ҚРКФ Төрағасы әлеуметтік әріптестіктегі маңызды басымдықтарға тоқталды

Федерация жаңалықтары 22.05.2026

ҚРКФ Төрағасы әлеуметтік әріптестіктегі маңызды басымдықтарға тоқталды

Жұма күні, 22 мамырда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен ҚРКФ Атқару комитетінің отырысы өтті.

 

Осы жиында Атқару комитеті мүшелері Павлодар және Ақмола облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің есептерін тыңдады. Олар өз аймақтарындағы үшжақты комиссиялардың атқарған жұмыстарының нәтижелерін бөлісіп, әлеуметтік әріптестік аясында жасалған келісімдердің іс жүзінде қалай орындалып жатқанына нақты мысалдар келтірді.

 

Ақмола облыстық үшжақты комиссиясының атқарған істері туралы «Ақмола облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы Қали Рахметов баяндады.

Ол өз сөзінде өңірдегі еңбек қатынастарын реттеуде әлеуметтік әріптестіктің негізгі құралға айналғанын атап өтті.

 

Қазіргі уақытта облыста 2024–2026 жылдарға арналған өңірлік келісім, сондай-ақ 17 аудан мен 3 қалада дәл осындай арнайы келісімдер жұмыс істеп тұр. Өткен жылы аймақтық комиссия 17 рет жиналыс өткізіп, оның аясында 47 маңызды мәселені талқылаған.

 

«Осы қаралған мәселелердің 28 пайызын кәсіподақ ұйымы өзі бастамашы болып көтергенін айта кеткен жөн. Бұл кәсіподақтардың комиссия жұмысына жай ғана қатысушы емес, күн тәртібін өзі айқындайтын негізгі күш екенін тағы бір мәрте дәлелдейді», - деді Кәсіподақ орталығының жетекшісі.

 

Оның берген мәліметі бойынша, аудандар мен қалаларда комиссиялардың 536 отырысы ұйымдастырылып, онда 1072 мәселе талқыға түскен.

 

«Біздің жұмысымыздың нәтижесі өткізген жиналыстардың санымен емес, қарапайым жұмысшылардың өміріндегі оң өзгерістермен өлшенуі тиіс. Ондай нәтижелер де жоқ емес. Мысалы, «Көкшетау Жылу» ШЖҚ МКК-да ұжымдық шартқа қосымша әлеуметтік кепілдіктер қосылды. Оның ішінде еңбек демалысына шыққанда берілетін ақша, зейнетке шыққандағы өтемақы және қиын жағдайға тап болған жұмысшыларға қолдау көрсету шаралары бар. Ал «Көкшетау Энерго» ЖШС жұмысшылардың кейбір санаттарының жалақысы 2–3 есе өсті. Басқа да бірқатар кәсіпорындарда еңбекақы 10-нан 50 пайызға дейін көтерілді. Міне, Бұл — келіссөздер мен әлеуметтік әріптестік жұмысының нақты жемісі», - деп атап өтті аумақтық бірлестік төрағасы.

 

Ақмола облысындағы жағдаймен танысқан соң, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмысшылардың құқығын қорғау және өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттерді жүктеді.

 

ҚРКФ Төрағасы еңбек келісімдерінің орындалуын жай ғана қағаз жүзінде тексеруді тоқтатып, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу жолдарын қайта қарауды тапсырды.

 

«Елімізде өндірісте жарақат алу, тіпті адам өлімімен аяқталатын ауыр жағдайлар әлі де тіркеліп жатыр. Дегенмен, кәсіподақ ұйымы бар кәсіпорындарда жарақаттану деңгейі әлдеқайда төмен. Мұнда тікелей байланыс бар екенін көріп отырмыз: кәсіподақтар еңбек қауіпсіздігін басқару ісіне нақты араласып, өндірістік кеңестер мен техникалық инспекторлар жүйелі жұмыс істеген жерде қауіп-қатер деңгейі айтарлықтай азаяды. Бұл — қоғамдық бақылаудың тиімділігінің айқын дәлелі. ҚРКФ Бас кеңесінің бекіткен нұсқаулықтарына сәйкес, өндірісте адам өлімі болған әрбір жағдай бойынша жұмыс берушімен бірлесіп, қайғылы жағдайдың себептерін жоюдың және қауіпті толық жою жөніндегі Жол картасы дереу жасалуы тиіс. Елімізде жыл сайын өндіріс орнында 200-ге жуық адам қаза табады. Біз «нөлдік жарақаттану» тұжырымдамасына қол жеткізгіміз келеді деп мәлімдейміз, бірақ бұл мақсат үшін күн сайын аянбай еңбек ету керек. Облыстық үшжақты комиссияның кез келген отырысы ең алдымен басты мәселе — еңбек қауіпсіздігін талқылаудан басталуы шарт. Бұл — бірінші кезектегі міндет», - деді Сатыбалды Дәулеталин.

 

Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы аймақтарға іссапар өткізу кезінде орталық аппарат пен өңірлік кәсіподақ орталықтарының өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі қажеттігіне назар аударды.

