24kz: Міндетті сақтандыру жүйесі қайта қарала ма?

БАҚ біз туралы 25.05.2026

24kz: Міндетті сақтандыру жүйесі қайта қарала ма?

Былтыр елдегі сақтандыру компаниялары 136 млрд теңге жинап, соның тек 45 млрд теңгесін ғана жұмыскерлерге төлеп, қалғанын өз пайдасына жаратты. Қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесі Сақтандыру компанияларына тиімді болғанымен қауіпті өндіріс ошақтарынан өзге жұмыс берушілер үшін артық жүктеме салып отыр. Жарна мөлшерін қайта қарау керек. Мәжіліс мінберінен осындай ұсыныс айтылды. Қызметкерлерді сақтандыру мәселесінің мән-жайына шолушы әріптесім үңіліп көрді. Тараптар пікірі қандай? 

 

Тау-кен саласындағы жұмыскер мен қарапайым кеңседегі Ай-Ти маманы үшін қауіп деңгейі бірдей емес. Бірақ жұмыс беруші екеуіне де тең көлемде сақтандыру жарнасын төлейді. Басты базына осыдан туындайды. Елде қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесінің қолданыстағы шарттары елеулі өзгерісті қажет етеді. Ондағы жарна көлемі елдегі ең төменгі жалақы мөлшеріне тікелей байланысты. Жылына әр жұмыскер үшін 85 мың теңге төлеу - өндірістік қаупі аз жұмыс берушілерге, яғни шағын бизнеске, жеке кәсіпкерлерге, кеңседе жұмыс істейтін көптеген өзге де компанияларға артық шығын әкеліп отыр. 

 

Сақтандыру жүйесіне қатысатын 7 млн 100 мың жұмыскердің 2 млн-ға жуығы мемлекеттік, квазимемлекеттік және азаматтық салаға жатады. Былтыр кеңсе қызметкерлері арасында 75 оқыс жағдай болса, қауіпті өндіріс орындарында 727 адам зардап шеккен. Ұлттық банк дерегі бойынша былтыр Сақтандыру компаниялары жүйе аясында 136,1 млрд теңге жинап, іс жүзінде 45,2 млрд теңге төлеген.