ҚРКФ Төрағасы: «Құқығы қорғалған еңбек адамы және мықты жұмыс беруші - экономика тұрақтылығының қос негізі»

Федерация жаңалықтары 18.05.2026

ҚРКФ Төрағасы: «Құқығы қорғалған еңбек адамы және мықты жұмыс беруші - экономика тұрақтылығының қос негізі»

Дүйсенбі, 18 мамыр күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «PARYZ» жұмыс берушілер конфедерациясы ұйымдастырған «NEF 2026» атты бірінші ұлттық форумға қатысты. Бұл жиында мемлекеттік орган өкілдері, кәсіподақтар, жұмыс берушілер одағы мен халықаралық сарапшылар бас қосты. Олар еңбек нарығы өзгеріп жатқан заманда әріптестікті нығайту, жұмысшы мамандықтарын дамыту, оқу жүйесін заманға сай жаңарту, жұмыс орнындағы қауіпсіздік пен бизнестің халық алдындағы жауапкершілігі сияқты маңызды мәселелерді талқылады.

Форум қатысушыларына сөз арнаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев еңбек нарығы тез өзгеріп жатқан тұста барлық тарапқа ортақ міндеттер жүктелетінін айтты.

«Біздің қоғам бірнеше мәселені шешуі керек: цифрландыру әкелген жаңалықтарға бейімделу, үздіксіз білім беруді жолға қою және жұмысшыларды қорғаудың заманауи жолдарын табу», — деді Жаслан Мәдиев.

Форум қатысушылары алдында Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин де сөз сөйледі. Ол жұмыс берушілердің мұндай алғашқы форумын өткізу — Қазақстандағы өзара түсіністікті дамыту мен бизнес мәдениетін қалыптастырудағы үлкен қадам екенін атап өтті.

«Мұндай форумның өтуі — еліміз үшін өте маңызды оқиға. Бұл Қазақстандағы бизнестің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Кәсіпкерлер енді тек табыс табуды ғана емес, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына әсер ететін әлеуметтік мәселелерді де талқылауға дайын екенін байқатты», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақ басшысы өзгеріп жатқан еңбек нарығындағы негізгі қиындықтарға тоқталды.

«Бүгінде еңбек нарығының қалай тез өзгеріп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Цифрландыру, автоматтандыру, жаңа технологиялар мен жасанды интеллект өндіріс пен жұмыс талаптарын түбегейлі өзгертті. Қазақстан бұл өзгерістерді сезініп отыр. Мұндай жағдайда мемлекеттің мықтылығы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, мемлекет, бизнес және жұмысшының бір-бірін ести алуымен, мәселені бірлесіп шешуімен өлшенеді», — деді Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Оның айтуынша, қазіргі жұмыс берушілер елдің әлеуметтік-экономикалық саясатын қалыптастыруда басты рөл атқарады.

«Бүгінде жұмыс берушінің міндеті тек өндірісті басқарумен шектелмейді. XXI ғасырдың жұмыс берушісі — бұл тек басшы емес, ол экономика мен қоғамның дамуына жауапты жан. Бүгін бұл залда қабылдайтын шешімдері еліміздегі еңбек нарығына, тұрақтылыққа және жұмысшы адамға деген құрметке тікелей әсер ететін жандар жиналды. Бірақ қазіргі басты мәселе тек технологияда емес. Ең бастысы — білікті мамандарды қайдан табуға болады, оларды қалай тұрақтандыру керек және экономикалық пайда мен әлеуметтік тұрақтылық арасындағы теңдікті қалай сақтау керек? Дәл осы сұрақтар Қазақстан экономикасының болашағын айқындайды», — деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин маман тапшылығы, әсіресе, өндірісті аймақтарда қатты сезіліп отырғанын айтты.

«Өңірлердегі еңбек ұжымдарымен кездескенде бұл мәселе әрдайым алдымыздан шығады. Жұмыс берушілер де, жұмысшылар да жаңа жобаларға білікті маман табу қиындап кеткенін айтып шағымданады. Көптеген кәсіпорындар амалсыздан қолда бар қызметкерлерге ауыр салмақ салуға, өндірісті кеңейту жоспарын кейінге қалдыруға немесе жастарды өздері үйретуге мәжбүр. Бұл — ел экономикасы үшін ойланарлық белгі», — деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Сондай-ақ, Сатыбалды Дәулеталин адам капиталына инвестиция салу мен еңбек қатынастарының сапасын арттырудың маңызына тоқталды.

