Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы «Еңбек адамын ұлықтау» республикалық медиа-байқауын жариялайды

Федерация жаңалықтары 22.05.2026

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы «Еңбек адамын ұлықтау» республикалық медиа-байқауын жариялайды

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы БАҚ өкілдерін «Еңбек адамын ұлықтау» атты республикалық медиа-байқауға қатысуға шақырады. Бұл байқау еңбек құндылықтарын дәріптеуге, қоғамдағы әділдікті орнатуға және қарапайым Еңбек адамына деген құрметті арттыруға бағытталған.

Бұл шара Кәсіподақтар федерациясының 2025–2030 жылдарға арналған «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновация» атты іс-қимыл стратегиясы аясында ұйымдастырылып отыр. Байқаудың басты мақсаты — жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, лайықты еңбек қағидаттарын насихаттау және еңбеккерлердің құқығын қорғайтын кәсіподақтардың рөлін нығайту.

Байқауға еліміздегі барлық деңгейдегі БАҚ журналистері, Кәсіподақтар федерациясына қарасты аумақтық және салалық бірлестіктердің баспасөз мамандары, фрилансерлер (еркін журналистер), блогерлер мен коммуникациялық агенттіктер қатыса алады.

Байқауға мынадай тақырыптардағы жұмыстар қабылданады:

  • Жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау;

  • Әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық шарттардың маңызы;

  • Еңбек қауіпсіздігі және жұмыс орнындағы қолайлы жағдайлар;

  • Лайықты еңбекақы төлеу мәселесі;

  • Кәсіподақтардың құқық қорғау бағытындағы жұмыстары;

  • Еңбек дауларын сотқа жеткізбей шешу жолдары;

  • Кәсіподақтардың әлеуметтік жобалары;

  • Халықаралық деңгейдегі кәсіподақтар байланысы;

  • Гендерлік теңдік және жастар саясаты;

  • Цифрландыру мен жасанды интеллект дамыған заманда жұмысшы құқығын қорғау;

  • Кәсіподақ жұмысындағы озық тәжірибелер;

  • «Еңбек тұлғасы» атты фотоматериалдар.

Өтінімдер 2026 жылдың 20 қыркүйегіне дейін қабылданады.

Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі Қазақстан кәсіподақтары күні қарсаңында өтеді.

Байқау қорытындысы ҚРКФ ресми сайтында жарияланады: kasipodaq.kz

Қатысу шарттары мен өткізілу тәртібі туралы толық мәліметті «Еңбек адамын ұлықтау» республикалық медиа-байқау туралы ережеде бекітілген.

 

 

 

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының

 «Еңбек адамын ұлықтау» республикалық медиабайқауы туралы 

Ереже

 

1. Жалпы ережелер

1.1. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (бұдан әрі – ҚРКФ) өткізетін «Еңбек адамын ұлықтау» республикалық медиабайқауы туралы ереже бұл сайысты ұйымдастыру тәртібін, жеңімпаздарды анықтау жолын және Байқау комиссиясының жұмыс істеу ережелерін белгілейді.

1.2. ҚРКФ ұйымдастырып отырған бұл байқаудың мақсаты – кәсіподақ қозғалысын кеңінен таныту, еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғап жүрген кәсіподақ ұйымдарының үздік тәжірибелерін көрсету, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру және қауіпсіз еңбек жағдайын жасау. Сондай-ақ, елдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсартуға кәсіподақтардың қосып жатқан үлесі туралы халыққа кеңінен ақпарат беруді көздейді.

1.3. Байқауды ұйымдастырушы – ҚРКФ. Ал байқауға түскен жұмыстарды қарап, оларға кәсіби сараптамалық баға беретін ұйым – ҚРКФ Бас кеңесінің Ақпараттық саясат жөніндегі комиссиясы.

1.4. Байқау аясындағы ресми хабарландырулар мен басқа да маңызды ақпараттар ҚРКФ-ның ресми сайтында (https://kasipodaq.kz/) жарияланады.

 

2. Байқаудың мақсаттары мен міндеттері

 

2.1. Байқаудың мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) арқылы қоғам назарын әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелерге аудару. Сонымен қатар кәсіподақ қозғалысының дамуын, олардың еңбек адамының құқығын қорғауға, еңбек жағдайын жақсартуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, лайықты жалақы төлеуге және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға жатқанын кеңінен көрсету.

