Қостанайда ветеринария қызметкерлері марапатталды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 09.07.2026

Қостанайда ветеринария қызметкерлері марапатталды

Ветеринария қызметкері күні қарсаңында Қостанай облысында сала мамандарына арналған салтанатты жиын өтті. Шараны Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының өңірлік филиалы ұйымдастырды.

Жиынды ашқан филиал төрайымы Зәуре Жұмабекова бұл кәсіби мерекенің күнтізбеге енуі — ветеринар мамандығының қоғамдағы маңызын лайықты мойындау екенін атап өтті. 

Сала мамандарының эпизоотиялық тұрақтылықты сақтауға, мал денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосып отырған үлесі зор. Сондай-ақ, төрайым кәсіподақтың жұмысшылар құқығын қорғау мен мамандық беделін арттыру бағытындағы еңбегіне тоқталды.

Мерекелік шараға облыстық Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Әсет Исмағамбетов те қатысып, маман иелерін құттықтады. Ол ветеринарларға өз ісіне адалдығы үшін алғыс айтып, еңбектеріне табыс тіледі.

Салтанатты жиынның ең маңызды сәті — үздіктерді ұлықтау болды. Көп жылғы адал еңбегі мен саланың дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар үздік басшылар мен мамандар Салалық кәсіптік одақтың медальдарымен, төсбелгілерімен және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ашық әрі жылы жағдайда өткен бұл кездесу агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы мен ел қауіпсіздігінің кепілі болатын ветеринария саласы мамандарының еңбегін тағы бір мәрте айшықтай түсті.