«Қазір жай ғана жұмыс орнын ашу жеткіліксіз. Адамдар өздеріне деген құрметті, лайықты еңбекақы мен жақсы жағдайды талап етеді. Білікті маман болмаса, өнеркәсіпті дамыту немесе жаңа технология енгізу мүмкін емес. Сондықтан жұмысшының білімін көтеруге, заманауи технологияға және дұрыс еңбек қатынасына көңіл бөлу керек. Жастардың болашағын өндіріспен байланыстыруы осыған тікелей байланысты. Біз еңбек адамы өз болашағына сеніммен қарайтындай жағдай жасауымыз қажет», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның сөзінше, қазір колледждер мен университеттер жұмыс берушілермен бірлесіп, экономиканың нақты сұранысына сай маман дайындау жүйесін құруы өте маңызды.

«Цифрландыру заманында жұмысшыларды қайта оқыту мәселесі де басты орында. Көптеген мамандықтар өзгеретінін түсінеміз. Сондықтан мемлекет, бизнес пен кәсіподақтар адамдардың жаңа заманға бейімделуіне көмектесіп, олардың үнемі білімін жетілдіруіне жағдай жасауы керек», — деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ Төрағасы еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс орнындағы жаңа мәдениетті қалыптастыру мәселесіне тоқталды.

«Еңбек қауіпсіздігі — ең басты міндет болып қалуы тиіс. Ешқандай өндірістік табыс немесе экономикалық көрсеткіш жұмысшының өмірі мен денсаулығынан биік тұра алмайды. Бұл ереже әрбір кәсіпорын жұмысының негізі болуы шарт. Сондай-ақ, жұмыс орнында бизнес пен жұмысшыны бір-біріне қарсы қоймайтын жаңа қарым-қатынас мәдениеті өте маңызды. Құқығы қорғалған еңбек адамы мен мықты жұмыс беруші — экономика тұрақтылығының қос негізі. Тек екі жақтың да мүддесі тең сақталғанда ғана тұрақтылық пен дамуға қол жеткізуге болады», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы елде жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалардың маңыздылығын да атап өтті.

«Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен экономиканы жаңғыртуға, жұмысшы мамандықтарын дамытуға, цифрландыруға және Әділетті Қазақстан қағидаттарын нығайтуға бағытталған ауқымды реформалар жасалып жатыр. Жаңа конституциялық үлгінің орталығына еңбек адамы, әділдік, заңдылық пен әлеуметтік жауапкершілік қойылды. Сондықтан бүгін Әділетті Қазақстанның бұл қағидаттары тек құжаттар мен стратегияларда ғана емес, кәсіпорындар мен компаниялардың күнделікті жұмысында көрініс табуы өте маңызды. Дәл осы себепті елімізге шынайы сенімге, ортақ жауапкершілікке және еңбек нарығының болашағына әсер ететін мәселелерді бірлесіп шешуге негізделген әріптестіктің жаңа деңгейі қажет», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының айтуынша, мемлекеттік қолдау ең алдымен өз қызметкерлерінің дамуына және еңбек қауіпсіздігіне қаржы құятын кәсіпорындарға берілуі керек.

«Халық алдында жауапкершілігі бар бизнесті қолдау қажет. Жұмысшылардың жалақысына, қауіпсіздігіне, оларды оқытуға және өндірісті жаңартуға ақша бөлетін кәсіпорындар мемлекет тарапынан нақты көмек алуы тиіс. Бұл — тұрақты экономика құрудың және жұмысшы мамандықтарының беделін арттырудың ең маңызды шарты», — деп тілге тиек етті Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ Төрағасы Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші индустриялық және технологиялық орталықтардың біріне айналуға толық мүмкіндігі бар екенін баса айтты.

«Қазақстанның аймақтағы мықты өнеркәсіп пен технология орталығы болуға әлеуеті жетеді. Бірақ бұл үшін біз ең басты бәсекеде — адам үшін болатын бәсекеде жеңіске жетуіміз керек. Бүгінгі ең маңызды сұрақ — біз бірлесіп адам өз болашағын, еңбегіне деген құрметті көре алатын және ертеңіне сеніммен қарайтын еңбек нарығын құра аламыз ба? Жастар өндірісті, жұмысшы мамандықтарын таңдап, өз болашағын Қазақстанмен байланыстыра ма — бұл қазір қабылданып жатқан шешімдерге тікелей тәуелді. Елдің болашағы тек мемлекеттік деңгейдегі шешімдермен ғана құрылмайды. Ол әрбір кәсіпорында, әрбір еңбек ұжымында және еңбек адамына деген көзқарастан басталады. Егер біз бизнес, мемлекет және жұмысшы арасындағы мүдде теңдігін сақтауды үйренсек, Қазақстан аймақтағы ең тұрақты әрі бәсекеге қабілетті мемлекеттердің біріне айналады», — деп түйіндеді Сатыбалды Дәулеталин.

