«Қуатты бастауыш ұйым» жобасы аясында Абай облысының еңбек ұжымдарымен кездесулер легі өз жалғасын тапты. Кезекті басқосу 9 шілде күні Қорғаныс министрлігіне қарасты «Аягөз аудандық пайдалану бөлімі» мемлекеттік мекемесінде өтті.

Еңбек ұжымымен жүздесуге Абай облысы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Дастан Мұқаев, Еңбек инспекциясы комитетінің өңірлік департамент басшысы Ерлан Ниетқабылов және салалық кәсіподақ жетекшілері арнайы барды.

Кездесудің басты тақырыбы — Еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер болды. Жиын барысында жұмысшылар өз құқықтары мен кепілдіктері, еңбек қауіпсіздігі және кәсіподақ жұмысына қатысты көкейкесті сұрақтарын қойып, мамандардан нақты түсіндірмелер мен тәжірибелік кеңестер алды.

Басқосуда кәсіподақ қозғалысының негізгі діңгегі — бастауыш ұйымдардың рөліне ерекше екпін берілді. Кездесуге қатысушылар бастауыш ұйым еңбеккер мен жұмыс беруші арасындағы алтын көпір ретінде әлеуметтік әріптестікті нығайтудың және жұмысшы мүддесін қорғаудың басты құралы екенін атап өтті.