«Yntymaq»: Құқықтарды қорғау, даулардың алдын алу және ЖИ-ді пайдалану бойынша семинар басталды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 21.05.2026

«Yntymaq»: Құқықтарды қорғау, даулардың алдын алу және ЖИ-ді пайдалану бойынша семинар басталды

Бүгін Астана қаласында «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен екі күндік оқу семинары-тренингі өз жұмысын бастады.

Кәсіподақ ұйымдарының құқықтық әлеуетін арттыруға, еңбек қатынастары саласындағы өзекті өзгерістерді түсіндіруге және еңбек дауларын шешудің заманауи тәсілдерін меңгеруге бағытталған іс-шараға салалық кәсіподақтың өңірлік ұйымдарының басшылары мен белсенділері, келісу комиссияларының мүшелері және кәсіподақ кадрлары қатысуда.

Семинардың ашылу рәсімінде қатысушыларға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының кеңесшісі Қайрақбай Жанабеков пен «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының төрағасы Төлеген Шаимов құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақ қозғалысының алдында тұрған негізгі міндеттерге тоқталды.

Өз сөздерінде спикерлер еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда кәсіподақтардың рөлі артып келе жатқанын атап өтіп, кәсіподақ кадрларының кәсіби біліктілігін тұрақты жетілдірудің маңыздылығына назар аударды. Сондай-ақ әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек жанжалдарының алдын алу және қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері қазіргі кезеңнің басты міндеттерінің бірі екені айтылды.

Семинар бағдарламасының бірінші күні бірнеше маңызды тақырыптарды қамтыды. Атап айтқанда, еңбек саласындағы кәсіподақтардың құқықтық мәртебесін нығайту тақырыбын, 2026 жылғы 7 сәуірде қабылданған еңбек қауіпсіздігі жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндірді.  Сонымен қатар, еңбек жанжалдары мен дауларын басқарудың, олардың алдын алудың және шешудің психологиялық аспектілері, қызметкерлердің эмоционалдық әл-ауқатын қолдаудағы көшбасшылықтың рөлі, заңсыз жұмыстан босату туралы еңбек дауларын қарау тәжірибесі, ұжымдық еңбек дауларын шешу және ереуілге шығу құқығын іске асыру тетіктері  тақырыптары талқыланды.

Бағдарлама аясында қатысушылар еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесін талқылап, нақты жағдайлар бойынша пікір алмасып, еңбек дауларын шешуге қатысты практикалық тапсырмалар орындауда. Интерактивті форматтағы талқылаулар мен тәжірибелік жұмыстар қатысушыларға өз тәжірибелерімен бөлісуге және күрделі құқықтық мәселелер бойынша ортақ ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік беруде.

Ертең семинардың екінші күні «Кәсіподақ қызметінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, ықтимал тәуекелдер және қолдану тәжірибесі» тақырыбына арналады. Қатысушылар жасанды интеллект құралдарын кәсіподақ жұмысында тиімді пайдалану жолдарын, цифрлық технологиялардың еңбек қатынастарына ықпалын және ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылайды.

Осындай білім беру алаңдары кәсіподақ қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін арттырып қана қоймай, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау бойынша тиімді тәжірибелерді қалыптастыруға, әлеуметтік әріптестік институттарын нығайтуға және әділетті еңбек қатынастарын дамытуға ықпал етеді.