«Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні»: ҚРКФ жалпыкәсіподақтық науқанды жүзеге асыру бойынша өңірлік кездесулерін жалғастыруда

Федерация жаңалықтары 17.07.2026

«Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні»: ҚРКФ жалпыкәсіподақтық науқанды жүзеге асыру бойынша өңірлік кездесулерін жалғастыруда

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Жетісу облысына жасаған жұмыс сапары барысында Алматы және Жетісу облыстарының салалық кәсіподақ төрағаларымен, сондай-ақ аймақтардың кәсіподақ белсенділерімен кездесті. Басқосудың басты тақырыбы – «Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні»  атты жалпыкәсіподақтық науқанды жүзеге асыру болды.

Нұрлан Өтешев жиынды аша отырып, бұл жалпыкәсіподақтық науқан Кәсіподақтар федерациясына мүше барлық ұйымдардың жұмысындағы ортақ бағытқа айналуы тиіс екенін атап өтті.

«Қуатты кәсіподақ қуатты бастауыш ұйымнан басталады. Дәл осы жерде әрбір адам қолдау тауып, құқықтық көмек алады және өзінің еңбек құқықтарын қорғай алады. Біздің міндетіміз – кәсіподақты әрбір жұмысшыға жақындату, олардың өтініштеріне жедел жауап беру және бұл үшін заманауи цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану», - деп атап өтті ҚРКФ Төрағасының орынбасары.

Кездесуге қатысушылар науқан аясындағы бес жобаны жүзеге асыру қадамдарын талқылады. Олар: «Кәсіподақ көмектеседі», «Кәсіподақ жаныңда», «Еңбек адамы», «Жастар және еңбек болашағы» және «Қуатты бастауыш ұйым».

Бұл жобалар еңбекті қорғау, тегін құқықтық көмек көрсету және азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күндерін өткізуді, кәсіподақ белсенділерін оқытуды, өңірлер арасында озық тәжірибе алмасуды, сондай-ақ кәсіподақ мүшелеріне арналған цифрлық сервистерді дамытуды көздейді.

Жиынға қатысушылардың пікірінше, бүгінде дәл осы бастауыш кәсіподақ ұйымдары еңбек адамымен күнделікті тығыз байланыста жұмыс істейтін, олардың құқықтарын қорғауға және жұмыс орнындағы мәселелерін шешуге тікелей көмектесетін негізгі буын.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Цифрлық болашаққа бірге» атты цифрлық трансформация тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Онда кәсіподақ көмегін мейлінше қолжетімді әрі жедел етуге мүмкіндік беретін электрондық қызметтерді, цифрлық байланыс арналарын және заманауи құралдарды кеңейту туралы сөз болды.

Нұрлан Өтешевтің айтуынша, цифрлық шешімдер жұмысшыға қарсы болмауы керек, керісінше, кәсіподақтардың мүмкіндіктерін арттыруға тиіс.

«Цифрландыру – бұл жұмысшыларға жедел кеңес беруге, олардың құқықтарын тиімдірек қорғауға, аймақтар арасында тәжірибе алмасуға және кәсіподақ жұмысының сапасын арттыруға көмектесетін құрал. Заманауи технологиялар еңбек адамының мүддесіне қызмет етуі керек», - деді ол.

Кездесуді қорытындылай келе, қатысушылар жалпыкәсіподақтық науқан шараларын бірлесе жүзеге асыруға, бастауыш ұйымдардың жұмысын нығайтуға, жастар бағытын дамытуға және цифрлық сервистерді қолдану аясын кеңейтуге дайын екендіктерін растады.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы