Абай облысының аудандарына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ниетқабылов пен Абай облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Қуаныш Сүлейменов еңбек заңнамасын қолдану мәселелері бойынша түсіндіру кездесулерін жалғастыруда.

Мақаншы аудандық мәдениет үйінде өткен жиынға жергілікті жұмыс берушілер, кәсіподақ мүшелері, бизнес қауымдастығы мен еңбек ұжымдары қатысты. Басқосудың басты мақсаты — заң талаптарын түсіндіру, бейресми жұмыспен қамтудың алдын алу және жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселелерін пысықтау болды.
Жиында Ерлан Ниетқабылов еңбек заңнамасына енген соңғы өзгерістерді жіпке тізді. Ол жұмыс берушілер үшін заң талаптарын қатаң сақтау уақыт талабы екенін ескертіп, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.

Ал кәсіподақ жетекшісі Қуаныш Сүлейменов жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаудағы ұжымдық шарттардың рөліне тоқталды. Оның айтуынша, лайықты әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасау үшін мемлекеттік органдар мен кәсіподақтардың бірлескен іс-қимылы өте маңызды.
Жұмыс сапары аясында топ жетекшілері «Di-Nur company» ЖШС-на арнайы барып, кәсіпорын директоры Серік Рамбаевпен жүздесті. Қазіргі уақытта бұл серіктестік аумағында жаңа май зауытының құрылысы жүріп жатыр.
«Құрылыс жүріп жатқан нысандарда өндірістік жарақаттанудың алдын алу — басты міндет. Сондықтан еңбек қауіпсіздігі мен техника қауіпсіздігі нормалары құрылыстың барлық кезеңінде қатаң сақталуы тиіс», — деп атап өтті мамандар.

Бұдан бөлек, кездесуде кәсіпорын жұмысшыларын ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің «Прииртышье» жергілікті кәсіптік одағына тарту және зауытта кәсіподақ ұйымын құру мүмкіндіктері талқыланды.