«Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалы жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымымен толықты.
Ағымдағы жылдың сәуір айында Салалық кәсіподақ өкілдері Қосшы қаласының Мәдени-спорт орталығының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында кәсіподақ ұйымын құрудың маңызы, оның еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы рөлі жан-жақты түсіндірілді.
Кейін өткен жалпы жиналыс барысында еңбек ұжымы бастауыш кәсіподақ ұйымын құру туралы шешім қабылдап, ұйымның сайланбалы органдары бекітілді. Жиналыс шешіміне сәйкес бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып Самал Сабырова сайланды. Сондай-ақ кәсіподақ комитетінің мүшелері мен тексеру комиссиясының құрамы да бекітілді.
Әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша Қосшы қаласы Ақмола облысының құрамына кіреді. Алайда Астана қаласына географиялық жақындығы және әлеуметтік-экономикалық байланыстары ескеріле отырып, «Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Ақмола облысы бойынша филиалының төрағасымен келісім жасалды. Осы келісім негізінде Қосшы қаласының Мәдени-спорт орталығында құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымы Астана қалалық филиалының құрамына енгізілді.
Бүгінгі күні 90 қызметкерден тұратын еңбек ұжымының 45-і кәсіподақ мүшелігіне қабылданған. Астана қалалық филиалының өкілдері ұжыммен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, жаңа кәсіподақ ұйымына құқықтық қолдау көрсетуде.