Өз кезегінде, Халықаралық еңбек ұйымының Еуропадағы жұмыс берушілер ісі жөніндегі үйлестірушісі Хенрик Моллер еңбек нарығының тұрақты дамуы мен жұмыс берушілер ұйымдарының тиімді жұмысы олардың әріптестерімен жүйелі жұмыс істей білуіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Жұмыс берушілер, мемлекет және кәсіподақтар арасындағы ашық диалогты дамыту маңызды бағыт болып қала береді. Дәл осындай ынтымақтастық қана екі жаққа да тиімді шешімдер қабылдауға, еңбек нарығының тұрақтылығын сақтауға және қазіргі экономикалық және технологиялық сын-қатерлерге уақытылы жауап беруге мүмкіндік береді», — деді халықаралық сарапшы.

«PARYZ» ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов конфедерацияның басты міндеті — бизнес, мемлекет және кәсіподақтар арасындағы байланысты нығайту екенін айтты.

«Бүгінде Қазақстанда жұмыс берушілердің 300-ден астам қауымдастығы жұмыс істейді және олардың барлығын елге, өз саласына және бизнеске шынайы пайда әкелгісі келетін адамдар құрған. Біздің міндетіміз — олардың басын қосу, өзара байланысты күшейту, сенімді арттыру және мәселелерді бірге шешу. Қазіргі әлемде адамсыз ешқандай инвестиция, технология немесе зауыт жұмыс істемейді, сондықтан қызметкерлердің біліктілігін арттыру, білім беру және өзгерістерге тез бейімделу қабілеті экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің басты шартына айналып отыр», — деп атап өтті Жұмабек Жанықұлов.

Форум жұмысы одан әрі пікірталас сессиясымен жалғасты, онда мемлекеттің ұстанымын Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев білдірді.

«Еңбек нарығының өзгеруі мемлекеттің, кәсіподақтардың, жұмыс берушілердің, оқу орындарының және цифрлық платформалардың бірлескен жұмысын талап етеді. Бүгінгі форумға қатысушылардың барлығын кәсіби стандарттарды әзірлеуге, кадрлар даярлауға, цифрлық жұмыспен қамтуды дамытуға және Қазақстанда жаңа еңбек мәдениетін қалыптастыруға бірге атсалысуға шақырамыз. Біздің ортақ міндетіміз — тек икемді әрі технологиялық қана емес, сонымен бірге әділ, қауіпсіз және адамға бағытталған еңбек нарығын құру», — деді Еңбек министрлігінің басшысы.

Өз сөзінде Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бүкіл әлемде білім беру және еңбек нарығын реттеу жүйелері жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың жедел дамуына ілесе алмай жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан үздіксіз білім алуға, тез бейімделуге және болашақтың дағдыларын қалыптастыруға негізделген кадрлар даярлаудың жаңа үлгісіне көшіп жатыр.

«Білім беру жүйесі адамға болашақтың ең басты дағдысын — үнемі өзгеріп тұратын жағдайларға тез бейімделу, қайта оқу және жұмыс істей білу қабілетін үйретуі керек екенін түсініп отырмыз», — деді Саясат Нұрбек.

Министр Қазақстанда жаңа мамандықтардың 20 Аймақтық атласы және 73 мыңнан астам кәсіпорынды қамтитын еңбек нарығын талдаудың цифрлық жүйесі құрылғанын хабарлады. Сонымен қатар, 2025 жылы жасанды интеллект еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының студенттері үшін міндетті пәнге айналды.

Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі әлеуметтік әріптестіктің рөлі туралы БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча да айтып өтті.

«Тұрақты даму лайықты еңбексіз мүмкін емес, ал лайықты еңбек — бұл тек жұмыспен қамту ғана емес, сонымен бірге қауіпсіздік, тең мүмкіндіктер, адамның қадір-қасиетін құрметтеу және әлеуметтік әділдік. Мемлекет, жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы әріптестік, сондай-ақ болашақтың дағдыларына, үздіксіз білім алуға және инклюзивті экономиканы дамытуға салынатын инвестициялар ерекше маңызға ие. Дәл осындай тәсіл бизнестің тұрақтылығын, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін және әрбір адамның еңбек нарығындағы жаңа жағдайларға бейімделу мүмкіндігін қамтамасыз етеді», — деді БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі.

Қазіргі жағдайда жұмыс берушілер қоғамдастығын одан әрі дамыту және оның еңбек нарығын қалыптастыруға қатысуы туралы өз ойларымен Қазақстан Республикасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қанат Шарлапаев, «KAZENERGY» қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің ХЕҰ Бюросының лайықты еңбек мәселелері жөніндегі техникалық қолдау тобының бас маманы Владимир Чурович және басқа да қатысушылар бөлісті.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы