Астанада жалпыкәсіподақтық науқан тұжырымдамасы таныстырылды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 13.07.2026

Астанада жалпыкәсіподақтық науқан тұжырымдамасы таныстырылды

Бүгін «Қазтеміржолкәсіп» салалық кәсіподағының «Астана» филиалында бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының қатысуымен кезекті апталық кеңес өтті. Басқосу барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің биылғы 26 маусымдағы отырысында қабылданған «Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» атты Бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқанының тұжырымдамасы жан-жақты таныстырылып, оны іске асырудың негізгі бағыттары талқыланды.

 

Кеңеске қатысқан Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин аталған науқанның маңыздылығына тоқталып, оның барлық мүшелік ұйымдардың күш-жігерін біріктіруге, кәсіподақ мүшелерімен кері байланысты нығайтуға және еңбек ұжымдарымен өзара ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталғанын атап өтті.

 

Кеңесте Бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқанның басты мақсаты – еңбеккерлердің өз кәсіподақтарына деген сенімін күшейтіп, ұйым қызметінің нақты нәтижесін әрбір мүшеге сезіндіру екені ерекше айтылды. Әрбір кәсіподақ мүшесі ұйымның қолдауын күнделікті өмірде сезініп, өзін ортақ істің белсенді қатысушысы әрі маңызды бөлігі ретінде қабылдауы тиіс. Сонымен қатар өзара бірлік пен ынтымақтастықтың ғана еңбек адамының үнін күшейтіп, оның құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерінің қорғалуына, сондай-ақ маңызды шешімдер қабылдау үдерістеріне ықпал етуіне жол ашатыны атап өтілді.

 

Қазіргі таңда «Қазтеміржолкәсіп» салалық кәсіподағының «Астана» филиалының құрамында 39 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Бұл ұйымдар елордадағы теміржол саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және ұжымдық келісімдердің орындалуын бақылау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

 

Филиал төрағасы Серік Сәрсекеев кеңеске түрлі себептермен қатыса алмаған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына Бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқанның тұжырымдамасы мен негізгі мақсат-міндеттерін, қағидаттарын, іске асыру тетіктері мен басым бағыттарын толық жеткізетінін атап өтті. 

 

Кеңес қорытындысында қатысушылар Бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқан кәсіподақ қозғалысының тиімділігін арттыруға, еңбек ұжымдарымен байланысты нығайтуға және еңбек адамының мүддесін қорғауда кәсіподақтың рөлін күшейтуге тың серпін беретініне сенім білдірді.