Оралда кәсіподақтар мұғалімдердің құқығын қорғады

Салалық және өңірлік жаңалықтар 10.07.2026

Оралда кәсіподақтар мұғалімдердің құқығын қорғады

Батыс Қазақстан облысында білім саласы қызметкерлерінің еңбек құқығын қорғауға бағытталған құқықтық кездесу өтті. Салалық кәсіподақтың аймақтық ұйымы ұйымдастырған бұл жиынға мемлекеттік еңбек инспекторлары Артур Батыров пен Талғат Асылбеков, «Кәсіподақтар орталығының» заңгері Махамбет Мұқашев және білім басқармасы мен мектеп өкілдері қатысты.

Басқосудың негізгі арқауы — қызметкер зейнет жасына толып, еңбек шарты тоқтатылған кезде төленетін өтемақы тәртібі болды. Бұл мәселе соңғы уақытта өңірдегі білім ошақтарында үлкен дауға айнала бастаған еді. Әсіресе Орал қаласындағы Ақниет атындағы №42 мектеп-гимназиясы мен №46 жалпы орта мектебінен осы тақырыпқа қатысты шағымдар мен өтініштердің көптеп түсуі кәсіподақ мамандарының араласуын талап етті.

Облыстық кәсіподақ ұйымының заңгері Гүлжанат Құрманғазиева еңбек заңнамасының талаптарын жіпке тізгендей түсіндіріп берді. Ол мұндай даулы жағдайлардың алдын алу үшін заңды дұрыс қолдану және қызметкерлерге дер кезінде құқықтық қолдау көрсету өте маңызды екенін алға тартты.

Жиынға келген мұғалімдер мен мектеп өкілдері өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, еңбек инспекторлары мен заңгерлерден нақты заң талаптарына сай толыққанды жауап алды. 

Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымы жұмысшылардың мүддесін қорғау және заңсыздықтарға жол бермеу бағытындағы осындай түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізіп отырмақ.