 

Еңбекшілердің тұрмыс деңгейін сөз ете келе, ҚРКФ Төрағасы барлық өңірлердегі қолданыстағы ұжымдық шарттарға талдау жасауды ұсынды.

 

Сатыбалды Дәулеталин жергілікті кәсіподақтар бірлестіктерінің жалақыны индекстеу бойынша нақты статистиканың болмауына жол берілмейтінін айтты.

 

«Көптеген адамдар құрғақ ұрандарға бой алдырып, индекстеу мен жалақыны жай ғана көтеруді шатастырып жатады. Шын мәнінде, индекстеу — бұл жұмысшының сатып алу қабілетін сақтап қалу, оның өткен жылғы тұрмыс деңгейін төмендетпей ұстап тұру деген сөз. Бұл жұмыс күнделікті жүргізілуі тиіс. Талдау қорытындысы көрсеткендей, қазіргі таңда еліміз бойынша ұжымдық шарттардың тек 10 пайызында ғана индекстеу туралы тармақ заң жүзінде бекітілген. Бұл мәселелер облыстық үшжақты комиссиялардың жиындарында міндетті түрде көтерілуі тиіс», - деді ҚРКФ Төрағасы.

 

Осымен бірге Сатыбалды Дәулеталин заманауи цифрлық жүйеге көшу аясындағы жаңа қадам — Ұжымдық шарттардың ұлттық тізілімін жасау туралы айтты. Жергілікті жерлердегі кәсіподақ басшыларына нақты ахуалды көру және қорғаныс тетіктерін енгізуге кедергі келтіріп отырған тұлғаларды анықтау үшін бастауыш ұйымдардың төрағаларымен тікелей байланыс құру тапсырылды.

 

Сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы «кәсіподақ — мемлекет — жұмыс беруші» арасындағы үшжақты ынтымақтастық мәселесін де қозғады. Осыған дейін өткен алғашқы Ұлттық жұмыс берушілер форумы бизнестің қарапайым еңбек адамына қамқорлық жасауға дайын екенін көрсетті. Алайда, келіссөздерді нәтижелі жүргізу үшін аймақтарға өз саласында заңды, беделді әрі күшті серіктес бола алатын бірлестіктер мен конфедерациялар қажет.

 

Бұдан кейін Павлодар облыстық үшжақты комиссиясының атқарған жұмыстары туралы «Павлодар облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова сөз сөйледі.

 

Оның айтуынша, бұл өңірде әлеуметтік әріптестік еңбек қатынастарын реттеудің күнделікті тетігіне айналған.

 

Халықты жұмыспен қамту және табыс деңгейіне тоқталған ол, аймақта жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайтынын, соған қарамастан кәсіпорындарде білікті мамандардың тапшылығы сезіліп отырғанын жеткізді.

 

«Облыста орташа айлық жалақы шамамен 449 мың теңгені құрайды, бірақ инфляцияның қысымы жұмысшылар табысының нақты сатып алу қабілетін төмендетіп жібереді. Біз жалақының қағаз жүзіндегі өсімін жұмысшылардың іс жүзінде сезіне алмай жатқанын көріп отырмыз. Бағаның өсуі салдарынан табыстың нақты құны түсіп жатыр. Сондықтан жалақыны индекстеу және жұмысшының нақты табысын қорғау мәселесі бүгінгі әлеуметтік диалогтың ең басты тақырыбына айналды», - деді Динара Айтжанова.

 

Кәсіподақ орталығының басшысы еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне де тоқталып өтті.

 

«Үшжақты келісім — бұл жай ғана құрғақ уәделер жиынтығы емес, бұл — ұжымдық шарттар арқылы тікелей кәсіпорындар деңгейінде орындалуы тиіс нақты құжат. Біз ірі өнеркәсіпті аймақта еңбекті қорғау мәселесі жалпылама сөздермен шектелмеуі керек дегенді алға тартамыз. Ол тараптардың нақты міндеттемелері жазылған жеке тарау болуы тиіс еді. Нәтижесінде біз құжатқа еңбек қауіпсіздігіне арналған арнайы бөлімді енгізуге қол жеткіздік», - деді ол.

 

Осы бөлім аясында өндірістік кеңестерді дамыту, техникалық инспекторларға қолдау көрсету және жарақаттанудың алдын алу шараларын күшейту міндеттері бекітілді.

 

Оның айтуынша, Павлодар облысында 881 өндірістік кеңес жұмыс істейді және еңбекті қорғау бойынша 1240 техникалық инспектор сайланған. Кәсіподақ орталығы бірқатар кәсіпорындарда осы техникалық инспекторлардың еңбегін материалдық тұрғыдан ынталандыруға қол жеткізді. Мысалы, “Богатырь Көмір” серіктестігінде ереже бұзушылықтарды анықтаған белсенді инспекторларға кемінде 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал Екібастұз ГРЭС-1 мен Павлодар мұнай-химия зауытында 10 АЕК-ке дейін қосымша ақы төленеді.

