Ұстаздық жол – ұлағатты ғұмыр

Салалық және өңірлік жаңалықтар 16.07.2026

Ұстаздық жол – ұлағатты ғұмыр

Искакова Майраш Төлеубекқызы – саналы ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнап, бірнеше буын шәкірттің сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына, сондай-ақ көптеген жас педагогтің кәсіби шыңдалуына өлшеусіз үлес қосқан білікті басшы, тәжірибелі ұстаз.

Майраш Төлеубекқызы Қарағанды облысы, Қарқаралы қаласында дүниеге келген. Ол он балалы, берекелі отбасында тәрбиеленіп өсті. Әкесі мен анасы – бар ғұмырын ұстаздық қызметке арнап, «Оқу ісінің үздігі» атағына ие болған ардақты педагогтер. Отбасындағы тәлім-тәрбие, еңбекқорлық пен адамгершілікке негізделген өнеге оның өмірлік ұстанымын қалыптастырып, ұстаздық жолды таңдауға жетеледі.

 

1972 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1982 жылы орта білімді тәмамдады. 1983 жылы Қарағанды педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1987 жылы жоғары оқу орнын сәтті аяқтады. Сол жылы еңбек жолын бастап, 1987–1990 жылдары №1 мектепте бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарды. 1989 жылы партия қатарына қабылданды.

1990 жылдан 2005 жылға дейін Жәйрем кентіндегі №30 мектепте ұстаздық қызметін жалғастырып, шәкірт тәрбиесіне бар күш-жігерін арнады. 1998–2005 жылдары бастауыш сыныптар бойынша оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарып, білім беру сапасын арттыруға, оқу-тәрбие үдерісін жетілдіруге және педагогикалық ұжымның кәсіби дамуына елеулі үлес қосты.

 

2006 жылдан бастап Астана қаласындағы тұңғыш қазақ мектебі – Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясында директордың бастауыш сыныптар бойынша оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Өз қызметінде білім сапасын арттыруға, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін шыңдауға, жас мамандарға бағыт-бағдар беруге және мектептің оқу-тәрбие жүйесін жетілдіруге ерекше еңбек сіңірді. Іскер ұйымдастырушы ретінде ұжымның сый-құрметіне бөленіп, мектептің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

 

Ұзақ жылғы жемісті еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, 2018 жылы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат – оның білім саласындағы табанды еңбегі мен кәсіби шеберлігінің, ұстаздық жолдағы адалдығының лайықты бағасы.

Ұстаздық – жүрек қалауын, адалдықты, сабыр мен жауапкершілікті талап ететін қасиетті мамандық. Жақын арада зейнеткерлік демалысқа шығатын Майраш Төлеубекқызының өнегелі өмір жолы, мол тәжірибесі мен ұстаздық еңбегі әріптестері мен шәкірттеріне әрдайым үлгі болып қала беретіні сөзсіз. Оның тәрбиесін көрген шәкірттері мен тәлімін алған әріптестері бүгінде еліміздің әр саласында табысты еңбек етіп келеді.