2.2. Байқаудың міндеттері:

  • Еңбек саласындағы өзекті мәселелерге қоғамның назарын аудару;

  • Халықтың әл-ауқатын ойлайтын әлеуметтік мемлекет құрудағы ҚРКФ-ның рөлін көрсету;

  • Кәсіподақ тақырыбын кеңінен тарату, жұмысшылардың мәселелерін көтеріп жүрген журналистердің шығармашылық әлеуетін ашу;

  • Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымдарының тәжірибесі арқылы Еңбек адамының құқығын қорғаудың сәтті мысалдары туралы Қазақстан жұртшылығына ақпарат беру;

  • Жұмысшы мамандықтарын насихаттау және олардың абыройын асыру;

  • Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге Еңбек адамының қосып жатқан үлесін халыққа жеткізу.

 

3. Байқаудың тақырыптары

 

Байқауға жолданатын жұмыстар келесі тақырыптарды қамтуы тиіс:

  • Бір ұжым ішінде Еңбек адамының әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау;

  • Жергілікті жерлерде әлеуметтік әріптестікті нығайту және дамыту;

  • Ұжымдық шарт – әлеуметтік-еңбек қатынастарының негізі;

  • Қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету;

  • Лайықты еңбекақыны қамтамасыз ету; 

  • Кәсіподақтардың құқық қорғау қызметі – ҚРКФ Заң клиникасы;

  • Кәсіподақтардың еңбек заңнамасын жетілдіруге қатысуы;

  • ҚРКФ-ның «Татуласу орталығында» еңбек даулары мен жанжалдарды сотқа жеткізбей шешу;

  • Кәсіптік одақтардың әлеуметтік жобалары;

  • Кәсіподақтардың халықаралық ынтымақтастығы;

  • Кәсіподақтар және гендерлік теңдік;

  • Жасанды интеллект дәуірінде қызметкерлердің құқықтарын қорғау;

  • ҚРКФ-ның «Келешек» жастар қозғалысын дамыту;

  • ҚРКФ-ның ең үздік кәсіподақ тәжірибелері;

  • «Еңбек тұлғасы» фотобайқауы.

Байқау жұмыстары әртүрлі форматта қабылданады: очерк, сұхбат, мақала, теле және радиобағдарламалар, әлеуметтік зерттеулер (репортаждар) және т.б.

 

4. Байқау жұмыстарын рәсімдеу және өткізу тәртібі

 

4.1. Байқауға кез келген деңгейдегі барлық қазақстандық БАҚ журналистері, ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталықтары мен салалық кәсіподақтарының баспасөз мамандары, фрилансерлер, блогерлер, сондай-ақ агенттіктер мен коммерциялық емес ұйымдар қатыса алады. Бұған қоса, ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталықтары жақсы шыққан ақпараттық және журналистік материалдардың авторларын ынталандыру үшін оларды байқауға өз атынан ұсынуға құқылы.

Байқауға қатысу үшін осы Ереженің №1 қосымшасына сәйкес өтінімді толтырып, дайын жұмыстармен бірге мына электронды поштаға жіберу керек: kasipodaq_press@mail.ru

4.2. Байқауға өтінімдер хабарландыру жарияланған күннен бастап қабылданады.

4.3. Байқауға 2026 жылдың 1 маусымы мен 2026 жылдың 1 қыркүйегі аралығында эфирге шыққан немесе БАҚ-та жарияланған жұмыстар ғана қабылданады.

4.4. Байқау жұмыстары мынадай үлгіде өткізілуі тиіс:

  • Баспа материалдары – Microsoft Word форматында және оған қоса PDF форматындағы нұсқасы немесе ғаламтордағы сілтемесі берілуі керек (көшірмеде газет/журналдың аты мен шыққан күні анық көрінуі тиіс);

  • Телесюжеттер, радиоматериалдар және фотосуреттер – электронды түрде жолданады;

  • Байқау жұмыстарын USB флеш-тасымалдағышқа жазып өткізуге де болады.

4.5. Өтінімдер мен жұмыстар хабарландыруда көрсетілген мерзімнен кешіктірілмей өткізілуі тиіс. Байқау тақырыбына сәйкес келмейтін, талаптарды бұзған немесе белгіленген мерзімнен кешігіп келген жұмыстар сайысқа қабылданбайды. Жұмыстың тақырыпқа қаншалықты сай екенін Байқау комиссиясы өзі шешеді.

4.6. Байқау жұмыстары қазақ немесе орыс тілінде қабылданады.

 

5. Байқауға қатысушылардың міндеттері

 

5.1. Қатысушылар міндетті:

  • Байқаудың мақсатымен алдын ала танысып, осы Ережеде көрсетілген талаптарды мұқият оқып-танысуға;

  • Байқау жұмыстарын осы Ереженің талаптарына сай рәсімдеп, уақытылы өткізуге;

  • Осы Ережеде белгіленген барлық қағидалар мен рәсімдерді сақтауға.

