәртіп пен төзімділікті, темірдей қатаң жауапкершілікті талап ететін бұл салада жылдар бойы маңдай терін төгіп, ел игілігіне қызмет етіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі, Семей өңіріне танымал, шойын жолдың қыр-сырын бес саусағындай білетін білікті маман – Ерзат Хасенов.

 

Ерзат Қабдоллаұлы 1972 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Мектеп қабырғасын оқып, техникумды тәмамдаған соң, 1991–1993 жылдары Қиыр Шығыста Отан алдындағы азаматтық борышын өтеді. Әскери өмір шыңдаған жас жігіт 1995 жылы темір жол саласына, соның ішінде вагон шаруашылығына қадам басты.

 

Оның еңбек жолы «төменнен» басталды. Қарапайым жылжымалы құрамды жөндеу слесарінен бастап, қажырлы еңбегі мен табандылығының арқасында бүгінде Семей вагон пайдалану депосының директоры биігіне дейін көтерілді. Ерзат Қабдоллаұлы қызмет ете жүріп, білімін де ұштауды ұмытқан жоқ. 2004 жылы Алматыдағы Көлік академиясын сырттай бітіріп, жоғары білімді маман атанды.

 

Ұзақ жылғы ерен еңбек пен кәсібилік еленбей қалған жоқ. Тәжірибелі басшының кеудесінде «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін», «Үздік басшы», «Ерен еңбегі үшін» медальдары мен «Кәсіподаққа 30 жыл» төсбелгісі жарқырайды. Бұған қоса, компания басшылығынан алған көптеген алғыс хаттары – оның ісіне деген адалдығының айқын дәлелі.

Әріптестері оны жібектей сабырлы мінезі, еңбекқорлығы мен жастарға деген қамқорлығы үшін құрметтейді. «Ұжымдағы бірлік пен сыйластық – жұмыстың берекесі» дейтін басшы жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесімен бөлісуден жалыққан емес.

 

Ерзат Қабдоллаұлы – тек білікті маман ғана емес, отбасының берік тірегі. Бүгінде аяулы жарымен бірге 2 ұл, 2 қыз өсіріп, 1 немере сүйіп отырған бақытты ата, ардақты әке. Саналы ғұмырын сүйікті ісіне арнаған азаматтың өмір жолы – кейінгі ұрпаққа нағыз үлгі.

 

Осындай өз ісінің майталмандары барда ел экономикасының күретамыры саналатын темір жол саласының тынысы кеңейіп, тұрақтылығы нығая бермек. Еңбектің қадірін білген Ерзат Хасенов секілді нағыз еңбек адамдары – бүгінгі күннің батырлары.