«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» науқаны аясында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағы Батыс Қазақстан облыстық ұйымының төрағасы Марат Даупаев бастаған жұмыс тобы құрамында бас маман Марина Темирғалиева және бас маман-заңгер Гүлжанат Құрмағазиева облыс аудандарында қоғамдық бақылау жүргізіп, кәсіподақ мүшелерін қабылдау жұмыстарын атқарды.
Жұмыс тобы Сырым және Қаратөбе аудандарындағы білім беру ұйымдарында болып, еңбек қатынастарына байланысты мәселелерді зерделеді. Атап айтқанда, салалық келісімге енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың орындалу барысы қаралды. Штаттық қызметкерлерге (педагогтер мен әкімшілік қызметкерлерден басқа) қосымша 3 күн ақылы демалыс күнін беру мәселесі бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, кейбір білім беру мекемелерінде ұжымдық шарттарға енгізілуі тиіс өзгерістер мен толықтырулардың рәсімделмегені анықталды. Осыған байланысты мекеме басшылары мен кәсіподақ ұйымдарына қолданыстағы еңбек заңнамасы талаптары түсіндіріліп, ұжымдық шарттарға тиісті өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар берілді.
Сырым ауданы бойынша Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымының жұмыс жоспарына және Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 154-бабы негізінде әлеуметтік әріптестік келісімдерінің қолданылуын, олардың орындалуын бақылау және тараптардың жауапкершілігін қарау мақсатында Бұлдырты жалпы орта мектебі мен Көгеріс негізгі орта мектебінің құжаттарына талдау жүргізілді.
Қоғамдық бақылау барысында еңбек заңнамасы талаптарының сақталуы, әлеуметтік әріптестік келісімдерінің орындалуы, ұжымдық шарттардың мазмұны және кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар қарастырылды. Анықталған мәселелер бойынша тиісті құқықтық кеңестер беріліп, оларды шешу жолдары бойынша ұсыныстар ұсынылды.