5.2. Қатысушылар мына жағдайларға жауапты болады:

  • Байқау жұмыстары мен басқа да құжаттарда көрсетілген ақпараттың анықтығы мен шынайылығына;

  • Осы Ережеде бекітілген шарттар, қағидалар мен рәсімдердің бұзылуына;

  • Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқық бұзушылықтарға.

 

6. Байқау комиссиясының жұмыс тәртібі

 

6.1. Байқау комиссиясы құқылы:

  • Егер қатысушы осы Ереженің талаптарына сай келмесе, оны байқауға қатыстырмауға;

  • Егер Байқау комиссиясының мүшелері өз өкілеттігін асыра пайдаланғаны анықталса, байқаудың нәтижелерін кез келген кезеңде жоққа шығаруға.

6.2. Байқау комиссиясы міндетті:

  • Барлық қатысушыларға бірдей және тең жағдай жасауға;

  • Байқаудың ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге;

  • Байқау қорытындысы туралы мәліметтерді уақытынан бұрын жария етпеуге.

6.3. Байқау комиссиясының құрамы ҚРКФ Бас кеңесінің Ақпараттық саясат жөніндегі комиссия мүшелерінен тұрады.

6.4. Жұмыстарды бағалау кезінде комиссия мына белгілерге сүйенеді:

  • Тақырыптың өзектілігі;

  • Жан-жақтылық пен бейтараптылық (объективтілік);

  • Материалды берудің кәсіби деңгейі;

  • Ерекшелігі;

  • Жазылу стилі мен тіл байлығы;

  • Автордың өзіндік көзқарасы мен тұжырымдамасының дербестігі;

  • Ақпараттың дәлдігі мен шынайылығы;

  • Журналистік әдеп қағидаларының сақталуы.

 

7. Байқауды өткізу және қорытындысын шығару тәртібі

 

7.1. Байқау екі кезеңнен тұрады.

7.2. Бірінші кезең – ұйымдастыру кезеңі. Бұл кезеңде Ереже жарияланып, байқаудың басталғаны туралы хабарландыру ҚРКФ-ның ресми сайтында (https://kasipodaq.kz/) орналастырылады.

Екінші кезең – Байқау комиссиясының жұмыстарды қарауы және марапаттау салтанаты.

7.3. Байқаудың ресми қорытындысы 2026 жылдың 10 қазанына дейін шығарылып, ҚРКФ-ның сайтында жарияланады.

7.4. Байқау жұмыстары екі айналым бойынша қаралады:

  • Іріктеу туры – бұл кезеңде комиссия мүшелері түскен барлық жұмыстарды қарап шығады;

  • Финалдық тур – іріктеуден өткен ең үздік жұмыстар өзара бақ сынайды.

    Жұмыстарды қарау нәтижесі №2 қосымшаға сай рәсімделеді.

7.5. Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі 2026 жылдың 10 қазанынан кешіктірілмей өткізіледі.

 

8. Жүлде қоры

 

8.1. Байқаудың жүлде қоры осы Ережеге №3 қосымшаға сәйкес, ҚРКФ және оған мүше ұйымдардың қаржысы есебінен құралады.

8.2. Байқау комиссиясының шешімімен әр номинация бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға №3 қосымшаға сай дипломдар мен ақшалай сыйлықтар беріледі.

8.3. Байқаудың финалдық кезеңіне өткен барлық қатысушыларға естелік дипломдар табысталады.

8.4. Егер өткізілген жұмыстар байқау талаптарына сай келмесе, Байқау комиссиясы жүлделі орындарды бермей алып қалу құқығына ие.

8.5. ҚРКФ өз тарапынан қосымша арнайы сыйлықтар тағайындау құқығын өзінде қалдырады.

 

БАҚ өкілдері арасында 

ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының 

қызметі туралы ең үздік материалға 

арналған республикалық журналистер 

байқауының ережесіне 

№1 қосымша

Байқауға қатысу үшін өтінім

 

Тегі: __________________________________________

Аты: __________________________________________

Әкесінің аты: _____________________________________

Туған күні: _____________________________________

Білімі: ________________________________________

Жұмыс орны: ____________________________________

Номинация: _____________________________________

Материалдың атауы: _____________________________

Жарияланған материалға гиперсілтеме (ғаламтордағы тікелей сілтемесі):

___________________________________________________

Электронды пошта (E-mail): ________________________

Байланыс телефоны: _____________________________

Пошталық мекенжайы: ____________________________

Қолы: ______________

Күні: ______________