Астана қаласындағы Кәсіподақтар үйінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдердің еңбегіне арналған жиын өтті. Жиынға Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің өкілдері, құрылыс ұйымдарының еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандары қатысты.

Кеңесте өндірістік жарақаттанудың алдын алу, құрылыс саласындағы еңбек қауіпсіздігін күшейту, еңбек заңнамасының сақталуы және еңбек заңнамасының талаптарын бұза отырып кәмелетке толмағандарды еңбекке тартуға жол бермеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты талқыланды.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұрат Шәкеновтің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан 28 қызметкер зардап шеккен. Оның ішінде 8 адам қаза тауып, 20 адам ауыр жарақат алған. Бұдан бөлек, жеңіл және орташа ауырлықтағы 37 жазатайым оқиға тіркелген.

Өндірістік жарақаттану себептерін талдау нәтижесінде негізгі себептер ретінде жұмыстарды ұйымдастыру деңгейінің төмендігі, қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі талаптары бойынша жеткіліксіз оқытылуы, арнайы техниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы, ақаулы жабдықтарды қолдану, еңбек тәртібінің сақталмауы және жұмыс орындарын ұйымдастырудағы кемшіліктер анықталды.
Баяндамашының айтуынша, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзғаны үшін 22 кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 3,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
Сондай-ақ Астана қаласы прокуратурасымен бірлесіп, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану арқылы құрылыс нысандарына мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 93-бабы бойынша еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзған 13 ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал сот шешімімен екі құрылыс нысанындағы құрылыс-монтаж жұмыстары уақытша тоқтатылды.
Жиында сөз сөйлеген Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов жұмыс орнындағы маңызды мәселелерге тоқталды.
"Біздің ортақ міндетіміз – қауіпсіз жұмыс орындарын құру, еңбекақының уақытылы әрі лайықты төленуін қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау және жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту. Кәсіподақтар бұл мәселелерді үнемі басты назарда ұстап келеді. Жақын арада еңбек қатынастарын жетілдіруге және жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданды. Бұл еңбек адамының қауіпсіздігін арттырып, құрылыс саласындағы еңбек қатынастарын тиімді реттеуге мүмкіндік береді" , – деді ол.

Төлеген Күнәділов құрылыс нысандарында қауіпсіздік талаптарының орындалуына бақылауды күшейтудің маңызын ерекше атап өтті.
"Бас мердігерлер мен қосалқы мердігерлер еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Әсіресе, монолит құю, тас қалау, қасбетті әрлеу және жөндеу сияқты қауіптілігі жоғары жұмыстар кезінде жауапты техникалық инспекторлар бекітілуі қажет. Әрбір жұмыскермен міндетті түрде еңбек шарты жасалып, олар өндірістегі жазатайым оқиғалардан толық көлемде сақтандырылуы тиіс. Құрылыс саласы әлі де өндірістік жарақат алу қаупі жоғары салалардың бірі болып отыр. Сондықтан жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қатысты қауіпсіздік шараларына үнем жасауға болмайды. Біз барлық құрылыс компанияларын еңбек қауіпсіздігі талаптарын күшейтуге, қызметкерлерді тұрақты оқытуға және оларды қажетті жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етуге шақырамыз", – деді кәсіподақтар орталығының төрағасы.
Жиында балалар еңбегіне қатысты мәселе де кеңінен сөз болды.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұрат Шәкеновтің айтуынша, биыл 24 маусымда департамент «Байқоңыр» ауданы Полиция басқармасымен бірлесіп, «Артем» базары аумағында жедел-профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында сауда орындарына мониторинг жүргізіліп, жұмыс берушілерге кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын сақтау, сондай-ақ балалар еңбегін заңсыз пайдалануға жол бермеу жөніндегі заңнама талаптары түсіндірілді.
Мониторинг нәтижесінде еңбек шартын жасаспай кәмелетке толмағандарды жұмысқа тартудың үш фактісі анықталды. Аталған заң бұзушылықтар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады.
Сонымен қатар, 27–28 маусым күндері «Ажар», «Шапағат» және «Сарыарқа» сауда үйлерінде мониторинг жұмыстары жалғасып, 100-ден астам сауда нүктелері қамтылды.
Балалардың еңбек құқықтарын қорғау және оларды заңсыз еңбекке тартуға жол бермеу мақсатындағы бақылау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
Жиын қорытындысында құрылыс компанияларының өкілдеріне барлық жұмыскерлермен электрондық еңбек шарттарын уақытылы рәсімдеу, өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды қамтамасыз ету, әлеуметтік аударымдарды толық әрі уақытылы жүргізу және еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына ішкі бақылауды күшейту жөнінде нақты ұсынымдар берілді.