Ақтөбелік өнерпаздар спорттық додада бас қосты

Салалық және өңірлік жаңалықтар 08.07.2026

Ақтөбелік өнерпаздар спорттық додада бас қосты

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ әрекет етуде» науқаны аясында Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының бастауыш кәсіподақ ұйымы ұжым қызметкерлері арасында дәстүрлі үстел теннисінен турнир ұйымдастырды.

Өңірдегі іргелі мәдениет ошағы саналатын Ақтөбе облыстық филармониясында бүгінде 300-ден астам кәсіподақ мүшесі бар. Шығармашылық ұжымның басын біріктіріп отырған бастауыш ұйым жұмысты жүйелі жүргізіп келеді. Оған дәлел — жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін осы спорттық дода. Жарыстың басты мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, қызметкерлер арасындағы ауызбіршілік пен өзара сыйластықты нығайтып, ұжымдық рухты көтеру.

 

Ұжымның ұйымшылдығы мен тұрақты дамуына филармония директоры, әлеуметтік әріптес Дина Ниязова әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Ал мәдени және спорттық шаралардың басы-қасында жүріп, оған мұрындық болатын — бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Шәригүл Өтегенова.

 

Турнирге арнайы қолдау білдірген «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Назира Табылдинова кәсіподақтың ұжымдағы рөліне тоқталды.

«Қуатты бастауыш кәсіподақ ұйымы — еңбек адамының мүддесін қорғап қана қоймай, ұжымдағы татулықты, өзара қолдауды және корпоративтік мәдениетті нығайтатын маңызды күш. Осындай игі бастамалар «Кәсіподақ әрекет етуде» науқанының басты мақсатына толық сай келеді», — деді ол.

Бұл шара кәсіподақтың әрдайым қызметкерлермен бірге екенін және олардың игілігі үшін белсенді әрекет ететінін тағы бір мәрте дәлелдеді.