Кәсіподақ көмектесті: Еңбек адамын қорғаудың тағы бір жарқын үлгісі

Салалық және өңірлік жаңалықтар 16.07.2026

Кәсіподақ көмектесті: Еңбек адамын қорғаудың тағы бір жарқын үлгісі

«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» атты Бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқаны аясында Жамбыл облысының мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы еңбек адамдарының әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде қарапайым қызметкерлер үшін өмірлік маңызы бар әлеуметтік шешімдердің қабылдануына қол жеткізілуде.

 

Соның жарқын мысалы – «Анаға тағзым» Жамбыл облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлеріне қатысты қабылданған оң шешім. Аталған мекеме қызметкерлерінің еңбекақысының тым төмендігі мен кадр тұрақсыздығы мәселесі кәсіподақтың тұрақты бақылауында болды. Бұл түйткіл бірнеше мәрте жергілікті атқарушы органдар мен уәкілетті мемлекеттік мекемелердің алдында батыл көтеріліп, жан-жақты талқыланды.

Кәсіподақтың дәйекті ұстанымы мен мемлекеттік органдармен жүргізілген нәтижелі келіссөздердің арқасында Жамбыл облыстық мәслихатының шешімімен орталықтың азаматтық қызметшілеріне лауазымдық айлықақының 30 пайызы мөлшерінде ынталандырушы үстемеақы белгіленді.

Бұл – кәсіподақтың еңбек адамдарының мүддесін қорғаудағы нақты, қолмен ұстап, көзбен көрерлік нәтижесі. Қабылданған шешім қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттырумен қатар, олардың кәсіби ынтасын көтеруге, білікті мамандарды сақтап қалуға және еңбек ұжымындағы тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.