Еңбек адамы - білікті ұстаз Күмісай Шотаева

Салалық және өңірлік жаңалықтар 08.07.2026

Еңбек адамы - білікті ұстаз Күмісай Шотаева

Елдің ертеңі - білімді ұрпақтың қолында болса, сол ұрпақты тәрбиелейтін тұлға - ұстаз. Сондықтан мұғалімнің еңбегі қашанда қоғамның дамуы мен ұлттың болашағын айқындайтын маңызды құндылықтардың бірі саналады. Осындай саналы ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім мен тәлім-тәрбие беруге арнаған, кәсібіне адал жанның бірі - Күмісай Шотаева.


Күмісай Бекмырзақызы 1981 жылдың 16 қаңтарында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданының Қаражон ауылындағы «Қаражон жалпы орта мектебін» тәмамдап, өмірлік таңдауын ұстаздықпен байланыстырды. Кейін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің математика мамандығы бойынша жоғары білім алып, педагогикалық жолға нық қадам басты.


Еңбек жолын 2003 жылы Түркістан қаласындағы Ж. Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясында бастаған ол 2011 жылдан бері осы қаладағы Т. Бигелдинов атындағы №16 жалпы орта мектебінде математика пәнінен дәріс беріп келеді. Осы жылдар ішінде бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, тәжірибесі толысқан, кәсіби шеберлігі қалыптасқан білікті педагог ретінде танылды.


    Математика - дәлдік пен терең ойлауды талап ететін күрделі ғылым. Осындай пәнді оқушыларға жеңіл әрі қызықты жеткізе білу үлкен ізденісті қажет етеді. Күмісай Бекмырзақызы әр сабағында оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға, логикалық ойлауын дамытуға және алған білімін өмірде қолдана білуіне басымдық береді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін педагог түрлі кәсіби байқауларға қатысып, өз біліктілігін шыңдап келеді. Оның жетістіктері тынымсыз еңбегі мен жауапкершілігінің нақты көрінісі.


    Ұжым арасында ол өз ісіне адал, қарапайым, талапшыл әрі әріптестеріне әрдайым қолдау көрсетуге дайын жан ретінде құрметке ие. Жас мамандармен тәжірибе бөлісіп, әдістемелік жұмыстарға белсенді араласып, мектептің қоғамдық өміріне де өзіндік үлесін қосып келеді.


    Күмісай Бекмырзақызы кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі ретінде де еңбек ұжымындағы ауызбіршілік пен өзара сыйластықтың нығаюына ықпал етіп келеді. Ұйымның бастамасымен өткізілетін мәдени-рухани, қайырымдылық және әлеуметтік жобаларға тұрақты қатысып, әріптестері арасында кәсіподақтың ынтымақ пен бірлікті нығайтатын маңызды қоғамдық институт екендігін өзінің ісімен дәлелдеп жүр. Ұжымдық құндылықтарды дәріптеу, әріптестердің құқықтары мен мүдделеріне құрметпен қарау, ұйымшылдықты қалыптастыру бағытындағы жұмыстардан да шет қалған емес.


Әрбір адамның өмірінде өз ісіне адалдық пен еңбекке деген сүйіспеншілік үлкен жетістікке бастайды. Күмісай Бекмырзақызының көп жылғы еңбек жолы осының жарқын дәлелі. Оның кәсіби біліктілігі, адамгершілік қасиеті, қоғамдық белсенділігі мен еңбекқорлығы әріптестеріне де, кейінгі буын педагогтерге де өнеге.


    Еңбек адамының басты өлшемі - атқарған қызметі мен қоғамға тигізген пайдасы. Осы тұрғыдан алғанда, Шотаева Күмісай Бекмырзақызының еселі еңбегі білім саласының дамуына, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына және кәсіподақ қозғалысының нығаюына қосылған лайықты үлес. Осындай жандардың қажырлы еңбегі қоғамның дамуына серпін беріп, «Еңбек адамы» деген мәртебелі ұғымның мәнін айшықтай түседі.