Қызылорда өңірінде теміржол саласының дамуына ғасырдан астам уақыт бойы үлес қосып келе жатқан бірегей әулет бар. Бұл – Байсағұловтар әулеті. Бүгінде олардың теміржолдағы жалпы еңбек өтілі 978 жылды құрайды. Қазіргі таңда әулеттің төртінші буыны ата кәсіпті абыроймен жалғастырып келеді.
Әулет шежіресі Жалағаш ауданының Мәдениет ауылынан басталады. Оның негізін қалаушы Төремұрат Байсағұлов 1903 жылы Орынбор–Ташкент теміржол магистралі салынып жатқан тұста дүниеге келген. Ол 1925 жылы Қызылорда локомотив депосына жұмысқа орналасып, жарты ғасырдан астам өмірін осы салаға арнады.
Бүгінде әулеттің үлкені Бұхарбай Байсағұлов — зейнеткер. Қырық жыл бойы тепловоз машинисі болған ардагер кейінгі буынға еңбекке адалдықтың үлгісін көрсетіп отыр.
Жалпы, Байсағұловтар әулетінен шыққан 25 адам теміржол саласында қызмет еткен және әлі де еңбек етіп жүр. Оның 13-і бейнеттің зейнетін көріп отырса, 12-сі қазір де жауапты қызметтерде.
Әулеттің көрнекті өкілі Бақыт Байсағұлова еңбек жолын 17 жасында операторлықтан бастап, кейін бас бухгалтер деңгейіне дейін көтерілді. Биыл осы саладағы 45 жылдық еңбек жолын қорытындылаған ол әке жолын қуып, теміржолшы болғанын мақтан тұтады.
Ал төртінші буын өкілі Бекболат Орынбеков еңбек жолын Арал өңіріндегі «Сексеуіл–Қоскөл» учаскесінен бастаған. Бүгінде ол «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Қызылорда бөлімшесінде өндірістік бөлімді басқарады. Бекболат теміржолшыларды арнайы киіммен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмысына жауапты.
Байсағұловтардың қажырлы еңбегі еленіп, олар талай мәрте салалық марапаттарға ие болды. Жақында бұл әулетке көрсетілген құрмет ретінде Қызылорда теміржол бөлімшесінің тарихи ғимаратына әулет негізін қалаушылардың бірі — Кәрбоз Байсағұловқа арналған ескерткіш тақта орнатылды. Бұл — ел игілігі үшін аянбай тер төккен еңбек әулетіне деген шынайы тағзым.