Еңбек адамының құқығын қорғап, жұмыс берушімен арадағы алтын көпірге айналу – кәсіподақтың басты міндеті. Осы мақсатта «QazMed» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы «Кәсіподақ жаныңда» жобасы аясында Жамбыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының ұжымымен кездесті. Шара «Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» атты жалпыкәсіподақтық науқан аясында өтті.

Филиал төрағасы Нұрлан Махашов бастаған өкілдер медицина қызметкерлерімен ашық диалог құрып, еңбек жағдайы, ұжымдық шарттың орындалуы мен әлеуметтік кепілдіктерді талқылады. Еркін форматта өткен басқосуда дәрігерлер мен медбикелер өздерін мазалаған сұрақтарды ашық қойып, заң аясындағы құқықтарын білуге мүмкіндік алды.

Жиынның басты тақырыбы – жұқпалы аурулармен тікелей байланыста жұмыс істейтін мамандарға төленетін қосымша ақы мәселесі болды. Бұл – бүгінде денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті тақырыптардың бірі.
Нұрлан Махашов қолданыстағы Еңбек кодексіне сүйене отырып, қосымша төлемдердің кімдерге, қалай және қандай негізде берілетінін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ еңбек дауы туындаған жағдайда кәсіподақтың құқықтық қолдау көрсету тетіктерін ортаға салды.

«Кәсіподақ жаныңда» жобасының басты мақсаты – қағаз бетіндегі емес, іс жүзіндегі көмекті көрсету. Біз әрбір қызметкермен тікелей байланыс орнатып, олардың мәселелерін заң шеңберінде шешуге ықпал етеміз», – дейді ұйымдастырушылар.
Кездесу соңында медицина қызметкерлеріне құқықтық кеңестер беріліп, қиын жағдайда кәсіподақ көмегіне жүгіну тәртібі түсіндірілді.