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин халықты өмірлік маңызды қызметтермен қамтамасыз ететін нысандардағы жұмысшылардың жалақысын өсіру мәселесіне ерекше тоқталды. Ол мемлекеттің тарифтік саясатындағы кез келген өзгеріс ең алдымен қатардағы жұмысшылардың әл-ауқатының жақсаруына тікелей әсер етуі тиіс екенін баса айтты.

 

Атқару комитетінің жиыны бұдан әрі «Еңбек адамын ұлықтау» республикалық медиабайқауын өткізу мәселесін қараумен жалғасты.

 

Бұл тақырып бойынша ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев баяндама жасады.

 

Ол бұл медиабайқауды өткізу — кәсіподақ қозғалысының ашықтығын арттыруға және оның қоғамдық әрі ақпараттық кеңістіктегі беделін нығайтуға бағытталғанын айтты. Бұл шара ҚРКФ-ның 2025–2030 жылдарға арналған «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, дамыту, инновациялар» атты іс-қимыл Стратегиясын жүзеге асырудың жүйелі бір бөлігі.

 

«Кәсіподақтар федерациясының 2025–2030 жылдарға арналған стратегиялық міндеттерін орындау аясында ақпараттық саясатты сапалы күшейту, медиа кеңістіктегі белсенділікті арттыру және қоғамға түсінікті заманауи кәсіподақ бейнесін қалыптастыру көзделіп отыр. Осындай жағдайда “Еңбек адамын ұлықтау” медиабайқауын өткізу — кәсіподаққа деген сенімді нығайтудың және қарапайым еңбек адамының қоғамдағы қадір-қасиетін арттырудың маңызды құралы болмақ», - деді Нұрлан Өтешев.

 

Талқылау барысында бұл медиабайқаудың ҚРКФ жұмысының ашықтығын көрсетуде маңызы зор екені айтылды.

 

«Өткен Жұмысшы мамандықтары жылында еңбекті дәріптеу және еңбек адамының мәртебесін көтеру бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Алайда, Кәсіподақтар федерациясы мен жалпы кәсіподақ қоғамдастығы үшін әрбір жыл — Жұмысшы мамандықтары жылы сынды өтеді. Әрине, біз бұл жұмысты ешқашан тоқтатқан емеспіз, міне 120 жылдан бері атқарып келеміз және болашақта да жалғастыруға ниеттіміз. Осы істердің бір айқын көрінісі — еңбек адамының абыройын асқақтату және жалпы қоғамдық санада еңбекке деген шынайы құрметті қалыптастыру», - деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

 

Атқару комитетінің жиынында сонымен қатар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесін 2026 жылдың 26 маусымында өткізу туралы шешім қабылданды.

 

ҚРКФ Төрағасының орынбасары Біржан Нұрымбетовтің хабарлауынша, алдағы жиында кәсіпорындарға жасанды интеллект жүйесін енгізу кезінде жұмысшылардың құқығын қорғау Стандартын қарау, сондай-ақ ҚРКФ жаңа жастар саясатының жобасын талқылау жоспарланып отыр.

 

Атқару комитетінің отырысын қорытындылай келе, Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ жұмысын заман талабына сай өзгертудің басты басымдықтарын тағы бір мәрте еске салды.

 

«Бүгінгі таңда біз жұмысымызды түбегейлі қайта құрудамыз. Біз үшін ең бастысы — еңбек адамы, оның мұңы мен мұқтажы. Сондықтан кәсіподақтар нақты нәтиже үшін жұмыс істеуі керек. Бұл ретте ең маңызды шарт — мәселеге дер кезінде үн қату. Әрдайым халықтың арасында болып, еңбек ұжымдарымен жиі кездесу қажет. Тағы бір негізгі бағыт — жастармен жұмыс істеу. Жастарды кәсіподаққа жай ғана тарту нәтиже бермейді. Жастар кәсіподақтың нақты пайдасы мен мән-мағынасын көргенде ғана келеді. Оларға жай ғана «тізімдегі кезекті орынды» емес, нақты рөл, шынайы жобалар беріп, шешім қабылдауға ықпал етуге және заманауи құралдарды пайдалануға мүмкіндік беруіміз керек. Тағы бір маңызды басымдығымыз — цифрландыру жүйесі. Біз Цифрлық трансформация тұжырымдамасын қабылдадық және 2030 жылға қарай жұмыстың ашықтығын, жылдамдығын әрі тиімділігін қамтамасыз ететін ортақ цифрлық жүйені құрамыз. Өндіріске жасанды интеллектіні енгізу кезінде жұмысшы құқығын қорғау Стандарты туралы мәселе де өте өзекті. Біздің сарапшылар бұл нормаларды әзірлеп шықты, енді оларды ұжымдық шарттарға міндетті түрде енгізу керек. Қазір кәсіподақтар уақыттан озып жұмыс істеуі қажет. Мен баршаңызды осы аталған басымдықтарды іске асыруға белсенді түрде атсалысуға шақырамын», - деп түйіндеді Сатыбалды Дәулеталин.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы