«Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігіне азамат Аманбай Баймышев еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау мәселесі бойынша жүгінді.
Өтініш иесінің айтуынша, ол 2010 жылы «Бұрғылау» ЖШС-де еңбек етіп жүріп, өндірістік жарақат алу салдарынан мүгедектікке шыққан. Ал 2021 жылы жасына байланысты зейнеткерлікке аяқ басқан. Алайда, уақыт өте келе мекеменің ұжымдық шартында қарастырылған әлеуметтік қолдау шаралары мен жеңілдіктерді алу барысында, оның кәсіпорынның зейнеткерлер тізіміне енбей қалғаны белгілі болды.
Осы мәселеге байланысты «Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Серік Бекбергенов азаматты қабылдап, оған еңбек заңнамасы мен ұжымдық шарт талаптары аясындағы құқықтары бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді және тиісті құқықтық кеңестер берді.
Кездесу барысында азамат көтерген мәселе қолданыстағы заңнама мен ұжымдық шарт нормалары шеңберінде егжей-тегжейлі қаралып, оның құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктері мен алдағы қадамдары айқындалды.
Кәсіподақтар орталығы еңбек адамдарының заңды құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра береді.