Мен үшін кәсіподақ – жай ғана ұйым емес. Ол – сенімнің, бірліктің және ортақ жауапкершіліктің мекені. Бұл – әр адамның дауысы естілетін, әр бастама қолдау табатын, әріптестердің құқығы мен мүддесі қорғалатын үлкен отбасы. Сондықтан мен кәсіподақ мүшесімін.

Теміржол саласындағы еңбек жолымды 2016 жылы Ақмола жол бөлімшесінің Саумалкөл станциясында жүкті қабылдап-тапсырушы болып бастадым. Осы жылдар ішінде әрбір атқарған қызметім маған еңбектің қадірін, ұжымның күшін және адамдарға қызмет етудің маңызын үйретті. Кейін персоналмен жұмыс саласында еңбек етіп, жастар қозғалысына белсене араласу арқылы кәсіподақтың адам өміріндегі шынайы рөлін терең түсіндім.

Менің өмірлік ұстанымым – адамға пайдаң тисе ғана еңбегіңнің мәні бар. Кәсіподақ маған дәл осы қағиданы іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Мұнда әріптестердің мәселесіне бейжай қарамайтын, әділдік үшін үн қоса алатын, қиын сәтте қолдау көрсететін азаматтардың ортасы қалыптасқан. Осындай ұжымның бір бөлшегі болу – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе.

Жастар – кез келген қоғамның қозғаушы күші, ал кәсіподақ қозғалысының болашағы да олардың белсенділігі мен бастамашылдығына тікелей байланысты. Сондықтан жастардың кәсіби тұрғыда өсіп, азаматтық ұстанымын қалыптастыруына жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Кәсіподақ осы жолда жас мамандарға білімін жетілдіруге, тәжірибе алмасуға, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға және қоғам игілігіне бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға кең мүмкіндік береді. Осындай ортада шыңдалған жас маман өз кәсібінің білікті иесі ғана емес, ұжымның бірлігін нығайтатын, әріптестеріне үлгі болатын және оң өзгерістердің бастамашысына айналады.

Менің түсінігімде, нағыз жас кәсіподақ белсендісі – өзгелердің мәселесіне бейжай қарамайтын, әріптестерінің мүддесін қорғауды өз міндеті санайтын, сөзден гөрі нақты іске басымдық беретін тұлға. Ол қиындыққа мойымай, кез келген сын-қатерді жаңа мүмкіндікке айналдыра біледі, адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, сенім мен ынтымақтастықтың үлгісін қалыптастырады. Себебі нағыз көшбасшылық – атқаратын лауазыммен емес, елге және ұжымға сіңірген еңбегімен, жасаған нақты ісімен өлшенеді.
Мен кәсіподақ мүшесімін, өйткені бірліктің құдіретіне сенемін. Бір адамның қолынан келмейтін істі ұйымшыл ұжым бірлесе отырып еңсереді. Ортақ мақсат, өзара қолдау және жауапкершілік бар жерде даму да, табыс та болады. Біз бір-бірімізге тірек болғанда ғана мықтымыз, ал бірлікке негізделген еңбек кез келген жетістікке бастайды. Сондықтан кәсіподақтың ең басты күші – адамдарды біріктіріп, ортақ мақсатқа жетелейтін ынтымақ пен сенім.

Мен үшін кәсіподақ – азаматтық жауапкершіліктің, адамгершіліктің және көшбасшылықтың мектебі. Бұл мектеп маған адамдардың сенімін ақтауды, тыңдай білуді, жауапкершілік алуды және қоғамға қызмет етудің қадірін үйретті.

Мен осы ұйымның мүшесі болғанымды мақтан тұтамын. Алдағы уақытта да кәсіподақтың дамуына, жастардың белсенділігін арттыруға және ұйымымыздың бірлігі мен беделін нығайтуға өз үлесімді қоса беремін.